Ғасырлық мерейтой: Павлодар облысының әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерін құттықтады

Соғыс ардагері Мария Даниловнаның ғасырлық мерейтойына орай үйінің ауласында әскери гарнизон сарбаздары салтанатты шерумен өтіп, соғыс жылдарындағы әндер орындалды.
Мария Даниловна Павлодар облысының Воронцовка ауылында дүниеге келген.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ол жараланған сарбаздарға күтім жасауға көмектеседі.
Мария Даниловна Отан соғысы, Жуков ордендерімен, “Ерлігі үшін”, “Жауынгерлік еңбегі үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталған.
Асайын Байханов ардагерді құттықтап, жылы лебізін білдіріп, иығына қамзол жауып, гүл шоқтарын табыстады.
- Мен Сізді ерекше ардақтап, айрықша құрметтеймін. Сіздің ерлігіңіз, еңбекқорлығыңыз бен отансүйгіштігіңіз жас ұрпаққа әрдайым үлгі! – деді облыс әкімі.
Ғасыр жасаған ардагер өзін назардан тыс қалдырмай, жылы лебізін білдірген құттықтаушыларға алғысын айтты.
- Отанды сүйіңдер! Оны қорғаңдар! Баршамызға тек амандық тілеймін! – деді ардагер.