Павлодар облысында пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару жалғасып жатыр

Қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшысы Арман Бекбосыновтың айтуынша, 2021 жылдың басында Павлодар облысында пайдаланылмаған 480 мың гектар ауылшаруашылық жерлері болған. Соңғы алты айда 92 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, тағы 44 мың гектарда жер игеру басталып кетті. Бүгінгі күні облыста 340 мың гектардан астам жер немесе ауылшаруашылығы жерлерінің 5% пайдаға асырылмай тұр.
- 2021 жылдың қаңтарынан бері жер қатынастары бөлімдері жер салығының 10 еселенген мөлшерлемесін қолдану үшін 92,4 мың гектар алқап бойынша ақпарат берді, - деді Арман Бекбосынов облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде. - Тағы бір тиімді әдіс – жерді мақсатына сай пайдаланбай немесе мүлдем пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту. Сондай-ақ, біз жер-жерде ҚР Әкімшілік кодексінің 802-бабын тәжірибе жүзінде қолдануды және бұзушылықтар туралы материалдарды тексерусіз жіберуді ұсынамыз.
Арман Бекбосынов банктер немесе басқа қаржы ұйымдары ұзақ жылдар бойы кепілге қойып, экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып қалған жерлердің жағдайы туралы да айтты. 2020 жылы айналымға осындай жерлердің 22 мың гектары, ал 2021 жылдың басынан бастап 23,7 мың га қайтарылды. Жыл соңына дейін қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы кепілдікте тұрған 38,3 мың гектар жердің қалған бөлігін тағы жартылай қысқартуға ниетті.
- Жергілікті әкімдер үшін бұл міндет басымдыққа ие болуы тиіс. Алайда жер алқаптарын мүлік ауыртпалықтарынан жай босату жеткіліксіз. Жердің кәсіпкерлікпен айналысатын иесі болғаны маңызды, - деді аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаев суармалы жерлерді пайдалануға беру қарқыны туралы айтты. Бүгінгі күні облыста 126,8 мың суармалы жер бар.
- 2021 жылы суарылмайтын жерлерді азайту есебінен суармалы жерлердің аумағын 9 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр, - деді спикер. - Сонымен қатар, облыстағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің 23,8 мың гектар жерді суарылатын алқаптар қатарына енгізуді көздейтін жалпы құны 20 миллиард теңгеден асатын 14 жоба бар. Қаржыландыру болса, 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын бірден 195 мың гектарға дейін ұлғайтуға болады.
Руслан Дәуітбаев ауылдық округ әкімдерінің тұрғындардың малдарын жаюға қажетті жерлерді үнемі ұйымдастыра алмайтынын атап өтті. Көбінесе, мәселе тіпті жердің жоқтығында емес, жергілікті басшылардың бұл жұмысты заңды түрде қалай рәсімдеу керектігін білмеуінде. Әбілқайыр Сқақов ауыл әкімдеріне жер ресурстарымен жұмыс істеу бойынша қажетті нұсқаулар беруді тапсырып, олардың ауылдағы жерлердің ұтымды пайдаланылуы үшін жауапты екендерін ескертті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті