Вакцинация қарқыны COVID-19 вирусына қарсы күрес жөніндегі аймақтық штаб отырысында талқыланды

Вакцинация қарқыны COVID-19 вирусына қарсы күрес жөніндегі аймақтық штаб отырысында талқыланды
Вакцинация науқанының қарқыны, ұжымдық иммунитетке жету көрсеткіштерінен әлде де төмен деңгейде қалып отыр.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Арыстанова коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін аймақ тұрғындарының кем дегенде 60%-на, яғни 450 мыңнан астам адамға вакцина егу қажет екенін еске салды. Бүгінгі күні вакциналардың бірінші компонентімен өңір тұрғындарының 22,5%, ал екінші компонентімен 14,6% егілген.
Жиналысқа қатысушылар еңбек ұжымдарындағы индикаторларға жеке тоқтала отырып, кейбір кәсіпорындарда әлі күнге дейін жұмыскерлер құрамының тек болмашы бөлігі ғана вакцинациядан өткенін атап өтті. Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС шамамен 10% қызметкер вакцина алса, «Ертіс Орманы» қорығында 400 жұмыскердің тек бірнешеуі ғана егілген.
- Біз адамдардың вакцинацияға өздігінен келуін күтпей, оларға жағдай жасауымыз керек, - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. - Коронавирус мутацияға ұшырап, Ресей Федерациясында ауыр асқынуларды тудыратын «Delta» штамы анықталып жатыр. Сондықтан біз адамдарға вакцина егуге ынталандыру жүйесіне жүгінуіміз керек.
Осындай ынталандырудың оң мысалы ретінде «Алюминий Казахстана» АҚ тәжірибесі аталып өтті. Компанияның COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны қабылдаған қызметкерлерінің еңбек демалыстарына бір күн қосылған. Сонымен қатар, Баянауыл ауданындағы «Kristall» демалыс аймағы вакцинацияланған зауыт жұмыскерлеріне немесе соңғы алты айлық кезең бойы вирусқа антиденелері бар адамдар үшін ашық болмақ.
Әбілқайыр Сқақов вакцинация мәселелерін түсіндіру барысында формализмнен бас тартуды тапсырып, жергілікті басшылардың жеке жауапкершілігі жөнінде айтты. Бір аптадан кейін, COVID-19 вирусына қарсы күрес жедел штабының отырысында вакцинация науқанының аралық нәтижелері қайта қаралмақ.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті