
– Жақында Баянауыл ауданының әкімі қызметіне кіріскеніңізге 1 жыл толмақ. Осыған байланысты өзіңізбен сұхбаттассам деген ниетім бар.
Бірден келісіп алайықшы, әңгімеміз сіздің азаматтық көзқарасыңыз бен ойыңыз жайлы болса, ішкі әлеміңізге саяхат жасасақ. Қарсы емессіз бе?
– Жоқ, қарсы емеспін. Ниет-тілектеріңізге рахмет!
Желтоқсан айы менің бұл лауазымға тағайындалғаныма бір жыл толуымен ғана ерекше емес, Тәуелсіздік күнімен айшықты. Сол себепті осы сұхбатты пайдаланып, аудан тұрғындарын ұлттық мерекемізбен құттықтаймын. Ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалған бұл күннің қадірі мен қасиетін әр азамат жан-дүниесімен терең сезінуі керек. Баянауыл ауданының әр тұрғынына тек жақсылық, деніне саулық, еңбегіне жеміс тілеймін. Егемендігіміз жасай берсін! Мемлекетіміздің болашағы үшін әрқайсымыз аянбай еңбек ете берейік!
– Тілегіңізге рахмет!
Ойша бір жылға кейін шегінейік. Сол кезде басыңыздан қандай күй кешіргеніңізді есіңізге түсіріңізші. Сол жауапты сәттегі сезім сізге қандай күш берді, қандай қуат сыйлады?
– Бір жыл – аз да емес, көп те емес. Бірақ, қиындығы мен қызығы мол уақыт. Осыдан бір жыл бұрын, тағайындау рәсімінде ең бірінші сезінгенім – жауапкершілік сезімі. Баянауыл – өте ерекше мекен, кіндігімнің жас қаны тамған жерім – ауылым, осы жерде тәй-тәй басып, алғашқы қадамымды жасадым, балабақшаға бардым, мектеп табалдырығын аттадым.
Мемлекеттік қызметкер үшін ең қиыны – туған жерінде жұмыс істеу. Себебі, алдымен, таныс-туыс, жора-жолдас өте көп. Олардың әсері мен ықпалы күшті болады. Сондай сәттерде шешім қабылдау адалдықты талап етеді. «Әкім – туысым, әкім – досым, әкім – танысым. Барып кез келген сұрақты шеше саламын», - деп келетіндер бар. Бірақ, біз оған көңіл бөлмей, барлық мәселеге заң аясында қарап, заң аясында әрекет етуіміз керек.
Сондықтан мен қарапайым халықтың мұң-мұқтажын алдыңғы кезекке қойып, іске кірістім.
Тағы бір айтарым – бұл лауазым маған үлкен сын. Менің өзіме ғана емес, бұл сын ағайын-туысқа, сексенге келген қарт анама да бағытталады. Сол кісілердің, аяулы анашымның берген тәрбиесіне шаң жуытпауды, атына кір келтірмеуді ойладым. Себебі, анам әлі күнге дейін менің тілеуімді тілеп, үйде тақымын қысып отырады.
Маған ұсыныс түскен кезде ең алдымен ойлаған ойларым – осы. Бірақ, ешкімге тіс жармай, ұзақ ойланып, толғанып жүрдім. Ішкі дайындығыммен күндіз-түні өз-өзімді шыңдай бердім.
Жасыратыны жоқ, он жыл бұрын да бұл ұсыныс жасалған болатын. Бірақ ол кезде бұндай шешім қабылдауға дайын болмадым. Себебі, қазақтың біртуар дара тұлғаларын дүниеге әкелген алтын бесігіміз – Баянауылымызға қызмет ету үшін тәжірибем жеткіліксіз еді. Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов секілді ұлы тұлғалардың рухтарының алдында да, сол алыптардың ізін басқан бүгінгі баянауылдықтардың алдында да сенім жүгінің салмағы ауыр. Себебі бұл өңір – аталы атырап, баталы топырақ, иелі ел, киелі жер. Осы ішкі ой-толғанысым осынау үлкен әрі жауапты іске құлшына кірісуіме демеу болды.
