Успен ауданында жергілікті сиыр етінен стейктер шығару жоспарланып отыр

Успен ауданында жергілікті сиыр етінен стейктер шығару жоспарланып отыр

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жұмыс сапарымен Успен ауданының ауылдарына барды.

 

Аудан орталығындағы алғашқы нысан - күнбағыс майын өндіретін зауыт болды. "Галицкое" ЖШС директоры Александр Касицынның айтуынша, кәсіпорын 2016 жылы іске қосылған және күніне 1,5 тонна тазартылмаған күнбағыс майын өндіреді. Мұнда май пластикалық бөтелкелерге құйылып, аудан, облыс орталығының дүкендерінде, тіпті астанада сатылады.

Өңір басшысы бірінші кезекте тұтынушыны өніммен қамтамасыз ету қажеттігін, содан кейін ғана сыртқы нарықтарға жеткізуге болатынын атап өтті. Бұл тәсіл негізгі тамақ өнімдерінің бағасын ұстап тұруға көмектеседі.

 

Бұдан кейін Александр Касицын өз шаруашылығын дамытудың перспективалық жоспарларын ұсынды. Алдағы уақытта 70 гектар суармалы жерге сәбіз егіліп, сыйымдылығы алты мың тонна көкөніс қоймасы салынады. 

 

Сонымен қатар, жақын арада "Галицкое" ЖШС қазақтың ақбас сиырының етінен жасалған стейктер мен басқа да жартылай фабрикаттар өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Жергілікті шаруашылықта ақбас сиырдың үш мыңға жуық басы бар. Бұл өндіріске қажетті жабдықтар сатып алынуда. Әкім бұл бастаманы қолдады.

 

- Елдегі ірі қара малдың ең жақсы тұқымдарының біріне ие бола отырып, оны қайта өңдеу жоспарында пайдаланбау дұрыс болмас еді, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. - Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға бағытталған бастамаларды жан-жақты қолдауға тиіспіз. Бұл жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді және нарықты өз өнімдерімізбен қанықтырады.

 

Бұдан кейін аймақ басшысы "БИК" ШҚ егіс алқаптарында болып, көктемгі тырмалау барысымен танысты. Успен ауданы биыл 273 мың гектар жерге дақылдар егуді жоспарлап отыр, оның 143 мыңы дәнді дақылдарға, 60 мыңы майлы дақылдарға тиесілі. Егіс кезінде 907 трактор, 37 егіс кешені іске қосылады.

 

Аудандық шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуде Әбілқайыр Сқақов шаруаларға негізгі мақсаттарды белгіледі.

 

- Басты міндет - көктемгі дала жұмыстарын өте ұйымдасқан түрде жүргізу, - деді ол. - Қазір ең бастысы - оңтайлы агротехникалық мерзімдерді ұстану болып табылады.

 

"БИК" ШҚ аралау кезінде шаруашылық басшысы Қуаныш Баймағамбетов 500 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу жобасын таныстырды. Жобаның құны үш миллиард теңгеден астам, бұл соманың 70 пайызы "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның қарызы есебінен қаржыландырылатын болады. Болашақта Нидерланд технологиясы бойынша сүт зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Оның ерекшелігі - сүт өндірісінің экологиялық компонентін толықтай автоматтандыру және 3-4 есе арттыруда болып отыр. 

 

Аудан орталығында өңір басшысы 2021 жылы "Заманауи мектеп" бағдарламасы бойынша жөнделген №3 орта мектепте болды. Мұнда 176 бала оқиды. Жаңғырту бағдарламасының арқасында ауыл балалары қалалық деңгейде білім алуға мүмкіндік алды. Әбілқайыр Сқақов мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, олардан қазіргі жасөспірімдер қандай кітаптарды оқып жатқанын сұрады.

Мектепте әкім Әбдімомын Желдібаевтың "Ерке сылқым" күйін орындаған домбыра ансамблінің өнерін тамашалады. Ансамбль түрлі байқауларда жеңіске жеткен. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен ауданның музыка мектебі еліміздің үздік шеберлерінен 14 жаңа домбыра сатып алды. Қазір аудан орталығындағы домбыра сыныбында 120 адам білім алады. 

 

Сондай-ақ, мектептің мәжіліс залында жас мұғалімдермен кездесу өтті. Мұғалімдер өз ойларымен, қажеттіліктері мен ұмтылыстарымен бөлісті. Жастармен әңгімелесу барысында облыс әкімі колледждер мен жоғары оқу орындарын бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағыттау қажеттігіне ерекше назар аударды. 

 

Сонымен қатар, аймақ басшысы Успен ауданының тарихи-өлкетану мұражайында болды. Мұражай 1956 жылы салынып, 2021 жылы жөндеуден өтті. Әбілқайыр Сқақов ауданның тарихы туралы дәріс тыңдап, Кеңес Одағының Батыры Максим Милевскийдің ұрпақтары Людмила Романовскаямен және оның қызымен танысты. Успен ауданындағы алғашқы шаруа қожалығын ұйымдастырушы Тойкен Айтқожиновтің шөбересі Индира Тойкенова өзінің әулеті туралы айтып берді.

Жұмыс сапарының барысында Әбілқайыр Сқақов тыл еңбеккері Ольга Кожемякинаның үйінде қонақта болды. Ольга Павловнаның жасы 97-де, алайда ол әлі тың, газет оқиды және биліктің әрекетін бақылап отырады. Облыс әкімі ардагермен емен-жарқын әңгімелесіп, кейуанаға мықты денсаулық тіледі.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі 

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев