"Мемлекеттік қызмет - менің арманым".

Павлодар облысы Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Дархан Мырзабаев облыстық "Ертіс" телеарнасына сұхбат берді. Президенттік кадр резервінің иегері - Дархан Тілеубердіұлы мектепте мемлекеттік қызметші болғысы келетінін нақты білген.
Сұхбат барысында ол шетелдегі жеке сектордағы әр түрлі және қызықты мансап жолына қарамастан, өзінің қызмет жолын Қазақстанның дамуымен байланыстырғанын айтты. 2019 жылы Дархан Мырзабаев "Болашақ" стипендиялық бағдарламасы бойынша оқу мүмкіндігін пайдаланып, ҚХР Шанхай қаласындағы Қытай - Еуропа халықаралық бизнес мектебінде цифрлық бизнес мамандығы бойынша Бизнес-әкімшілендіру магистрі дәрежесін алды.
Оқуды бітіргеннен кейін Дархан Тілеубердіұлы цифрлық жобалармен айналысып, Президенттік Жастар кадрлық резервінің республикалық іріктеуіне қатысты. 2021 жылдың желтоқсанында іріктеу нәтижелері бойынша 50 резервші тізіміне енгізілді.
2022 жылдың наурыз айында Павлодар облысының Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы болып тағайындалды. Алдағы уақытта іс жүзінде алған барлық дағдыларды барынша пайдаланып, облыстың дамуына үлес қосуды жоспарлап отыр.