Баянауыл ауданының әкімі аудан тұрғындарының коронавирустан қалайша аман жүргенін айтты

Ertis телеарнасында дәстүрлі «Әкім сағаты» бағдарламалары жалғасуда, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы жолы телеарна студиясының қонағы Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов болды.
Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда ауданда COVID-19 жұқтырудың бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ.
- Бұл бірінші кезекте біздің тұрғындармен өткізген ауқымды профилактикалық жұмысымыздың арқасы, - дейді Қанат Кәрімов. – Халықтың бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуі, олардың ауданнан ұзап шығуы мен жұрттың жиналатын іс-шаралардың санын барынша қысқартуға күш салудамыз. Барлық ауылдық округтерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың орындалуын қадағалайтын мониторингтік топтар да өз үлесін қосуда.
Қанат Кәрімов ақпарат жеткізгендей, ауданға кіру немесе одан шығуға тыйым салынбаған. Дегенмен, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға қажет болмағанда аудан аумағынан шықпау туралы тұрақты түрде ескертулер жарияланады.
Қанат Кәрімов 1964 жылы Баянаул дүниеге келген. 1986 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын тәмамдаған. Жалпы еңбек өтілі 30 жыл. Мемлекеттік қызметте 15 жыл жұмыс істеуде. 2012 жылы Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы, 2015-2016 жылдары Алматы зоопаркінің директоры, 2019 жылы 6 желтоқсаннан Баянауыл ауданының әкімі болып тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысы эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл аймаққа» енді. Ірі қалалар айналасында блокпостар орнатылып, азық-түлік дүкендері 22:00-ге дейін, ірі сауда орталықтары 22:00-ге дейін, азық-түлік емес дүкендер 18:00-ге дейін, барлық базарлар 18:00-ге дейін жұмыс жасайтын болды.
Айбек Жұматов