Облыстық әкімдікте оқу жылының аяқталуына байланысты мәселелер талқыланды

Павлодар облысының әкімдігінде өткен кеңесте оқу жылының қорытындылары және жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, Павлодар облысында 9-сынып бітіргендердің қорытынды емтихандары 28-мамыр мен 5-маусым аралығына жоспарланған. 11-сынып бітіргендерге арналған мемлекеттік қорытынды емтихандар 1–10 маусым аралығында өткізіледі.
- 12–14 маусым аралығында түлектерге сертификат табыстау рәсімі өтеді, - деді басқарма басшысы. – Ашық жерде өткізілетін іс-шараларға қатысатындардың саны шектеулі. Сонымен бірге салтанатты кештер өткізу, оларға аниматорларды, демалыс агенттіктері мен жеке студияларды тарту, мерекелік дастархандар жаю, жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қалада серуендеу экскурсияларын, мейрамханалар мен кафелерде, басқа ойын-сауық мекемелерінде мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға жол берілмейді.
Биыл ҰБТ-ге өтініш берген түлектер тесттерді электронды форматта тапсырады. ҰБТ «бір тест тапсырушы – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы үш пунктте, 6 мамыр күні басталып, 30 маусымға дейін өткізілмек.
- Биыл аймағымызда 11 сыныпты 4483 адам бітірді, 3811 адам ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр, - деді Дінислам Болатханұлы. - 1474 түлек сынақтан өтіп те үлгерді. Соңғы үш жылда ҰБТ тапсыруға ниет білдірген түлектер санының өсуі байқалғанын айта кеткен жөн: 2019 жылы – 77,1%, 2020 жылы – 81,2%, ал 2021 жылы – 85%.
Жазғы демалыс жайын қозғар болсақ, бүгінде білім басқармасы оның үш форматын қарастырған: дәстүрлі, қашықтық және аралас. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанса, ұйымдастырылған демалыс шаралары 106 мыңнан астам мектеп оқушысын қамтымақ.
- Эпидемиологиялық ахуал сәтті болса, біз әртүрлі бағыттағы 750-ге жуық лагерді, оның ішінде 300 мектеп лагерлерін және 400-ден астам мамандандырылған мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарында лагерлерді іске қосуға дайынбыз, - дед Дінислам Болатханұлы. - Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бес арнайы білім беру мекемесінің негізінде толық күндік демалысы бар мектеп лагерлері, сондай-ақ, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің негізінде 13 жазғы алаң ұйымдастырылады.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов балалар үшін қалалардың сыртында ұйымдастырылатын 12 лагердің дайындығына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті: олардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі мұқият тексерілуі тиіс.
- Жаз мезгілі – шомылу маусымы және өрт көп болатын уақыт, - деді әкім. - Біздің міндетіміз – су мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жазғы демалыстың «онлайн» нұсқасы ата-ананың баласының күн тәртібін жоспарлауға мүмкіндік береді. Мектеп оқушылары үшін тегін онлайн-курстар: музыкалық аспаптарда ойнау, тақырыптық қызығушылық дәрістер, шығармашылық кездесулер, мұражайларға виртуалды экскурсиялар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ.
Жаңа оқу жылының басында білім жүйесінің қызметкерлері мектеп қауіпсіздігін күшейтуі тиіс. Әбілқайыр Сқақов мектептердегі бейнекамераларды полицияның бақылауына қосу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Мұндай тәжірибе Тереңкөл және Железин аудандарында бар. Сонымен қатар, білім беру мекемелері төтенше жағдайлар қызметтерін шақыру үшін «дабыл түймесімен» жабдықталуы қажет.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті