Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің өкілі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына арналған семинар өткізді.
Іс-шараны Павлодар облысының мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік және мемлекеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымдастырды.
Семинар барысында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен еңбек заңнамасын қолданудың өзекті мәселелері түсіндірілді. Қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуына және оларды қорғаудағы кәсіподақ ұйымдарының рөліне ерекше назар аударылды.
Семинарға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еңбек қатынастарында туындайтын жағдайларды талқылады және тиісті түсіндірмелер алды.
Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарымен таныстырылуы тиіс екенін білесіз бе?
Кез келген өндірісте, құрылыс алаңында немесе басқа да жұмыс орындарында белгілі бір қауіп-қатерлер болады. Сондықтан уақтылы өткізілетін нұсқама – жай ғана формалдылық емес, жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды шарасы.
❗ Жұмыс беруші нені қамтамасыз етуге міндетті?
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:
✅ Нұсқама беру және оқытуды жүргізуге – жұмыскерлерге еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау қағидаларын түсіндіруге және олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге;
✅ Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге – кәсіптік тәуекелдерді анықтауға және олардың алдын алу мен төмендету жөнінде шаралар қабылдауға;
✅ Қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге – жұмыскерлерді белгіленген нормаларға сәйкес арнайы киіммен, аяқкиіммен және қажетті жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;
✅ Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға – белгіленген қағидалардың орындалуын қадағалауға және анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюға;
✅ Медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыруға – заңнамада көзделген жағдайларда өз қаражаты есебінен медициналық қарап-тексерулер өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
⚠ Білу маңызды!
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қажетті оқытудан және білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.
Сонымен қатар, жұмыскердің өзі де белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
Нұсқаманы тек формалды түрде өткізу қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Әрбір жұмыскер ықтимал қауіп-қатерлерді түсініп, қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі маңызды.
Есіңізде болсын: жазатайым оқиғаның салдарын жойғаннан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті және әрбір жұмыскердің құқығы!
#ЕңбектіҚорғау #ЕңбекҚауіпсіздігі #ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #МЕИК
Күн суытқан кезде ашық ауада және жылытылмайтын үй-жайларда еңбек міндеттерін атқаратын жұмыскерлердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жұмыс берушілерге жұмыс орындарын төмен температура жағдайында жұмыс істеуге уақтылы дайындау қажеттігін еске салады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 82-бабының 2-тармағына сәйкес жылдың суық мезгілінде ашық ауада, жылытылмайтын жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарымен айналысатын жұмыскерлерге жылыну және тынығу үшін арнайы үзілістер беріледі. Мұндай үзілістер жұмыс уақытына қосылады. Жұмыс беруші жұмыскерлердің жылынуына және тынығуына арналған үй-жайларды жабдықтауға міндетті. Демек, осы үзілістердің уақытын жұмыс уақытының есебінен алып тастауға немесе кейіннен сол уақытты жұмыспен өтеуді талап етуге болмайды.
Кодекстің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерді белгіленген нормалар бойынша арнайы киіммен, аяқкиіммен және басқа да жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасауға міндетті. Суық мезгілге дайындық кезінде жұмыскерлердің тиісті арнайы киіммен және аяқкиіммен қамтамасыз етілуін, жылынуға арналған үй-жайлардың дайындығын және жұмыстарды қауіпсіз орындаудың ұйымдастырылуын тексеру қажет.
Жұмыскерлер өз кезегінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтауға, берілген қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға және өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін мән-жайлар туралы басшысына дереу хабарлауға міндетті.
Кодекстің 181-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында жұмыскердің жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмеген жағдайда және оның денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін ахуал туындаған кезде жұмысты орындаудан бас тарту құқығы көзделген. Бұл туралы тікелей басшыға немесе жұмыс берушіге жазбаша хабарлау қажет.
Департамент жұмыс берушілерді жұмыскерлерді суықтың әсерінен қорғау шараларын алдын ала қабылдауға шақырады. Өндірістік міндеттердің болуы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету міндетінен босатпайды. Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда жұмыскерлер Департаментке, оның ішінде «e-Өтініш» жүйесі арқылы жүгіне алады.
Жылжымалы жұмыс кестесі аптаның әртүрлі күндерінде жұмыс күнінің ұзақтығын өзгерте отырып, жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұндай режим жұмыс беруші қызметінің ерекшелігі ескеріле отырып қолданылады және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 73-1-бабымен реттеледі.
Жұмыс беруші еңбек тәртіптемесі қағидаларында жылжымалы жұмыс кестесін белгілеуге құқылы. Бұл ретте күнделікті жұмыстың ұзақтығы 11 сағаттан аспауға тиіс. Жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдану міндетті шарт болып табылады.
Жылжымалы жұмыс кестесі кезіндегі есептік кезең бір тоқсаннан аспауға тиіс. Осы кезең шегінде жұмыскерлердің тиісті санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орта есеппен сақталуға тиіс. Осылайша, жекелеген күндердегі жұмыс ұзақтығының ұлғаюы басқа күндердегі жұмыс ұзақтығын азайту немесе кестеге сәйкес демалыс күндерін беру арқылы теңестірілуге тиіс.
Жұмыс күнінің (ауысымның) басталу, аяқталу уақыты немесе жалпы ұзақтығы еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек шартында не ауысымдық кестеде айқындалады. Жылжымалы жұмыс кестесі жұмыскердің жұмысқа келу және жұмыстан кету уақытын өз бетінше таңдауын көздемейді.