– Аудан әкімі лауазымына дейінгі Қанат Сәрсенұлы мен аудан әкімі лауазымынан кейінгі Қанат Сәрсенұлының айырмашылығы бар ма? Бойыңызда һәм ойыңызда қандай өзгеріс орын алды?
– Шешім қабылдауда батылдау бола бастадым. Мен мемлекеттік қызметте талай жыл жұмыс істеп келемін. Аппарат басшысы, әкімнің орынбасары, басқарма басшысы болдым. Ол кезде жұмыс жүргізу жеңіл еді. «Бастық тапсырма берді!», «Бастық шешім қабылдады», - деп өзімнен жоғары лауазым иесіне арқа сүйегендей болдым. Басшымен ақылдасып, кеңесіп әрекет еттім. Жасыратыны жоқ, негізгі жұмыс барысы солай өрбитін.
Ал, қазір ешкімнің алдына бармайсыз, «Бастық айтып жатыр!», - деп ешкімге сілтей алмайсыз. Қандай шешім қабылдаймын десеңіз де, өзіңіздің қолыңызда және барлық жауапкершілік те өзіңізге жүктеледі. Сол себепті істеген әр іске, қабылданған әр шешімге, жасалған әр қадамға жауап беретін – өзіңіз.
Біз қызмет жасап жүрген халықтың сұрауына жауап беру – ең маңызды міндет.
Аудан әкімі лауазымына дейін мемлекеттік қызметкер ретіндегі міндетім қазіргіден төмен һәм оңай болған жоқ. Қазір, сол міндет көбейіп, талап күшейді. Осы уақыт ішінде жауапкершілікті өз мойныма алып, ешкімге жалтақтамай, біреуге қарайламай, қорықпай заң талабына сай дұрыс шешім қабылдауға үйрендім.
– Бүгінгі күннің талабына сай әкім қандай болуы керек? Сіз сол талапқа сайсыз ба?
– Баянауылдай қасиетті өлкеге әкім болып келгеннен кейін өзімнің қызмет жолындағы тәжірибемді, бойымдағы адамгершілік қасиеттерді жұмылдыра қызмет етуге күш салудамын. Қазір облыс көлемінде әкімдік қызметте жүрген бірнеше шәкіртім барын мақтанышпен айтқым келеді. Кезінде менің өнегемді көріп, қызмет жасау үлгімді бойларына сіңірген сол азаматтарға сүйсіне қараймын. Демек, мен мемлекеттік қызметкер ретінде өз жолымды қалыптастыра алдым.
Қазіргі әкімге қойылатын басты талап – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай болу, халықтың сөзін тыңдау, үніне құлақ қою, дауысын есту. Соған орай дұрыс және нақты шара қолданып, шешім шығаруы, мәселені оң шешіп, дұрыс жолын табуы керек.
Алдыма келген кез-келген азамат өзін толғандырып жүрген сұрағына қанағаттанып кетсе, менің жұмысымның нәтижелілігі деп ойлаймын.
– Өз сөзіңізде айтып өткеніңіздей, халық үніне құлақ асудың бірден-бір жолы – тұрғындар арасында жиі болып, олармен ашық сұхбат құру. Сіз өткізген сондай бір жиналысқа қатысқан екі азаматтың екі түрлі пікірін естідім. Біріншісі – аудан әкімі мәселеге тура қарап, төте жолмен шешуге бейім іскер азамат екен, - деді. Екіншісі – менің сөзімді тыңдамады, аудан әкімі өзгенің пікіріне құлақ аспайтын бірбеткей адам екен, - деді. Осы қос пікір жайлы не айтасыз? Қайсысы сіздің мінезіңізді тап басып таныпты?
– Әрине, бірінші пікір. Неге?, - десеңіз, түсіндірейін. Ашық көрініп тұрған, шешімі қиын мәселе болса, халықтан жасырмай, ол проблеманың жақын арада шешілмейтінін айту керек. «Ертең істеймін, бүрсігүні болады, келесі аптада жасаймыз» деп халықты алдауға болмайды.
