Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар өткізуге құқылы.
Митингілерді, пикеттерді және басқа да бейбіт жиналыстарды өткізу хабарлама беру тәртібімен, жергілікті атқарушы органмен келісу арқылы жүзеге асырылады.
Ол үшін іс-шара өтетін жер бойынша әкімдікке өткізу күніне дейін кемінде 5 жұмыс күні бұрын хабарлама (өтініш) беру қажет.
Хабарламада келесі мәліметтер көрсетіледі:
- іс-шараның мақсаты;
- нысаны (митинг, пикет және т.б.);
- өткізу орны, күні және уақыты;
- қатысушылардың болжамды саны (алаңның мүмкіндігіне сәйкес болуы тиіс);
- ұйымдастырушы туралы деректер (тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері және байланыс мәліметтері).
Іс-шаралар әкімдік айқындаған мамандандырылған орында өткізіледі.
Арнайы белгіленген орындардың тізімі:
- әкімдіктің ресми сайтында;
- тиісті өңірдің gov.kz интернет-ресурсында жарияланады.
Сондай-ақ ақпаратты тікелей әкімдіктен нақтылауға болады.
Әкімдік митинг немесе пикет өткізу туралы хабарламаны қарап, оны алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде шешімін хабарлайды.
Әкімдік келесі жағдайларда келісім беруден бас тартуға құқылы:
- көрсетілген орын рұқсат етілген орындар тізіміне кірмесе;
- таңдалған уақыт басқа іс-шарамен сәйкес келсе;
- толық емес немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынылса;
- іс-шараның мақсаты Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келсе;
- қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төнсе;
- хабарлама беру мерзімдері сақталмаса.
Мысалы, Павлодар қаласының тұрғыны аула аумақтарын абаттандыру мәселесі бойынша пикет өткізгісі келеді.
Ол алдын ала әкімдіктің сайтына немесе gov.kz порталына кіріп, бейбіт жиналыстар өткізуге арналған арнайы белгіленген орындардың тізімін қарайды және өзіне қолайлы алаңды таңдайды.
Содан кейін ол әкімдікке кемінде 5 жұмыс күні бұрын хабарлама беріп, мақсатты, күнін, уақытын, орнын және қатысушылар санын көрсетеді.
Әкімдік хабарламаны қарайды. Егер барлық талаптар сақталып, орын дұрыс таңдалса — іс-шара келісілетін болады.
Егер өтініш беруші, мысалы, рұқсат етілген тізімге кірмейтін орынды көрсетсе, оған бас тарту туралы жауап себептері түсіндіріліп беріледі. Осыдан кейін ол басқа орынды таңдап, хабарламаны қайтадан тапсыра алады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы № 61–НП нормативтік қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырушыға жиынның өткізілу орны мен (немесе) уақытын өзгерту жөнінде ұсыныс жолдайды.
Маңызды: митингіні немесе пикетті рұқсатсыз өткізу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Қоғамдық бірлестікті құру үшін келесі әрекеттерді орындау қажет:
1. Кемінде 10 адамнан тұратын бастамашыл топты жинау.
2. Құрылтай жиналысын өткізу. Мәселелерді қарастыру және тиісті хаттаманы рәсімдеу:
- заңды тұлғалар бірлестігін құру туралы (бірлестік құрылған күннен бастап 2 ай ішінде тіркелуі тиіс);
- басшыны сайлау;
- жарғыны әзірлеу.
Қоғамдық бірлестіктің жарғысында мыналар қарастырылуы тиіс:
- бірлестіктің атауы, қызметінің мәні мен мақсаттары;
- орналасқан жері (заңды мекенжайы);
- бірлестікке кіру тәртібі, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері;
- құрылымы және басқару тәртібі (басқарушы органдар);
- мүлік пен ақша қаражаттарының қалыптасу көздері;
- жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
- бірлестікті қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі, тарату жағдайында мүліктің тағдыры;
- филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер.
3. Бастамашыл топ мүшелерінің қолтаңба үлгілерін, мекенжайларын және жеке куәліктерінің көшірмелерін дайындау.
4. Қоғамдық бірлестікті тіркеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) келесі құжаттарды тапсыру қажет:
тіркеу туралы өтініш;
- жарғы;
- бірлестіктің барлық құрылтайшылары қол қойған құрылтай шарты;
- жарғыны қабылдаған құрылтай съезінің (конференциясының, жиналысының) хаттамасы, съезд (конференция, жиналыс) төрағасы мен хатшысы қол қойған;
- қоғамдық бірлестікті құру бастамашысы болған азаматтардың тізімі, тегі, ЖСН, аты, әкесінің аты; туған күні, айы, жылы; тұрғылықты жері, үй және жұмыс телефондары; жеке қолы көрсетіледі;
- қоғамдық бірлестіктің тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жерін растайтын құжат;
- заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу үшін бюджетке төленген алымды растайтын түбіртек немесе құжат.
3. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алу (қарау мерзімі – 10 жұмыс күні).
4. Есепшот ашу.
Мысалы: 10 азаматтан тұратын топ «Жасыл қала» атты экологиялық қоғамдық бірлестігін құру туралы шешім қабылдады. Олар құрылтай жиналысын өткізіп, жарғыны бекітті, мақсаттарын (қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру) айқындады, төраға мен басқарма мүшелерін сайлады. Осыдан кейін құжаттар пакетін дайындап, мемлекеттік тіркеу үшін әділет органдарына тапсырды. Тіркеуден өткен соң бірлестік өз қызметін ресми түрде бастады.
Білуге маңызды:
- Бірлестікті құрылғаннан кейін 2 ай ішінде тіркеу қажет.
- Тіркеусіз ресми түрде қызмет жүргізуге болмайды.