Кестені жасау кезінде заңнамада белгіленген тынығу уақытына қойылатын талаптар сақталуға тиіс. Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 83-бабына сәйкес жұмыстың аяқталуы мен келесі жұмыс күнінің (ауысымның) басталуы арасындағы тынығу ұзақтығы кемінде 12 сағат болуға тиіс.
Жылжымалы жұмыс кестесін қолдану өндірістік жүктемені ескеруге, жұмыс және демалыс күндерін алдын ала бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте мұндай режим жұмыскерлердің еңбек кепілдіктерін және жұмыс берушінің белгіленген жұмыс уақыты нормасын сақтау міндетін жоймайды.
Әрбір жұмыскердің жалақысын уақтылы алуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбек құқықтарының сақталуына құқығы бар.
Алайда іс жүзінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіруі, тиесілі төлемдерді төлемеуі, еңбек шартының талаптарын бұзуы немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтамауы сияқты жағдайлар кездеседі.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?
📌 1-қадам. Өтініш беріңіз
Жұмыскер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне, оның ішінде e-Otinish порталы арқылы өтініш бере алады.
📌 2-қадам. Өтінішті қарау
Мемлекеттік еңбек инспекторлары өтініште көрсетілген мән-жайларды зерделейді, ұсынылған құжаттарды талдайды және заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс берушіге тексеру жүргізеді.
📌 3-қадам. Тиісті шаралар қабылдау
Егер заңбұзушылықтар расталса, мемлекеттік еңбек инспекторы өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Атап айтқанда, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі, ал кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
📌 4-қадам. Орындалуын бақылау
Еңбек инспекциясының жұмысы заңбұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Біздің міндетіміз – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге ықпал ету.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаңыз. Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгініңіз.
#ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #ЖұмыскерлердіңҚұқықтарынҚорғау #ЕңбекЗаңнамасы #МЕИК
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзу тәртібін түсіндіреді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 56-бабына сәйкес жұмыскер жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын хабардар ете отырып, еңбек шартын бұзуға құқылы. Бұл ретте еңбек шартында хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленуі мүмкін.
Хабарлама жазбаша ресімделеді және жеке табысталуы, пошта, курьерлік байланыс арқылы не Кодексте белгіленген талаптарды сақтай отырып, электрондық тәсілмен жіберілуі мүмкін.
Хабардар ету мерзімі аяқталғанға дейін еңбек шарты жұмыс берушінің жазбаша келісімімен бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ жұмыскер хабардар ету мерзімі ішінде өз хабарламасын кері қайтарып алуға құқылы.
Маусымдық жұмыскерлер үшін қысқартылған мерзім көзделген: Кодекстің 134-бабына сәйкес олар жұмыс берушіні күнтізбелік жеті күн бұрын хабардар етеді. Климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір кезең (маусым) ішінде, бірақ бір жылдан аспайтын уақыт ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық жұмыстар деп танылады.
Хабардар ету мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыскер жұмысты тоқтатуға құқылы. Материалдық жауапты адамдардың кінәсінен мүлікті немесе құжаттаманы қабылдау-беру аяқталмаған жағдайлар бұған кірмейді. Мұндай жағдайда қабылдау-беру аяқталған күн еңбек шартын бұзу күні болып есептеледі.
2026 жылғы 4 тамыздан бастап қолданысқа енгізілген өзгерістерге сәйкес Кодекстің 56-бабының 5-тармағында жұмыс берушінің хабардар ету мерзімі ішінде материалдық жауапты адамдармен мүлікті және құжаттаманы қабылдау-беруді жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау міндеті тікелей бекітілген. Демек, жұмыс беруші бұл рәсімді уақтылы ұйымдастыруға тиіс.
Сондай-ақ аталған нормада жұмыс берушінің жұмыскерге еңбек қызметіне байланысты құжаттарды беру және оған тиесілі ақшалай төлемдерді Кодексте белгіленген тәртіппен төлеу міндеті көзделген.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы еңбек заңнамасы мәселелері бойынша консультация өткізді.
Кеңес беру барысында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы нормаларын қолдану бойынша түсіндірмелер беріліп, қойылған сұрақтарға жауаптар ұсынылды.
Мұндай консультациялар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алуға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің өкілі 2027 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота қалыптастыру жөніндегі комиссияның отырысына қатысты.
Отырыс комиссия төрағасының орынбасары, Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қанатқызы Қадырова төрағалығымен өтті. Отырыс барысында 42 жұмыс берушінің 691 шетелдік жұмыскерді тартуға берген өтінімдері қаралды.
Демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алайда жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
📖 ҚР Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға олардың жазбаша келісімімен немесе өздерінің өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
❗ Қызметкер нені білуі маңызды?
✅ Қызметкердің келісімі. Жалпы ереже бойынша жұмыс беруші қызметкерді оның жазбаша келісімінсіз демалыс күні жұмысқа тартуға құқылы емес.
✅ Еңбекақы төлеу. ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі.
✅ Басқа демалыс күні. Қызметкердің қалауы бойынша жоғарылатылған еңбекақы төлеудің орнына басқа демалыс күні берілуі мүмкін.
✅ Ерекше жағдайлар. Заңнамада қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол берілетін жекелеген жағдайлар көзделген.
⚖️ Есіңізде болсын: қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың белгіленген тәртібін сақтау – жұмыс берушінің міндеті.
📢 Өз еңбек құқықтарыңызды біліңіз және оларды қорғаңыз!
#ЕңбекҚұқықтары #ҚРЕңбекКодексі #ЕңбекИнспекциясы #ҚызметкерлердіңҚұқықтарынҚорғау #МЕИК #ҚРЕңбекМинистрлігі