Павлодар облысының әкімі республикалық референдумде дауыс берді

Павлодар облысының әкімі республикалық референдумде дауыс берді

Облыс аумағындағы барлық 528 сайлау учаскелері өз жұмысын таңғы сағат жетіден бастады. Аймақ басшысы С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапханада орналасқан №15 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Облыс әкімі республикалық референдум - ел тарихындағы маңызды оқиға екенін атап өтті. Ол жоғары азаматтық позициясымен танымал Ертіс өңірінің тұрғындары жалпыхалықтық дауыс беруге белсенді қатысатынына сенім білдірді.

- Бүгін еліміздің саяси тарихында ерекше оқиға өтіп жатыр, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер еліміз үшін аса маңызды. Тарихшылар мен болашақ ұрпақ мемлекетіміздің басты заңына енгізілген түзетулерге оң бағасын береді деп ойлаймын.

Облыс орталығының он сегіз жасар тұрғыны Ілияс Ибрагимов дауыс беруге алғаш рет қатысып отыр.

- Мен Павлодар экономикалық колледжінде «Маркетолог» мамандығына оқып жатырмын, - деді Ілияс Ибрагимов. - Отанымыздың азаматы ретінде республикалық референдумге қатысуды өзімнің парызым деп санаймын.

Учаскелік комиссияның төрағасы Ғалым Шаймарданов Ілиястың өміріндегі маңызды сәтті есте қалдыру үшін оған фотосурет салатын жиектеме сыйлады.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев және Құндыз Қабылденова