И. Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы 75-жылдығын атап өтті

Облыстың ең танымал шығармашылық ұжымдарының бірі республикалық және өңірлік наградалармен марапатталды.
Мерейтойлық салтанатты жиын Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті. Шығармашылық ұжымды Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов құттықтады. Өңір басшысы филармонияның мәдениетті дамытудағы маңызын атап өтіп, оның қызметкерлеріне жаңа жетістіктер тіледі.
- Музыканың құдіреті, ұжымның еңбегі мен көрермендердің ықыласының арқасында И. Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы бүгін өзінің мерейтойын ел көлемінде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде танымал ұйым ретінде қарсы алып отыр, - деді ол. - 75 жыл ішінде филармония павлодарлықтардың бірнеше ұрпақтарына отандық мәдениеттің көрнекті қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдарының өнерімен сусындауға мүмкіндік берді. Көрермендер Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев және басқа да қазақ мәдениетінің мэтрлерінің концерттерін тамашалады. Филармонияның концерттерін ұйымдастыру деңгейі жыл сайын артып келеді, ал, шығармашылық ұжымдар өңіріміздің мәдени дәстүрлерін сақтап келеді. Ең бастысы, филармонияның тыңдармандарына бұл зор қуаныш сыйлайды.
Филармонияның мерейтойына орай оның қызметкерлері түрлі марапаттарға ие болды. Джаз оркестрінің әртісі Кира Шейкина мен «Лад» орыс халық аспаптары ансамблінің көркемдік жетекшісі Оксана Петрушкина «ҚР Мәдениет саласының үздігі» ведомстволық төс белгісімен марапатталды. Дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаевқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталды. Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің әртісі Ризолла Садықов, камералық хор әртісі Гүлмира Әлжанова және симфониялық оркестрдің әртісі Александр Мастабаев Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Аймақ басшысының Алғыс хатымен симфониялық оркестрдің әртісі Константин Арсланов пен дәстүрлі әнші Сәуле Мүсіпова марапатталды.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы филармонияның тыңдармандарына сәлем жолдады. Мерейтой иелерін филармонияның бұрынғы директорлары Владимир Линчевский мен Виктор Каммерцель құттықтады. Қазіргі кезде басқа қалалар мен шет елде тұратын ардагерлер өздерінің ісін жалғастырушыларға бейнеқұттықтау жолдады.
Филармония әртістері өз тыңдармандарының назарына мерекелік концерт ұсынды. Сахнада «Шернияз» және «Нұр» би ансамбльдері, «Ретро» және «Samiyan» вокалдық ансамбльдері, камералық хор, «Лад» орыс халық аспаптар ансамблі, джаз оркестрі мен филармония солистері өнер көрсетті. Опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов екі ұжымның - Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
И. Байзақов Павлодар облыстық филармониясының тарихы мен концерттік қызметімен www.filarmonia-pavlodar.kz сайттында танысуға болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев