Жағдай бақылуда

Павлодар облысы «қызыл аймақ» қатарында, сол себепті өңірдегі жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылданып, мәселе ерекше бақылауға алынды. Бүгінгі таңда Павлодар ауданы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны 128-ге жетіп отыр.
Ауданымыздың медициналық бөлімшелері COVID-19-бен күресуге бейімделген. Күн сайын мобильді бригадалар қызмет етеді. Аудандық емхана қажетті медициналық құралдармен жабдықталған, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
- Аудан бойынша Новочерноярка және Розовка елді мекендерінде індетке шалдыққандар саны ең көп тіркеліп отыр. Павлодар ауданының емханасында коронавирустық инфекцияны азайту бойынша эпидемияға қарсы барлық іс-шаралар күн сайын өткізіледі. Мониторинг үнемі жүргізіледі, жағдай тұрақталып келеді. Барлығы 35 адам ауруханаға жатқызылып, емделді, бүгінгі таңда тек 14 адам ем алып жатыр. Олар да емделіп, көп ұзамай үйлеріне қайтады деген сенімдеміз. Жеңіл формасы бар науқастарға, ауырып, қайта шыққандарға тағайындалған тізім бойынша үш айға қажетті дәрі-дәрмектер беріледі. Аудан бойынша індетке шалдыққан жалпы 128 жағдай тіркелді. Олардың ішінде балалар да бар. Бұл туыстарымен, оқытушылармен қарым-қатынастың нәтижесі. Балалар арасындағы 38 жағдайдың үшеуі жеңіл формада, олар стационарда ем алды. Асимптоматикалық формасы бар балалар қазір үйде. Емдеудің белгіленген алгоритмдері бар, бірақ әр емдеуші дәрігер әр науқастың медициналық тарихын адамның жалпы жағдайына сүйене отырып, жеке қарастырады. Емдеудің кез-келген кезеңінде пациенттің өміріне аздап қауіп төнген кезде дәрігер науқасты стационарлық емдеуге жібере алады. Біз әр адамның ауруының барысын жеке зерттейміз. Мұндай тәсіл күнделікті жалпы жағдайға сүйене отырып, қажетті емдеуді жүргізуге, жақсару белгілерін белгілеуге және адам толық қалпына келгенге дейін аурудың барысын бақылауға көмектеседі.
Біз халық арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізуді жалғастырамыз. Дәрігерлердің нұсқауларын қатаң түрде орындауға кеңес береміз. Біздің басты міндетіміз - науқастармен сенімді қарым-қатынас орнату, инфекцияға шалдыққан кезде осы ауруды жеңуге көмектесу, - деп Павлодар аудандық емханасының эпидемиолог-дәрігері Аққу Асхатқызы ақпаратпен бөлісті.
Халық тарапынан да ұсынылған профилактикалық шараларды сақтағандары жөн: қолды сабындап жиі жуу, антисептиктер пайдалану, қол алысудан бас тарту, жеке басқа арналған гигиеналық заттарды ғана пайдалану, тұмаудың белгілері бар адамдармен тығыз қатынастан бас тарту. Бастапқыда кейбіреулер инфекцияны жоққа шығарып, медицина қызметкерлері түсінбеушілікке тап болды. Алайда, көбісі ауруға деген көзқарастарын өзгертіп, адамдар өз денсаулығына жауапты бола бастады. Бірақ әлі күнге дейін дәрігерлер адамдардың денсаулықтарына бей-жай қарайтын жағдайларын кездестіреді, алғашқы белгілерді байқаған кезде олар өзін-өзі емдеуге, кейіннен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін дәрі-дәрмектерді қабылдауға тырысады. Медицина қызметкерлері оларға барынша түсіндіруге тырысады. Не болса да, оларды тастамай, кез-келген жағдайда тіл табысуға тырысады. Әсіресе, қарт және егде жастағы адамдар ерекше назарда. Емхана оларды пульсоксиметрлермен қамтамасыз етті. Коронавирусқа шалдыққыш елу жастан асқан адамдарды, қосалқы аурулары барларға да сатурацияны бақылайтын құралдар берілді. Дәрігер мен мейірбикелер күніне екі рет қоңырау шалып, хал-жағдайларын біліп отырады.
- Коронавирус расталған науқасқа медбике қоңырау шала бастайды: «Сәлеметсіз бе, мен Павлодар аудандық емханасының медбикесімін, сіздің ПТР тестіңіз оң болды». Содан кейін науқастың симптомдары негізінде дәрігерлік кеңес беріледі. Науқас міндетті түрде тұрғылықты жерінде болуы керек. Бұл өте маңызды, өйткені науқаспен қатынаста болғандар 14 күн ішінде үй карантинін сақтауы керек. Егер ауру симптомсыз түрде болса, онда пациенттер басқаларға жұқтыру қаупін тудырмау үшін оқшаулануы қажет. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстану, жақсы тамақтану және ұйқы режимін сақтау қажет.
Жақында «Сақ бол» мобильді қосымшасы әзірленді. Ол қауіпті індеттен қорғану үшін жасалды. Мобильді қосымшаны смартфонға жүктеген соң, «Блютузды» қосып қою керек. Егер әлдекімнен вирус анықталып, ол ақпаратты мобильді қосымшаға енгізсе, сізге хабарлама келеді. Вирус жұқтырған адамның соңғы екі аптада сізбен байланыста болған-болмағанын біліп отырасыз. Осы қосымшаны жүктеп алуға кеңес беріп отырмыз. «Сақ бол» қосымшасы коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау және хабарламалар жүйесін пайдалана отырып, жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында құрылды.
Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең бастысы азаматтардың өздеріне байланысты. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағанда ғана өздеріңізді және жақындарыңызды қорғап қаласыздар. Бұл қиыншылықты да бірге жеңетінімізге сенемін, - дейді Аққу Елеукина.
Індетпен күресіп жүрген барлық дәрігерлеріміз бен медицина қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Уақытпен санаспай еткен еңбектеріңіз ақталып, коронавирус ортамыздан алыстап, абырой-беделдеріңіз асқақтай берсін.