Әуе шабуылы

Павлодар қаласында Ертіс өзенінің аңғарын масаға қарсы ауадан улау жұмыстары басталды.
«Бактицид» биологиялық препараты тиелген АН-2 ұшағы 11-ші мамыр күні таңертеңмен әуеге көтерілді.
– Алғашқы авиаөңдеу жұмыстары 7-8 мамыр күндеріне бекітілген еді. Алайда, желдің қатты болуына байланысты ғылыми топ мүшелері бұл жұмыстарды кейінге шегеруді ұсынды, – дейді «Фитосанитария» РМК облыстық филиалының бас маманы Иван Кисиль. – Егер алдағы уақытта ауа райы синоптиктердің болжамына сәйкес тымық болса, бұл жұмыстарды 2-3 күннің ішінде аяқтайтын боламыз. Біз Павлодар қаласы бойынша 14150 гектар, ал Ақсу қаласы бойынша 2600 гектар аумақта препаратты сеуіп шығуымыз керек.
Ғылыми топ өкілдерінің айтуынша қазіргі кезде масаның дернәсілдері өзінің дамуының екінші кезеңінде екен.
– Яғни, үшінші кезеңде болатын қуыршақтардың қалыптасуына дейін біраз уақыт бар, – деп түсіндірді ғылыми топтың биолог-энтомологы Әнуар Алшин. – Күн сайын біздің топ Ертіс аңғарын зерттеп, Кенжекөл мен Павлодарское ауылдарының аралығындағы аумақты бақылауда ұстап тұр.
Мамандардың айтуынша, өңдеу жұмыстары аяқталған соң, оның тиімділігін анықтау басталады. Барлық бақылау пункттері белгіленді.
Айта кету керек, масаны улау жұмыстары 20-шы сәуір күні басталған еді. Сол кезде Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында суағар жүйелері мен шағын суларды өңдеу басталған еді.