Мысалы, бір ауылда болған кездесуде отыз жылдан бері жөндеу көрмеген жол мәселесі туралы сауал көтерілді. Өзіңіз жақсы білесіз, ауданымыздағы Ж.Аймауытов, Ж.Шанин, Ұзынбұлақ, Жайма және Бірлік ауылдарына дейінгі тас жолдардың мәселесі күрделі болып табылады. Сол ауылдардың бірінде өткен кездесуде, биыл жол салынбайтынын тура айттым және себебін түсіндірдім.
Менің ойымша, басқаға жаба бермей, шындықты айтып, дұрыс түсіндіре белсеңіз, көпшілік қауым қабылдайды. Ал, өтірік сылтаурата берсеңіз, ертең жұрттың көзіне қалай қарайсыз? Кездескен жерде: «Өткенде келгенде уәде бердің ғой, неге орындамадың?», - десе, не деп жауап бересіз? Қазақ «Өлімнен ұят күшті» деген. Өтірік уәде беріп алып, халық алдында төменшіктеп жүргенше, нақты істелетін істі жүзеге асырып, еңсеңізді тік ұстаған жақсы.
– Бойыңыздағы ең басты артықшылығыңыз бен ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Кемшілігім – қызбамын. Бұл қызбалық – мінезімнің қаталдығынан. Жұмыс бабымен өз қызметінің ретін таппаған, жөнін білмеген азаматтарға, тәжірибелері жетіспеген, деңгейі төмен қызметтестерге қатты айтқан кездерім болды. Мемлекетке қызмет ету деген жүкті арқалағаннан кейін барлығымыз бірге болып, бірдей әрекет етуіміз керек. Ел мүддесі, мемлекет беделі секілді үлкен міндет жолында осалдық танытуға болмайды. Азаматтардың сондай жауапсыздығын көргенде «Қолыңнан келмей ме, орныңды босат, қызмет істейтін тәжірибелі азаматтың жолын бөгеме!», - деп тура айтқан кездерім болды. Бірақ, ол кісілердің жеке басына, азаматтық ар-намысына тиіскен емеспін. Қызмет етіп жүрген азаматтардың өтірік айтқанын және жауапкершіліктен қашып, анаған-мынаған сілтегенін жек көремін. Маман болғаннан кейін кез-келген істің шешімін табуға тырысу керек. Ал, қолымнан келмеді, істей алмаймын дегендерді көргенде қызбалығым ұстап, бетіне айтып тастайтыным шындық.
Артық қасиетім – шындықтан қорықпаймын және жауапкершіліктен қашпаймын. Басшы деген сөздің мағынасы терең. Қазақ көшбасшы, жолбасшы, қолбасшы деген сөздерді бекер айтпаған. Басшы болу дегеніңіз – өзіңіздің мінезіңізді көрсетіп, өзгеге үлгі болатын, алда жүретін керуенбасы болу деген сөз.
– Атқамінер азамат болған соң, қайнаған қызметтің ортасында жүрген соң түрлі жағдай орын алады: қателескен кездер де, дұрыс әрекет еткен сәттер де болады. Кез-келген сәтте өзіңіздің дұрыс шешім қабылдағаныңызды сезгенде, бірінші қандай ой келеді? Керісінше, өзіңіздің қателескеніңізді ұққанда, алдымен не ойлайсыз?
– Әрине, өмір болған соң, ондай сәттер болмай тұрмайды. Қателікке жол беріп қойғанда, өкінесіз, бірақ, сол қателігіңізді мойындай білу керек. Мысалы, осы лауазымда жүргенімде қызбалыққа салынып, бір азаматқа қатты айтқаным бар. Бірақ, ол әрекетімнің дұрыс емес екенін ұғып, өзім бірінші болып кешірім сұрадым. Ол үшін намыстанбаймын. Бәріміз де – пендеміз.
Ал, дұрыс шешім шығарған кездеріме келетін болсам, ондайда ешқашан шалқып, масаттанып, мақтанып кетпеймін. Қызмет бабымен көп істің басы-қасында жүрдім, үлкен-үлкен жұмыстарға бастамашы болдым. Бірақ, мен жасадым, мен істедім деп кеуде қаққан емеспін. Олай етуге болмайды. Себебі, адам ештеңені жалғыз істей алмайды. Қасымда жүрген атқамінер азаматтармен бірлесе атқарғанымды үнемі айтып отырамын. Қазақтың нақылы бар ғой: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», - деген. Сол сөзді ешқашан естен шығармаймын.
– Әр адам – жұмбақ. Сол жұмбақтың жауабы әркімнің өзіне ғана белгілі. Қасым ақынша, өзге емес өзіңіз айтыңызшы өзіңіз жайлы: Қандай басшысыз? Қандай әкесіз? Қандай азаматсыз? Сіз үшін осы үш қасиеттің қайсысы ең маңызды?
– Отбасын құрғаныма 38-ші жылға аяқ басты. Ерте үйленіп, отау иесі болдым. Өмірлік жолдасым Гүлнара Тұрғанқызымен үш сәби сүйіп, тәрбиелеп өсірдік. Үшеуі де, Құдайға шүкір, ел қатарында. Біреуі – заңгер болса, екеуі – дәрігер. Ең бастысы біз, өмірлік серігім екеуіміз балаларымызға заман талабына сай сапалы білім беруге тырыстық. Бірінші орынға білімді қойдық. Себебі, қабілетті маман, өз тамағын өзі тауып, өзін де, отбасын да асырай алады. Біздің аузымызға қарап отырған балаларымыз жоқ.
Біз әкеден ерте айырылдық. Анамыз алты баламен 44 жасында жесір қалды. Мен үйдің үлкені болғандықтан, әке орнына әке болдым, іні-қарындастарымды жеткізу менің мойныма жүктелді. Сол алтаудың біреуі өмірден өтті. Ал, қалғаны өз салаларында абыроймен қызмет етіп, заманның көшінен қалмай келеді. Ешқайсысы еліміздің қиын кезеңінде бас сауғалап ешқайда кеткен жоқ. Елмен бірге көрді. Соның барлығы жасымыздан көрген тәрбиенің арқасында. Іні-қарындастарымның балалары үй болып, немере сүйіп жатыр. Солардың барлығы мені «Ата» дейді. Мектеп бітіретін балалар менімен қандай мамандық таңдау керектігін ақылдасады. Мен бар білгенімді айтып, жөн сілтеймін.
Әке ретінде, азамат ретінде, міне, осындаймын. Ал, қандай басшы екенімді халық айтуы керек.
Мен үшін ең қымбаты – отбасы. Себебі, Отан отбасынан басталады. Жақсы бала болған, жақсы әке болған, жақсы азамат болған адамға барлығы өз бетінше келеді деп ойлаймын.
– Сұхбатымызды мына сұрақпен тәмәмдайық: Аудан әкімі лауазымындағы 1 жыл ішіндегі ең ірі үш еңбегіңізді атасаңыз. Және болашақта істелетін ең ірі үш жобаңыз қандай?
– Біріншіден, өткен жылы басталғаны бар, биыл қолға алынғаны бар, ауданымызда 12 ауылда таза ауыз су құбырларын тарту жұмыстары аяқталуда. Таза ауыз су – денсаулықтың кепілі. Өткенде бір азаматты көрдім. Үйіне жуынатын бөлмеге, асханаға қажетті техника құралдарын сатып алып жүр екен. Қарындастарымыз, жеңгелеріміз, апаларымыз қолдарын жылы суға малып отырса, таза ауыз сумен тамақ жасаса, ауыл халқының тұрмысының жақсарғаны емес пе?!
Екінші, Ақши, Лекер қажы секілді ауылдарда ұялы байланыс жүйесінің базалық станциясы орнатылуда. Биылғы коронавирус індеті қашықтықтан оқыту жүйесін енгізді, оның да өз қиындығы болды. Оқушыларымыз, студенттеріміз біраз әбігерге түсті. Осы мәселені шешудеміз. Сонымен бірге, Мырзашоқы тауына ұялы байланыс желісінің мұнарасы орнатылса, біздің болжауымыз бойынша, Қаражар, Жалғызқайың, Жарылғап, Біржанкөл, Егіндібұлақ ауылдарында сапалы ұялы байланыс болмақ.
Үшіншіден, ауданымыздағы туризм саласының дамуына «Жұмыспен қамту» жол картасы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл көлдерінің жағалауларын абаттандырдық. Қоңыр әулие үңгіріне дейін, Торайғыр ауылынан С.Торайғыров кесенесіне дейін жол төселді. Торайғыр ауылындағы Әулиебұлақ маңайы жаңартылды. Өкінішке орай, туристік маусым өте қысқа болды.
Биыл, міне, осындай жобаларды жүзеге асырып, маған дейін ауданымызға қызмет етіп кеткен әріптестерімнің жұмысын жалғастырдым деп ойлаймын.
Ал, алдағы уақытқа жоспарларға келер болсақ, жобалар өте көп. Бұлардың барлығы ауданымыздың дамуына бағытталмақ. Өзіңіз сұрағандай негізгі үш жұмысқа тоқталсам.
Жақында «Ertis» арнасындағы «Әкім сағаты» бағдарламасында халыққа тікелей эфирде: «Баянауыл ауылын көркейтемін!», - деп уәде бердім. Осы уәдемді орындау үшін, арманымды жүзеге асыру үшін еңбектенетін боламын.
Алдағы уақытқа жоспарларыма қолдау білдірген облыс әкімі Әбілқайыр Бақтыбайұлына алғыс білдіремін. Сол кісінің тапсырмасы бойынша үш ірі жоба дайындаған болатынбыз. Ол қолдауға ие болды. Әзірленген жобалар мемлекеттік сараптамадан өтті. Бюджеттік тапсырыс беріледі. Егер облыстық бюджеттік комиссия қолдаса, келесі жылы бұл істер біртіндеп жүргізіле бастайды.
Бірінші жоба – Баянауыл ауылын абаттандыру. Алдымен аудан орталығына кіреберіс стелланы заман талабына сай жаңғырту. Сол жерге аудан қонақтарына ыңғайлы саябақ, мейрамхана салу. Одан кейін Олжабай және Жасыбай батырларға арналған тарихи ескерткіш орнатылған, саябақ салу. Қазақ халқын жау езгісінен құтқарған Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Баян батырлардың еңселі ескерткіштері еліміздің әр қаласында бой көтерген. Ал, олармен тең дәрежеде ерлік көрсеткен Олжабай мен Жасыбайға ескерткіш орнатылмапты. Бұл – бізге сын деп ойлаймын.
Сонымен бірге, Баянауылдың табиғаты спортпен шұғылдануға өте қолайлы. Сондықтан аудан орталығында көп функционалды спорт кешенін салу жоспарлануда. Егер бұл жоба жүзеге асса, біздегі туризм маусымы жыл бойына жалғасады. Себебі, облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде жекелей спорттық сайыстардан бастап, командалық ойын түрлеріне дейін бірнеше спорттық жарысты өткізуге болады.
Екінші жоба аудан халқының үштен бірі тұратын Майқайың кентін абаттандыруға бағытталады. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша кентте көптеген жұмыс атқарылды. Жол төселді, жарық орнатылды, орталық стадион жаңартылды. Алда кенттің 90 жылдық мерейтойы келе жатыр. Сол мерейтойға даярлықты жүйелі жүргізу жоспарлануда.
Үшінші жоба – ауданымыздағы ауданішілік жолдардың сапасын жақсарту. Бұл алдағы екі-үш жыл көлемінде шешілуге тиісті ең үлкен мәселе деп ойлаймын.
– Құрметті Қанат Сәрсенұлы, әңгімеңізге мың алғыс! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге жеміс тілеймін!
Сұхбаттасқан,
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
«Баянтау» газеті, 5 желтоқсан, 2020 жыл.