Павлодардағы жылу желілеріндегі апаттың себептерін тәуелсіз сарапшылар да тексеретін болады

Павлодардағы жылу желілеріндегі апаттың себептерін тәуелсіз сарапшылар да тексеретін болады

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өткен жұма, 27 қараша күні жылу желілерінде орын алған жарылу мәселесі бойынша кеңес өткізді.
 
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпараты бойынша, 27 қараша күні оңтүстік жылу желісінде апат болғаннан кейін осы ауданда орналасқан 440 тұрғын үй бірден үшінші жылу электр орталығына қосылды.
-Жылу желілеріндегі апаттың салдары жойылып, жүйе іске қосылғаннан кейін бірінші жылу электр орталығында тағы екі жердің зақымдалғаны анықталды. Осыған байланысты үшінші ЖЭО-на уақытша қосылған нысандарды бірінші ЖЭО-на кері ауыстыру жұмыстары 28 қарашада сағат 18:00-ге дейін созылды. Мониторинг аясында жылумен жабдықтауды іске қосуды бақылау үшін 44 көп қабатты үй таңдалып, онда әр алты сағат сайын жылу параметрлері өлшеніп жатыр. Алайда, 21 көп қабатты үйде жылу беру деңгейі әлі төмен. Жалпы, тұрғын үй инспекциясы бөлімі жылу желілерінің өкілдерімен бірге температуралық режимді реттеумен айналысып, ПИК-термен барлық мәселелерді пысықтап жатыр,-деп хабарлады Павлодар әкімі Ержан Иманслям.
 
«Павлодарэнерго» АҚ басшысы Олег Перфилов атап өткендей, апат орын алған жылу желілері учаскесінде екі рет гидравликалық және бір рет температуралық сынақтар жүргізілді.
 
- Тергеу нәтижелері оқиғаның себептерін көрсетеді. Олардың негізінде жағдайдың тағы қайталануын болдырмайтын шаралар қабылданатын болады, - деп сендірді ол.
 
Қазір оқиға себептерін анықтау үшін энергетикалық қадағалау, төтенше жағдайлар және басқа да органдар жұмылдырылды. Өңір басшысы бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшыларды тартуды тапсырды.
 
Сонымен қатар әкім павлодарлықтардың үйлеріндегі жылудың жеткіліксіздігіне қатысты шағымдарын мұқият әрі жедел қарауды талап етті.
 
- Подъездер, үйлер бойынша жауаптылармен, ПИК қызметкерлерімен жүргізілетін жұмыстардың барлығы қайда? Әлі қатты аяз болған жоқ. Температура 40-тан төмен түскен кезде не істейсіздер? Біздің барлық ұйымдар ішкі талдау жүргізіп, өздері үшін қорытынды шығаруы тиіс, - деп тапсырды Әбілқайыр Сқақов.
 
Өңір басшысы төтенше жағдайға байланысты жылу жағынан проблема болған тұтынушыларға коммуналдық қызметтерге деген төлемақыны қайта есептеуді талап етті. Павлодарэнерго» АҚ басшылығы мұны міндетті түрде орындайтынын айтты.
 
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев