Әбілқайыр Сқақов азаматтарды қабылдады

Облыс тұрғындары Екінші Павлодар мөлтек ауданында инфрақұрылымды дамыту және үкіметтік емес ұйымдар қызметі жөнінде сұрақ жолдады.
Екінші Павлодар мөлтек ауданының тұрғыны, Чернобыль апатының ардагері Бекболат Нығмановты Дальневосточная көшесінде кәріз жүйесінің жоқтығы қынжылтты. Осыған дейін ол қала әкімдігіне көмекке жүгінген, алайда, Чернобыль ардагерінің сөзіне қарағанда, мәселе сол күйінде жылдар бойы шешілмей келеді.
Өңір басшысы инженерлік коммуникацияларды тартуды қала әкімінің тікелей жауапкершілігіне артты.
—Жобаның жүзеге асырылуына қажет бюджеттік өтініш алдағы уақытта мақұлданады, — деді Әбілқайыр Сқақов. — Жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтті. Келесі жылы Дальневосточная көшесі тұрғындарының проблемасын шешуді бұйырамын.
Сонымен қатар, облыс әкімі «КЕО мектебі» ЖК басшысы Елена Кисанова мен «Павлодар отбасы және балалары» ҚБ төрайымы Гүлмира Құрманғалиеваны да қабылдады. Қоғам қайраткерлері «ArtSport» аясындағы спорт және шығармашылық үйірмелердің әрі қарай қызмет ету жүйесінің дамуын сұрастырды.
— Біз Баянауыл, Успен, Павлодар аудандары, Ақсу ауылдық аймағы мен Павлодарда жұмыс істедік. Алайда порталдың жабылуына байланысты ваучер ала алмадық, — деді қоғам қайраткері.
Естеріңізде болса, бұл бағдарлама былтырдан бері іске қосылған еді. Бірақ 2022 жылдың көктемінде оның қызметі Қазақстан аумағында уақытша тоқтатылды.
- Порталда қызмет көрсетушілердің жалған есеп берулері анықталды. Бұл мәселені шешу мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ережелерге өзгеріс енгізді, — деп түсіндірді Әбілқайыр Сқақов. — Келесі жылдан бастап бұл бағдарлама бойынша қаржыландыруды екі есеге арттырамыз.
Облыс әкімі «ArtSport» бағдарламасынан бөлек, облыстың барлық мектептерінде тегін шығармашылық және спорт үйірмелері бар екендігін ескертті, дегенмен, республикалық бағдарламаның жүзеге асырылуы тоқтатылмайтынын, бөлінген ваучерлердің құны өтелетінін жеткізді.
Әбілқайыр Сқақов құзыретті басқармалар басшыларына осы бағыта тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын өткізуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев