Павлодар облысының мектептерінде кәсіби бағыттаушылар қызмет етеді

Павлодар облысының мектептерінде кәсіби бағыттаушылар қызмет етеді

Павлодар облысының жаңа мамандықтарының атласының тұсаукесерінде оқытудың бастапқы кезеңінде кәсіби бағыттаудың маңыздылығы туралы айтылды. Жобаның жетекшісі, білім беру саласындағы танымал қазақстандық сарапшы Саясат Нұрбек хабарлағандай атласты құру үшін екі мыңнан астам түрлі саланың мамандары тартылып, аймақтағы өндірістердің екі мыңға жуық технологиялық тізбектері зерттелді. Құжатқа алдағы 5-10 жыл ішінде сұранысқа ие болатын 40 жаңа мамандық енгізілді. Мамандардың пікірінше бұл мамандықтардың он төрті бойынша оқытуды жақын арада бастауға болады.

 

- Бес мамандық бойынша Торайғыров университетімен және бірнеше колледжбен бірлескен «пилоттық жобалар» әзірленді, - деді Саясат Нұрбек. – Біз ірі кәсіпорындардың әзірлігін тексеріп, өңір деңгейінде осы мақсаттарға бағытталған мемлекеттік білім беру тапсырысын түзету бойынша ұсыныстарымызды енгіздік. Оқытудың жаңа эксперименттік бағдарламаларын осы жылдың өзінде іске қосуға болады. Жаңа мамандықтар атласы өңір экономикасының қажеттіліктерін сараптап, олардың алдағы 3-5 жыл ішіндегі болжамын жасауға және білім беру жүйесін кадрларды даярлаудың озыңқы моделіне қарай құруға мүмкіндік береді. Егер, бірнеше жылдан соң белгілі бір бейін мамандарына қажеттілік туындаса, оларды қазірдің өзінде даярлау қажет.

 

Еңбек нарығы қалай қалыптасатыны туралы толық түсінік болу үшін жасөспірімдердің арасында тұрақты негізде бақылау үзіктерін өткізу қажет. Сарапшылар осы мақсаттарға жету үшін Павлодар облысының мектептерінде диагностика жасау және кәсіби бағыттау бойынша пилоттық жоба енгізуді ұсынды. Компания әр оқу мекемесі үшін кәсіби бағыттаушылар даярлауға әзір. Бұл жұмыстың негізінде құзыретті органдар жоғарғы сынып оқушыларының қызығушылықтары, олардың туған өңірде қалуына байланысты жоспарлары, жоғарғы білім алуға деген ынтасы туралы сараптамалық материалға ие болады. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов ұсынысты қолдайтынын айтып, мектептердегі кәсіби бағыттау саласында кәсіби мамандар жұмыс істеу керектігін айтты.

 

- Әр кәсіби бағыттаушы өзі қызмет ететін мектепте «өзгерістер елшісіне» айналады, - деді облыс әкімі. – Бұл жұмысты балалармен қарым-қатынас құрып, жасөспірімдермен әрекеттесуге бейім мамандар атқаруы тиіс. Қажетті адамды бірден табу мүмкін еместігін есепке алуымыз керек. Сондықтан кәсіби бағыттаушыларға қойылатын нақты талаптар қажет. Кәсіби бағдарлаумен өз ісінің мамандары айналысқанда ғана сапалы нәтижеге қол жеткіземіз.

 

Жаңа мамандықтар бойынша жұмысты келесі айдан бастау жоспарланып отыр. Еске салайық, Павлодар облысы - еліміз бойынша өңір экономикасына қажетті мамандарды даярлау мәселесін шешуге бағытталған жергілікті атласты құрастырған алғашқы аймақ.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев