Павлодарлық «Жасыл ел» жасағы кезекті еңбек маусымын тәмамдады

Павлодарлық «Жасыл ел» жасағы кезекті еңбек маусымын тәмамдады

Биыл жастардың «Жасыл ел» еңбек отрядтарында 2,2 мың сарбаз жұмыс істеді. Олар қала аумағын абаттандыру, «Достық» және «Сарыарқа» шағын аудандарындағы құрылыс алаңдарындағы әне т.б. жұмыстарға қатысты.  Жасыл елдіктер маусымның нәтижелерін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қатысуымен қорытындылады.

  

Өткен маусым «Жасыл ел» штабының сарбаздары үшін 17-ші еңбек маусымы болды. 2005 жылдан бері еңбек жасақтарында отыз мыңнан астам адам тәжірибеден өтті. «Жасыл ел» сарбаздарына арнаған сөзінде аймақ басшысы оларға жауапты еңбектері үшін алғыс айтты.

 

- Сіздер біздің өңірімізде дүниеге келген «Жасыл ел» жасағын ірі еңбек қозғалысына айналдырып түрлі салада жұмыс жасау арқылы күн сайын қоршаған ортаны өзгертудесіздер, - деді ол. – Көптеген сарбаздар Қазақстан электролиз зауытының, жіксіз құбыр шығаратын кәсіпорынның, Усолка және облыс орталығындағы басқа да жаңа шағын аудандардың құрылысына қатысты. Жасақтағы жұмыс арқылы сіздер өмір мектебінен өтіп жатырсыздар. Бұл тәжірибе әр сарбаздың төлқұжаты мен портфолиосының бір бөлігіне айналады.

 

Кезекті еңбек маусымының қалай өткені туралы «Жасыл ел» облыстық штабының басшысы Русана Самекова айтып берді. Биыл жасақтарға 1120 ЖОО студенттері, 600 колледж білім алушылары, 400 мектеп оқушысы мен 80 жұмыссыз жастар қабылданды. Сарбаздардың орташа жалақысы 72 мың теңгені құрады. Жасыл елдіктер 70 гектар аумақты тазартып, 40 тонна қоқыс шығарды, ағаштар мен гүлдер отырғызды.

 

- Соңғы үш жыл қатарынан біздің штаб еліміз бойынша үздік атанып келеді, - ддеп атап өтті Русана Самекова. – Біздің сарбаздар мен командирлердің жұмысының тиімдіділігін көрсеткендіктен бұл біз үшін  үлкен мақтаныш. Биыл біз негізгі үш блок: экология және абаттандыру, құрылыс және реконструкция, шығармашылық және бос уақытты ұйымдастыру бойынша еңбектендік.     

 

Маусымның қорытындысы бойынша үздік жасыл елдіктер бірнеше номинация бойынша марапатталды. Торайғыров университеті колледжінің өкілдері үздік еңбек отряды атанды. Екібастұз еңбек отрядының командирі Асқар Қуанышбеков «Үздік ерікті» деп танылды. Монтаждау колледжінің студенті Эльмира Қабдылманова мен Ақтоғай еңбек отрядының командирі Талғат Қабиденов «Үздік командир» номинациясында жеңіске жетті. Май аудандық еңбек отрядының өкілі Аяулым Сағындық, Павлодар экологиялық тобының мүшесі Арай Мұхаметжанова және Павлодар еңбек отрядының  қатысушысы Айбек Ғазиз «Үздік сарбаз» номинациясында жеңіске жетті. Ақсу еңбек отряды үздік онлайн-штаб деп танылса, Тереңкөл ауданының аумақтық штабы «Үздік штаб» номинациясында дара шықты.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев