Қазақстан Республикасының
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)
2023 жылғы
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ
ТУРАЛЫ ҰЛТТЫҚ БАЯНДАМА
Астана қаласы
2024 жыл
МАЗМҰНЫ
|
Кіріспе ……….…………..…………………................................................. |
3 |
|
Негізгі бөлім ……………………………………………………………....... |
4 |
|
1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру …………... |
4 |
|
2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауы …………........ |
7 |
|
2.1. Алматы қ. тау бөктеріндегі аймақтарында жер учаскелерін салу және бөлу мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауы …………………........................... |
8 |
|
2.2. Білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау |
9 |
|
2.3. Білім туралы диплом бланкілерінің айналымы және ғылыми дәрежелер беру мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауы ………………………………...... |
11 |
|
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг ………………………….. |
13 |
|
4. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасы …………........................... |
15 |
|
5. Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ..... |
16 |
|
6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы |
20 |
|
7. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тартылуы…….................... |
23 |
|
7.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі үлгілік базалық бағыт …................................................................................ |
23 |
|
7.2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі алқалы органдар ................................................................................ |
26 |
|
8. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту және цифрландыру.. |
27 |
|
9. Мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту …………………………………............. |
35 |
|
10. Жауапкершіліктің бұлтарпастығын қамтамасыз ету ......…………..... |
36 |
|
11. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа құралдар ……………………..... |
39 |
|
12. Халықаралық ынтымақтастық ……........................................................ |
40 |
|
13. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы зерттеулер мен рейтингтер. Сыбайлас жемқорлықтың халықаралық |
43 |
|
Қорытынды ……………………………………...…………………………. |
46 |
|
Сілтемелер тізімі …………………………………………………………… |
48 |
КІРІСПЕ
Осы баяндама «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабын орындау үшін, тиісті Қағидалардың талаптары сақтала отырып дайындалды.[1]
Құжаттың мақсаты – қоғамды Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын 2023 жылы іске асыру нәтижелері туралы ақпараттандыру.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша заңнамалық және практикалық шаралар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі жетілдіру бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар берілген.
Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріндегі халықаралық ынтымақтастық бойынша күш-жігері, сондай-ақ елдегі және әлемдегі сыбайлас жемқорлықты түйсіну деңгейін тәуелсіз бағалау қорытындылары бейнеленген.
Құжат оқырмандар – азаматтар, кәсіпкерлер, сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де мүдделі тұлғалардың кең тобына арналған.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырды.
Оны күшейту мақсатында, Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі 2023-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді (Қазақстан Республикасы Үкіметінің
31.12.2022 ж. № 1147 қаулысы).
Осылайша, барлық мемлекеттік органдарды азаматтардың санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті нығайту жөніндегі жұмысқа толыққанды тарту үшін, құқықтық негіз бірінші рет Үкімет деңгейінде құрылды.
Жоспар қоғамдағы құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша, оның ішінде Іс-шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта материалдарды кеңінен тарату және іс-шаралар (кездесулер, семинарлар, конкурстар, азаматтарды қабылдау; плакаттар, брошюралар, флайерлер, буклеттер тарату; билбордтар мен баннерлер орналастыру; фильмдер мен бейнероликтер жасау және тарату; мақала жариялау, спектакльдер қою және басқасы) өткізу арқылы ауқымды жұмыс көзделген 40 тармақтан тұрады.
Мәселен, жергілікті атқарушы органдар 455 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қарсы жадынама (қағаз және цифрлық форматтарда) дайындады. Олар мемлекеттік органдардың, әлеуметтік объектілердің (ауруханалар, емханалар), халыққа қызмет көрсету орталықтарының (бұдан әрі – ХҚКО) стендтерінде, маршруттық автобустарда, тамақ өнімдерінің буып-түюлерінде (кофе шыныаяқтары, бөтелкедегі су, нан қаптамалары және т.б.) орналастырылуда. Оларды таратуға колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасынан еріктілер тартылады.
Сондай-ақ, бірқатар өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы коммуналдық қызметтердің 5 млн-нан астам түбіртегі таратылды (Атырау облысы – 812 мың, Қостанай облысы – 462 мың, Астана қ. және Қарағанды облысы – 400 мыңнан, Ақмола облысы – 186 мың, Ақтөбе облысы – 83 мың).
Астана қаласында сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескерту жазылған SMS-хабарлама іске қосылды (1 млн-нан астам абонент қамтылды).
Еліміздің барлық өңірінде адамдар көп жиналатын орындарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған 2 мыңнан астам билбордтар мен баннерлер орналастырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бейнероликтер (210-нан жоғары) республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының
LED-экрандарында, қоғамдық орындарда (ХҚКО-ларда, әуежайларда, қалалық автобустарда және т.с.с.), кинотеатрларда сеанстар басталар алдында көрсетіледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудиороликтер (1424 call-орталықтың қызметі туралы, сыйлықтар алуға тыйым салу туралы, мүдделер қақтығысын шешу туралы, сыбайлас жемқорлық кейстері туралы және т.с.с.) өңірлік радиостанцияларда, сондай-ақ қоғамдық орындарда (театрлар, вокзалдар,
ХҚКО-лар, әуежайлар, білім беру мекемелері, қалалық автобустар, сауда орталықтары және басқасы) таратылуда.
Өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта 69 спектакль көрсетілді, олардың премьераларына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірінші басшылары шақырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (бұдан әрі – Агенттік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) «24KZ» республикалық телеарнасымен бірлесіп, апта сайын «STOP коррупция» және «STOP жемқорлық» бағдарламаларының (2023 жылы бағдарламаның 32 шығарылымы, 16-сы қазақ және орыс тілдерінде таратылды) шығарылымын жүзеге асырады.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің беделін арттыру мақсатында, «Хабар» телеарнасында таратылған, нақты қылмыстық істерге негізделген «QANA» телехикаясы түсірілді.
Республикалық БАҚ-тарда орталық атқарушы органдары басшыларының (9) және барлық деңгейдегі әкімдердің (257) сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы авторлық мақалалары жарияланды.
Еліміздің барлық өңірінде кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдерімен
52 мыңнан астам адамды қамтитын түрлі форматта мыңнан астам
іс-шара өткізілді.
Ауылдық округтердегі кітапханаларға дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы кітап көрмелері ұйымдастырылды. Келушілердің назарына Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты туралы кітаптар, кітапшалар, жинақтар, журналдар және басқа да материалдар ұсынылды.
Осымен қатар, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар қолданыстағы құқықтық актілерді түсінікті және қысқа тілде түсіндіре отырып (белгілі бір өмірлік жағдайлар мен заңи фактілер бойынша цифрлық шешімдерді қолданумен) азаматтар мен кәсіпкерлерді олардың құқықтары туралы нақты хабардар етуді қамтамасыз ету үшін, құқықтық насихат бойынша бұйрықтар шығарды.
Халықтың жеткілікті құқықтық хабардар болуы, ақпаратты сапалы беру арналарының болуы азаматтарды заң бұзушылықтардан, олардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруден қорғауға мүмкіндік береді.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтудың ажырамас құрамдас бөлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын (бұдан әрі – Сыбайлас жемқорлыққат қарсы саясат тұжырымдамасы) (Қазақстан Республикасы Президентінің 02.02.2022 ж. № 802 Жарлығы) орындау үшін, ол барлық деңгейде (балабақшалар, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары) енгізілді.
Жоғары оқу орындарында (бұдан әрі – ЖОО) мұндай оқыту сыбайлас жемқорлыққа қарсы элективті пәндер шеңберінде ұйымдастырылған (2022-2023 оқу жылында 77 мыңнан астам студент оқудан өтті).
Жыл сайынғы «Парасаттылық сағаты» акциясы шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің қатысуымен кездесулер өткізілді. Жастардың кездесулері барысында заңды сақтау және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікпен қарау қажеттілігі, адалдық, парасаттылық және әділдік құндылықтарын нығайтудың маңыздылығы түсіндірілді.
Өңірлік деңгейде білім басқармаларымен бірлескен жоспарлар бекітілді, мұғалімдермен, ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру кездесулері өткізілді. Білім беру ұйымдарында заңсыз алымдарға тыйым салу туралы бұйрықтар басқармалардың сайттарында жарияланды, білім басқармалары басшыларының мақалалары мен сұхбаттарын шығару ұйымдастырылды.
Өскелең ұрпаққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру жастар арасында танымал сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы белсенділік формалары түріндегі тәрбиелік элементтермен сүйемелденеді. Осылайша, барлық өңірде «Antiparacraft» квест-ойындары, зияткерлік ойындар (пікірталас, квиз, брейн-ринг форматында), сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы шығармашылық конкурстар (әлеуметтік жарнама, суреттер және басқалары) өткізілді.
Өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдыларын дамыту үшін, Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен «Балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты балалар суреттерінің республикалық конкурсы өткізілді. Байқау 7-17 жас аралығындағы 3500-ден астам қазақстандық балалардың шығармашылығын біріктірді. Үздік жұмыстар Агенттік пен осы орталықтың веб-сайтында қолжетімді.
Жастарды сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға тарту мақсатында, Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы шығармашылық жұмыстардың жас авторларының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірге!» әлеуметтік жарнамасының Республикалық жастар конкурсына қатысуын ұйымдастырды. Байқау жеңімпаздарының жұмыстары 2023 жылы желтоқсан айында Атланта қаласында (АҚШ) ұсынылды, СҚО тұрғынының бейнеролигі «Үздік ролик» деп танылды, Шымкент қ. тұрғынының плакаты үшінші орынды иеленді.
Мемлекеттік қызметшілерді, судьяларды, құқық қорғау органдары қызметкерлерін, әскери қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытуды дамыту бойынша жұмыс жалғасуда (біліктілікті арттыру, қайта даярлау, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шеңберінде 18 мың адам оқытылды).
Агенттіктің әдеп жөніндегі уәкілдермен өзара іс-қимылын күшейту үшін, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен (бұдан әрі – МҚІА) бірлескен бұйрық бекітілді. Мемлекеттік қызметшілермен жүйелі профилактикалық жұмыс, оның ішінде лауазымға түсу кезінде парасаттылық, әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша оқыту көзделген.
2023 жылы маусымда «Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру перспективалары» тақырыбында ұлттық конференция өткізілді, онда мемлекеттік басқарудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бизнестің парасаттылығы және сот жүйесі мен құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері талқыланды.
«Көмектесу үшін бірігеміз!» ұранымен барлық өңірде «Халық заңгері» дәстүрлі республикалық акциясы өткізілді (26.05.2023 ж., ұйымдастырушылар: Агенттік, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар, белгілі заңгерлер, адвокаттар). Акция шеңберінде 1300 заңгер мен мемлекеттік органдардың өкілдері 10 мыңнан астам азаматқа құқықтық көмек көрсетті. Іс-шара туралы ақпарат 563-тен астам БАҚ пен әлеуметтік желілер парақшаларында жарияланды.
Азаматтар мен ұйымдардың сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жеке үлесін қосуға дайындығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бастамаларды іске асыруда көрінеді.
Maqsut Narikbayev University Жоғары құқық мектебінің командасы Агенттік материалдарының негізінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздері. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы курс әзірледі. Курс орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін, «Documentolog» құжат айналымының ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – АЖ) қолжетімді (шамамен, 150 мың пайдаланушы қамтылды).
2023 жылы желтоқсан айында Қарағанды облысында «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы инновациялық шешімдер» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалардың республикалық конкурсы өткізілді. 120 жұмыстың ішінен Агенттік пен «Әділдік жолы» сүйемелдеуімен іске асырылатын 6 үздік жоба (ақпараттық-білім беру платформасы, тәуекелдерді анықтауды автоматтандыру, блокчейн-технологиялар, үстелүсті және компьютерлік ойындар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комикстер әзірлеу) іріктелді.
Агенттік БҰҰ сарапшыларының техникалық қолдауымен Narxoz University бірлесіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған жаһандық ресурс» атты (GRACE) Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (бұдан әрі – БҰҰ ЕҚЖБ) бастамасының элементтерін пайдалана отырып, ЖОО-лар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бойынша үлгілік оқу бағдарламасы мен оқу-әдістемелік құралының жобасын әзірледі.
Стандартталған оқу курсын құрудың артықшылығы – студенттерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті тәрбиелеу және белсенді жастар мен ғалымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тарту.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау оның себептері мен жағдайларын анықтау және жою арқылы, оның алдын алу бойынша тиімді шаралар әзірлеуде және іске асыруда маңызды рөл атқарады.
2023 жылы Агенттік және оның аумақтық органдары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 106 сыртқы талдау жүргізді, мемлекеттік органдарға 1118 ұсыным енгізілді, оның 802-сі немесе 71,1%-ы орындалды. Денсаулық сақтау, білім беру, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, экология, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, энергетика, ауыл шаруашылығы, спорт және басқа да салалар талдауға түсті.
2.1. Алматы қ. тау бөктеріндегі аймақтарында жер учаскелерін салу және бөлу мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау
Алматы қ. тау бөктеріндегі аймақтарында жер учаскелерін салу және бөлу мәселелері бойынша талдаумен қала құрылысы құжаттарын өзгерту және жердің нысаналы мақсатын өзгерту, объектілер салу, мемлекет мұқтажы үшін жерді алып қою, сондай-ақ бақылаушы органдардың қызметінде жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері белгіленді.
Жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдау кезінде «қосарлы» стандарттар тәжірибесі анықталды. Әрбір үшінші жағдайда дерлік, өтініш берушілерге, алдымен, нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылды, содан кейін сол адамдарға оң шешімдер берілді.
Бұған өңірлік актілердің Жер кодексінің нормаларына сәйкес келмеуі және жалпы заңнамадағы олқылықтар себеп болды. «Бақша үйі», «үй құрылысы», «шатырасты» сияқты қарапайым ұғымдарды нормативтік тұрғыдан бекіту болмады. Алматының Бас жоспары (бұдан әрі – Бас жоспар) 2011 жылы өзінің өзектілігін жоғалтты.
Осы кемшіліктердің барлығы әкімдіктің лауазымды тұлғаларына жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өз қалауы бойынша өзгертуге, ал жер иелеріне – кадастрлық құн айырмасын төлемей-ақ, тұрғын үйлер мен кешендер салуға мүмкіндік берді. Қолда бар олқылықтар нәтижесінде, бақша үйлерінің орнына көп пәтерлі тұрғын үй кешендері салынды.
Сондай-ақ, кейіннен жеке меншікке жер алу үшін ғимараттарды жалған пайдалануға енгізу, сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін жерді негізсіз жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталды. Тек екі жағдай бойынша жер құнының арту сомасы, шамамен, 4,7 млрд теңгені құрады. Осылайша мемлекетке тікелей зиян келтірілді.
Осымен бірге, санитариялық-қорғау аймақтарында құрылыс салу фактілеріне жол берілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – ТЖМ) мәліметінше, көшкіндер, сырғымалар мен сел көшкінінің қауіпті аймағында
5 мыңға жуық ғимарат бар, бұл 29 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Агенттіктің бастамасымен рекреациялық аймаққа 229,1 га жер қайтарылды. Сол арқылы Алматы қ. 6 шағын ауданында одан әрі құрылысқа тыйым салынды.
Талдау қорытындысы бойынша 50-ден астам ұсыным енгізілді.
2023 жылы 3 мамырда Алматы қ. жаңа Бас жоспары бекітілді, онда табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға (сел, көшкін және сырғыма қаупі) ұшыраған аумақтар ескерілді. Енді объектілер шекарасы шегінде жер бөлу және құрылыс салу міндетті түрде іздестіру жұмыстарын жүргізе отырып жүзеге асырылатын болады, бұл төтенше жағдайлар саласындағы заңнаманың сақталуын және құрылыс кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сәулетшілердің лауазымдық нұсқаулықтарына учаскелердің суреттерін Бас жоспармен, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен және атқарымдық аймақтарға бөлу схемасымен салыстыруды орындамағаны үшін жауапкершілік енгізілді (бұрын мұндай жауапкершілік болмаған).
Тау бөктеріндегі аймақтарда анықталған 54 заңсыз объект бойынша мемлекет пайдасына, оның ішінде оларды сырып тастау бойынша 36 сот актісі шығарылды.
Іле-Алатау ұлттық паркі саябағының күзетілетін аймағын белгілеу үшін, жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Олардың нәтижелері бойынша әкімдік алғаш рет осындай аймақты белгілеу туралы қаулы қабылдайтын болады. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумаққа теріс әсерді шектеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау (бұдан әрі – МСАБ) органдарының жауапкершілігін күшейтуді, «е-Qurylys» АЖ арқылы құрылысты бақылауды енгізуді, қала құрылысы жобаларын ТЖМ-мен келісуді және тау алаптарын кесуге жол бермеуді, сондай-ақ «таунхаус», «жеке тұрғын үй» және «көппәтерлі тұрғын үй» ұғымдарын регламенттеуді көздейтін 4 заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.
2.2. Білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау және игеру мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау
Білім беру саласындағы талдаумен педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемасы ашылды, бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдерінде жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері белгіленді.
Бюджет қаражатын жымқырудың көптеген фактілері бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есеп жүйелері мен мемлекеттік дерекқорлардың интеграциясының болмауына байланысты мүмкін болды.
Жымқырылған бюджет қаражатының негізгі үлесі педагогтердің еңбекақы төлеу қорына тиесілі. Осылайша, жымқыруға болжанған ақша қаражаты бюджеттік өтінімді негізсіз асыра сілтеу жолымен мектеп деңгейінде алдын ала салынды. Пайда болған үнемдеу жалақы қорына көшті және оны білім бөлімі үлестес мектептер арасында бөлді.
Одан әрі мектептердің директорлары мен бухгалтерлері жымқыруда шешуші рөл атқарды, олар бухгалтерлік есеп бағдарламалары мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердің осалдығын (бухгалтерлік есеп жүйелерінің Қазынашылықпен интеграциясының болмауы және басқасы) пайдаланып, жалақы қорынан миллиардтаған бюджет қаражатын жымқырды.
Кез келген өзгерістер, оның ішінде сомаларды асыра бағалау, бөгде адамдардың жалған деректерін қосу және басқалары бақылаусыз енгізілді.
Ос тәрізді схема бойынша жымқыру мынадай тәсілдермен жүзеге асырылды: белгіленген нормадан жоғары жалақыны аудару; бөгде аффилирленген тұлғаларға есептеу; бөгде тұлғалардың деректемелері бойынша өзінің карт-шоттарына есептеу; ақша қаражатының аударымдарын қайталау; «жоқ жандарға» жалақы есептеу.
Осылайша, Талдықорған қ. 2,5 жыл бойы қылмыстық топ жұмыс істеді, оның құрамына білім бөлімінің басшысы, бас және есептеу бухгалтерлері, сондай-ақ 13 мектептің бухгалтері кірді. Барлық рөлдер бөлінді. Бухгалтерлер жалақы қорынан бюджет қаражатын жымқырды, ал қалалық білім бөлімінің басшысы оларды пара үшін жасырды. Оның 280 млн теңге алғаны дәлелденді. Білім бөлімінің бас бухгалтерін ұстау кезінде 1 млрд теңге алынды.
Қылмыстық схеманы жою мақсатында, Агенттіктің ұсынымдарын орындау шеңберінде оларды электрондық түрде қалыптастыруға мүмкіндік беретін Бюджеттік өтінімді жасау қағидаларына түзетулер енгізілді. Осыдан кейін Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі – ОАМ) әкімдіктерді бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру рәсімін цифрлық форматқа ауыстыруға бағдарлады.
2023 жылы тамыз айынан бастап Қаржы министрлігі (бұдан әрі – ҚМ) «Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай деректер қоймасы» пилоттық жобасын іске асыруда. Жоба бухгалтерлік есепті бірыңғай стандарттауды, электрондық аудит жүргізуді және тәуекел индикаторларын баптау есебінен алдын алу шараларын қолдануды көздейді (пилоттық жоба 2025 жылғы желтоқсанда аяқталады деп жоспарлануда).
ОАМ әділет (ЖТ МДҚ – «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры), денсаулық сақтау (medinfo.kz) және еңбек (enbek.kz) министрліктерінің АЖ-дарымен Ұлттық білім беру дерекқорының (бұдан әрі – ҰББД) интеграциясын жүргізді. Бұл бухгалтерлік жүйелерге жеке мәліметтер, аурухана парақтары және жұмыспен қамту туралы мәліметтерді салыстыруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, ҰББД-да «Педагог портфолиосы» модулі әзірленді (қызметкердің білім, денсаулық, біліктілік туралыы және басқа мәліметтері бар электрондық дерекнамасы). Мұндай деректерді жинақтау бухгалтерлік жүйелерге қызметкерлер туралы объективті деректерді «тартуға» және жалақының сенімді тарифтелуін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Жоқ жандарды» болдырмау мақсатында, білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарға білім беру мекемелеріне жұмыскерлердің баруын тіркеу жүйесін (оның ішінде биометриялық деректер бойынша) енгізу туралы норма енгізілген. Бүгінгі күні мұндай жүйе Павлодар қ. (50 мектеп) және Түркістан облысының білім беру мекемелерінде жұмыс істейді (25 колледж, 191 мектеп; 2024 жылға бюджеттен 408,9 млн теңге бөлінді, оның шеңберінде тағы 216 мекемені қамту жоспарлануда).
Қабылданған шаралар білім беру саласындағы жымқыру тәуекелдерін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
2.3. Білім туралы диплом бланкілерінің айналымы және ғылыми дәрежелер беру мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау
Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша білім туралы диплом бланкілерінің айналымына және ғылыми дәрежелер беруге байланысты, Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – ҒЖБМ) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді.
Диплом бланкілерінің қозғалысын бақылаудың болмауына, ақпараттық жүйелердің жетілдірілмегендігіне, мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты тәуекелдер анықталды.
Атап айтқанда, 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарына жоғары білім туралы дипломдарды өз бетінше дайындау және беру құқығы берілді. Бұл ретте, дипломның түпнұсқалығы ҰББД-да жазбаның болуымен расталды, оған мәліметтерді енгізу және оларды түзету үшін ЖОО-лардың 2,6 мың жұмыскеріне қолжетімділік берілді. ЖОО-лардың тағы 550 жұмыскеріне, оның ішінде қызметі әдістемелік-ұйымдастырушылық жұмыстармен байланысты емес жұмыскерлерге (проректорлардың көмекшілері, оқытушылар, магистрлер және т.б.) дипломдар үшін QR-кодтар жасау құқығы берілді.
Осылайша, мұндай қызметке тиімді бақылау болмаған жағдайда, ЖОО жұмыскерлерінің шексіз өкілеттіктері жалған дипломдар беру үшін тәуекелдер туғызды.
Тек іріктеп зерделеу кезінде ҒЖБМ 19 ЖОО-да өткізілген профилактикалық бақылау шеңберінде ҰББД-да саналатын, бірақ ЖОО-лар құжаттары мен дерекқорларында жоқ 2 733 адамды белгілегені анықталды. Бұл сәйкессіздіктер жалған дипломдарды заңдастырумен байланысты болуы мүмкін тәуекелдерде де орын табады.
Сондай-ақ, ҰББД-да түлектерді ретроактивті түрде қосу мүмкіндігі болды, өйткені жүйе бұған тыйым салмады және құжаттарды тіркеу функциясын көздемеді.
Талдау шеңберінде оқу орындарына сұрау салу жолымен 1 143 диплом белгіленді, оларды беруді оқу мекемелері растамады (1 028 – білім беру саласының жұмыскерлері, 78 – денсаулық сақтау, 31 – квазимемлекеттік сектор, 6 – мемлекеттік қызметшілер). Нәтижесінде, 10 ЖОО-да (2020 ж. – 24 113, 2021 ж. – 45 947, 2022 ж. – 49 604) түлектер санының екі еселенген, ал олардың жекелеген түрлерінде – 4 есеге (егер 2020 жылы «Шымкент университетінде» 2 002 студент оқып бітірсе, ал 2021 жылы – 8 213) өсуі анықталды.
Тәуекелдер сондай-ақ философия докторлары (PhD) және бейіні бойынша докторлар (PD) дипломдарын беру рәсімдерінде де анықталды. ҒЖБМ-ның диплом бланкілерін сатып алуды, толтыруды, тіркеуді және беруді дербес жүзеге асырғаны анықталды (2018 жылдан бастап ҒЖБМ 1 600-ден астам диплом берді).
Бұл ретте «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес, мемлекеттік үлгідегі құжаттарды тиісті бақылауды белгілей және жауапты тұлғаларды айқындай отырып, білім беру ұйымдары ғана береді.
ҒЖБМ бұл функцияны оны өз Ережесіне енгізу арқылы заңдастырды (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 19.08.2022 ж. № 580 қаулысы). Бұл ретте, бланкілерді есепке алу және сақтау тәртібі регламенттелмеген, берілген дипломдарды тіркеу еркін формадағы қағаз журналда жүзеге асырылды. Бланкілердің қозғалысын бақылау және олардың сақталуына жеке жауапкершілік ешкімге жүктелмеген.
Талдау барысында ҒЖБМ-да 50-ге жуық диплом бланкісінің орналасқан жері туралы, сондай-ақ ғылыми дәрежелер беру туралы бұйрықтарда және бланкілерді есептен шығару актілерінде көрсетілмеген 10 дипломның берілуі туралы мәліметтер табылмады.
Осымен қатар, оқу орындарының қызметінде ресми/бейресми білім беру нәтижелерін тану және өз қалауы бойынша оқу мерзімдерін қысқарту бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Осылайша, 1 жыл ішінде (олар үшін белгіленген 2-5 жыл орнына) жоғары білім алған 1 243 түлек анықталды.
Осы тәрізді фактілер себептерінің бірі жоғары оқу орындарының бұрын қол жеткізілген оқу нәтижелерін мойындауды ескере отырып, қысқартылған оқу мерзімдерін өз бетінше айқындау құқығы болып табылады.
Бұл ретте құжаттардың толық тізбесі, тануға жататын оқыту түрлері бекітілмеген, бұл жоғары оқу орындарына кез келген мерзімде мамандар оқытып шығаруға мүмкіндік берді.
Агенттіктің ұсынымы бойынша қысқартылған оқыту мерзімдерін айқындау үшін ресми/бейресми оқытудың бұрын қол жеткізілген нәтижелерін танудың жан-жақты критерийлері регламенттелді (Бейресми білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану нәтижелерін тану қағидалары бекітілді, ҒЖБМ-нің 24.10.2024 ж. № 544 және ОАМ-ның № 322 бірлескен бұйрығы).
Дипломдар айналымы және ғылыми дәрежелер беру мәселелері бойынша ұсынымдарды іске асыру шеңберінде заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді.
Берілген дипломдар туралы ҰББД-да деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша норма енгізілді (енді ЖОО-лар енгізілген мәліметтер үшін жауапты болады).
Сондай-ақ аттестаттау істерін сараптау жөніндегі сараптамалық кеңестер қызметінің айқындығы мен ашықтығы қамтамасыз етілді, олардың мүшелерінің дербес жауапкершілігі айқындалды, мүдделер қақтығысын анықтау тетіктері бар.
Бұдан басқа, ҒЖБМ философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор (PD) дәрежесін беру үшін, мемлекеттік үлгідегі дипломдар беру жөніндегі ерекше функциясы алынып тасталды (салалық заңға сәйкес, бұл функцияны тек жоғары оқу орындары ғана иелене алады).
Жалпы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін әрбір талдаудан кейін енгізілген ұсынымдардың сапалы іске асырылуына мониторинг жүргізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою призмасы арқылы, азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешудің пәрменді құралы болып табылады.
Мысалға, қылмыстық статистика, БАҚ-тағы көптеген жарияланымдар мен өтініштер автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін беру саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлықты көрсетті. Сыбайлас жемқорлық схемаларының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында, осы салада кешенді талдау жүргізілді.
Агенттіктің ұсынысымен мамандандырылған ХҚКО-лар (бұдан әрі – МХҚКО) қызметінің мониторингі нәтижелері бойынша автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін берудің жаңа ақпараттық жүйелері іске қосылды.
Автокөлікті тіркеу жүйелері салық және кеден органдарының, екінші деңгейдегі банктердің дерекқорларымен біріктірілген. Рұқсатсыз кіру және түзету мүмкіндігі алынып тасталды (бұрын деректер қолмен енгізіліп, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы тексерілмеген, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырды; жосықсыз полиция қызметкерлері мен ХҚКО қызметкерлері базаларды түзетіп, дұрыс емес мәліметтер енгііпу, жалған түбіртектерді пайдаланған).
Өтінімдерді тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Енді бұл үшін тек жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу керек, ал қалған деректер автоматты түрде толтырылады. Бұл ретте, жүйенің өзі екінші деңгейдегі банктердің міндетті төлемдерін, айыппұлдарын және түбіртектерін төлеуді тексереді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою нәтижесінде, 2023 жылы бюджетке түсетін түсімдер көлемі (алымдардан) 9 есеге ұлғайды (2022 жылы – 9,4 мың автомашинаны тіркегені үшін 10,6 млрд теңге, 2023 жылы жария етуді ескере отырып – 10,2 мың автомашинаны тіркегенде – 91,3 млрд теңге).
Жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерді тестілеу рұқсатсыз қосылудан қорғаудың жаңартылған жүйесі бар жаңа бағдарлама бойынша жүргізіледі.
Адамдарды ауыстыру бойынша схемаларды бұғаттау үшін, емтихан алушылардың биометриясы (тұлғаны автоматты түрде тану) және олардың
іс-әрекеттерін онлайн-бақылау (бағдарлама ережелердің ықтимал бұзылуын көрсететін қимылдар мен мимиканы тіркейді) іске қосылды, қоғамдық бақылау үшін МХҚКО-да онлайн-тарату енгізілді, емтихандарды қайта тапсыру рәсімдері реттелді (қайталап тапсыру саны шектеулі – 2 реттен көп емес, өтпеген жағдайда – емтихандарды 3 айдан кейін қайта тапсыра алады, тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда – 6 айдан кейін).
2023 жылдың қазан айынан бастап теориялық емтихандарды қабылдау рәсімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қайтарылды. 2022 жылдан бастап тестілеуді «Ойлан» жеке компаниясы (мемлекеттік жеке әріптестік шарты шеңберінде) жүргізді, оның жұмысы кезеңінде емтихандарды ресми өту (емтихан тапсырусыз немесе қашықтан қол жеткізу арқылы), бағдарламада заңсыз түзетулер фактілері туралы едәуір мөлшерде сигналдар саны келіп түсті. Тестілеу жабдықтары (компьютерлер, серверлер) компанияның өзіне тиесілі болды, ал Мемлекеттік корпорацияның оларға шын мәнінде рұқсаты болмады және процесті бақылай алмады.
Қабылданған шаралар емтихандарды ресми түрде тапсыру тәуекелдерін жоюға мүмкіндік берді (егер бұрын аутсорсингтік компания жұмыс істеген кезде тестіленушілердің 70%-ы сәтті тапсырса, қазір – тек 50%-ы).
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Арнайы МХҚКО қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызу бойынша толықтырулар енгізілді (1-баптың 4) тармақшасы) (2025 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), бұл оларды «парақорлық» үшін, ал «көмекшілерді» – сыбайлас жемқорлыққа делдалдық жасағаны үшін жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындысы бойынша Абай облысындағы «Семей Орманы» орман резерватында (бұдан әрі – Резерват) ағашты сату тетігі қайта қаралды. 2023 жылғы шілдеден бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша ағаш материалдарын өткізу «е-auction» алаңында «Мемлекеттік тізілім» АЖ электрондық сауда-саттықтары арқылы жүргізіледі. Бұрын ағаш әртүрлі жеке және заңды тұлғаларға резерват басшылығының қалауы бойынша жіберілген. Ағаш дайындау өзгертілді, оны қазір Резерваттың ағаш кесу бригадалары шығарады. Бұған дейін жалдамалы кәсіпкерлер айналысқан.
2023 жылы Агенттік «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталы арқылы мемлекеттік сатып алу мониторингі барысында тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер құнын жалпы сомасы 41,4 млрд теңгеге асыра бағалаудың алдын алды, жобаны іске асыру сәтінен бастап барлығы – 140,6 млрд теңге (2019 ж. – 0,8 млрд теңге, 2020 ж. – 22,8 млрд теңге, 2021 ж. – 46,6 млрд теңге, 2022 ж. – 29 млрд теңге).
Көбінесе кеңсе тауарларын, жанар-жағармай материалдарын, компьютерлік техника мен тамақ өнімдерін сатып алу кезінде асыра бағалау анықталды. Ұйымдар бөлінісінде мұндай асыра бағалауларға әкімдер аппараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары жол берді.
Мысалға, Қостанай облысының аудандық Білім бөлімі 2023 жылы наурызда литріне 580 теңгеден 43 мың литр жазғы дизель отынын сатып алуды жоспарлаған болатын, көрсетілген күні орташа бағасы литріне 250 теңгеден кем. 14,8 млн теңгеге сатып алудың артуына жол берілмеді.
Ақтөбе облысында Денсаулық сақтау министрлігінің аумақтық департаменті жалпы сомасы 15 млн теңгеге 3 мың дана жиынтықта бір реттік қорғаныш медициналық костюм сатып алуды жоспарлады. Бұл ретте, тауардың осындай көлемінің орташа нарықтық құны 6 млн теңгені құрады.
9 млн теңге мөлшеріндегі үнемдеу бюджетке қайтарылды.
Абай облысында 2023 жылы маусым айында атқарушы орган басшыға жиһаз сатып алуды жоспарлады 2 млн теңге жиынтық үшін орташа нарықтық құны 1 млн теңге. Мониторинг нәтижесінде жиһаз 1,3 млн теңгеге сатып алынды, бағасы 700 мың теңгеге төмендеді.
Түркістан облысында квазимемлекеттік сектор субъектісі 2023 жылғы қарашада нарықтық құны 5 млн теңгеден аспайтын 11 млн теңгеге өз сайтын қайта құру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлады. Үнемдеу 7 млн теңгені құрады (көрсетілетін қызмет 4 млн теңгеге сатып алынды).
2023 жылы 142 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік органдарға 787 ұсыныс енгізілді, олардың 488-і немесе 62%-ы орындалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің алдын алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында, бұл құрал екі түрге бөлінді: кешенді және тақырыптық.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингті уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингті уәкілетті орган да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері, оның ішінде азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдар да жүргізе алады. Мониторингтің бұл түрі қоғамдық бақылаудың, бюджеттік процестердің айқындығын және мемлекеттік органдардың есептілігін арттырудың тиімді құралы болып табылады.
2023 жылға нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі ашық конкурстың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жеңімпаз болып жарияланды.
Сараптама жүргізу үшін сарапшылар конкурстық негізде тартылды. Тиісті тізілім түрлі қызмет салаларында біліктілігі бар 164 сарапшыдан тұрады: білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және басқасы.
2023 жылдың қорытындысы бойынша 6 865 нормативтік құқықтық акт (бұдан әрі – НҚА) жобасы бойынша сараптама жүргізілді, онда 7 779 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды (НҚА-ның 1 жобасына орта есеппен 1,1 тәуекел). Ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қабылданған (тіркелген)
НҚА-да ескерілген ұсынымдардың үлесі 55,5%-ды құрайды (2023 жылға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қорытындылары бойынша НҚА-ға енгізілген ұсынымдардың үлесі» нысаналы индикаторы – 52%).
2023 жылы Премьер-Министрдің «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
2023 жылғы 19 сәуірдегі Қазақстан Республикасының конституциялық заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» өкіміне сәйкес, «Ғылыми сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі – Қағидалар) әділет (бұдан әрі – Әділетмині), ұлттық экономика министрліктерінің және Агенттіктің бірлескен бұйрығы қабылданды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 33-тармағын іске асыру шеңберінде, Қағидаларда нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы, оның ішінде нормативтік құқықтық актілердің үлгілік және ұқсас жобаларына және жасанды интеллект элементтеріне бірыңғай сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы енгізу жолымен дамыту көзделген (Қағидалардың 100, 112-тармақтары).
Сарапшылар тізілімін жүргізу тәртібі және сарапшыларды тізілімнен шығару үшін негіздер регламенттелген.
Әлемдік практикада тәуелсіз комплаенс қызметтерінің тиімді қызметі корпоративтік парасаттылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылады. Комплаенстың негізгі міндеттерінің бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институты
2020 жылы қазан айынан бастап заңнамалық тұрғыда бекітілген және бүгінгі күні 6 мыңнан астам квазимемлекеттік сектор субъектісінде тиісті қызметтер бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің ресми мәртебесі және барлық қажетті ақпаратты алуға, комплаенс нормаларын бұзу белгілері бар әрекеттер бойынша тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, ішкі
тергеп-тексерулер жүргізуге құқығы бар.
Бұдан бөлек, осындай бөлімшелер қызметкерлері өз пікірлерін білдіру және анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтерді беру үшін жоғары алқалы басқару органына тікелей қол жеткізе алады.
2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет функцияларын квазимемлекеттік сектор субъектісінің құрылымдық бөлімшесіне ғана емес, жауапты тұлғаға да жүктеу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан көзделген.
Сондай-ақ Агенттікке квазимемлекеттік сектор субъектісінде әдіснамалық қолдау, оқыту іс-шараларын жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ақпарат алмасу шеңберінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің жұмысын үйлестіру құзыреттері берілген.
Агенттік төрағасының бұйрығымен (30.03.2023 ж. № 112) Квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) бекітілді.
Үлгілік ереже құрылымдық бөлімшелердің немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын орындайтын тұлғалардың мақсаттарын, міндеттерін, қағидаттары мен өкілеттіктерін айқындайды.
Агенттік комплаенс-офицерлер үшін конференциялар, форумдар, оқыту семинарларын тұрақты негізде өткізеді, оларға осы саланың ұлттық және халықаралық сарапшылары қатысады.
2023 жылы Агенттік «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, «KazBar» заң консультанттары палатасымен (бұдан әрі – KazBar), «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қорымен (бұдан әрі – LPRC) және Комплаенс және іскерлік әдеп қауымдастығымен бірлесіп, квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін 10-нан астам үлкен конференциялар мен семинарлар өткізді. Өңірлік деңгейде 1 500 оқыту семинары өткізілді.
2023 жылы 31 наурызда «Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дамыту» тақырыбында форум өткізілді, онда заңнаманы жетілдіру және аталған институтты дамыту мәселелері қаралды, оның практикалық мәселелері талқыланды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты шешімдер таныстырылды. Форум жұмысына комплаенс-қызметтердің, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік және жеке секторлардың, академиялық қоғамдастықтың және басқа да 5 мыңға жуық өкіл қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебі KazBar және
LPRC-пен ынтымақтастықта еліміздің 6 өңірінде (Астана қ., Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстары) жетекші отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткізілді.
Агенттік Комплаенс және іскерлік әдеп қауымдастығымен белсенді жұмыс істейді. Оның мақсаты Қазақстанда корпоративтік комплаенс және бизнесті әдепті жүргізу институттарын танымал ету және дамыту болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 12-тармағын (квазимемлекеттік және жеке секторлар субъектілерінің қызметінде ISO 37001 немесе ҚР СТ 3049 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын ерікті түрде енгізу) орындау шеңберінде, есептік кезеңде 38 квазимемлекеттік сектор ұйымдары сертификаттық аудиттен өтіп, «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйелері. Талаптар және пайдалану жөніндегі нұсқау» ISO 37001-2017 стандарты бойынша сәйкестік сертификаттарын алды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы (бұдан әрі – МБА) халықаралық және ұлттық сарапшылармен, оның ішінде Комплаенс және іскерлік әдеп қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп, оны енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарының 13-тармағы (Квазимемлекеттік және жеке сектор субъектілерінің жұмыскерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы өтеусіз негізде оқыту) бойынша KazBar және LPRC «Бизнестегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» атты тегін онлайн оқыту курсын әзірледі, оған бейнедәрістер, оқу материалдары, сертификат берілетін тестілеу жүйесі кіреді. Курс компаниялар басшылары, заңгерлер, комплаенс-офицерлер, сондай-ақ ұйымдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мәселелерімен айналысатындардың барлығына арналған.
МБА-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бойынша біліктілікті арттыру курстары жүргізіледі.
3 ЖОО-да магистратура деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс дайындау бағдарламалары іске қосылды (Narxoz University – «Ұйымдардағы комплаенс-бақылау», «Корпоративтік басқару», «Комплаенс және тиімділікті бағалау»; Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы –
«Комплаенс-офицер»; Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дайындаудың бір жылдық бағдарламасы).
Жалпы, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институты табысты дамып келеді, компаниялар арасында сыбайлас жемқорлықпен күрес коммерциялық көзқарас тұрғысынан орынды болып табылады, өйткені ол компаниялардың беделіне нұқсан келтіреді және қаржылық шығындарға келтіреді.
Кәсіпкерліктің парасаттылығына жәрдемдесу мақсатында,
бизнес-ортада айқындық пен жауапкершілікті арттыру жөніндегі шаралар қабылданды.
«Бизнес-серіктестер тізілімі» АЖ атқарымы оны Салық төлеушінің парасаттылық индексімен және Бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингімен толықтыру жолымен жетілдірілді.
Индекс скоринг құралдарының көмегімен, кәсіпкерлердің шарттық міндеттемелерін орындауға кедергі келтіретін қандай да бір жағымсыз жағдайлардың туындау мүмкіндігін есептеуге мүмкіндік береді (https://kyc.kz/ – Atameken Business Information Services платформасында іске асырылған).
Бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингі бірқатар индикаторлар мен озық тәжірибелер бойынша компанияда қабылданатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды дербес бағалау мүмкіндігін беру үшін, бизнес субъектілерінің ерікті сұрастыруы негізінде қалыптастырылады.
Сондай-ақ Қаржылық тұрақтылық индексін (контрагенттің банкроттық ықтималдығын бағалау) және Төлем тәртібінің индексін (контрагенттің қаржылық міндеттемелерді орындау бойынша дәлдігін бағалау) іске асыру жоспарлануда.
Құқық қорғау органдары кедергілерді жою, бизнес пен шетелдік инвесторлар үшін неғұрлым қолайлы, бәсекелестік жағдайлар жасау бойынша нақтылы, мақсаттылы жұмыс жүргізуде.
Осылайша, прокурорлар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (бұдан әрі – ҰКП) бірлесіп, кәсіпкерлер үшін 62 сезімтал мәселені шешті, 3 746 қадағалау актісі енгізілді, 135 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды, 6 мың заңсыз тексерулер мен бақылаудың өзге де формаларының жолын кесті және күшін жойды, 14 мыңға жуық тыйым салу және шектеу шараларының, 4,7 мың заңсыз әкімшілік іс жүргізудің күші жойылды, 1 130 адам тәртіптік,
121-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура органдарының мобильді топтары бизнесті қорғау бойынша тәулік бойы жұмысты жалғастыруда (кәсіпкерлердің 2 403 сигналы пысықталды,
323 қадағалау актісі енгізілді, 99 әкімшілік іс жүргізудің күші жойылды).
Агенттіктің өңірлердегі проблемалық мәселелерді талдау қорытындысы бойынша «Бизнеске жол» жобасын іске қосты (23.01.2023 ж. бастап), оның мақсаты – шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою.
Жұмыс екі бағыт бойынша құрылған: 1) бизнестің нақты мәселелерін шешуде практикалық көмек; 2) жүйелік проблемаларды талдау арқылы жою. Жоба іске қосылған сәттен бастап 30-дан астам жүйелік кедергілер жойылды, 600-ден астам проблемалық кейстер шешілді, 29 мың адамға көмек көрсетілді.
Мысалға, әкімдіктердің кәсіпкерлер мен азаматтардың өтініштерін жер комиссияларына жіберу арқылы, жерді жалға алуды ұзарту мәселесін жасанды түрде созуы анықталды (2020-2022 жылдары 15 мың өтініш). Заңнамада мұндай рәсім көзделмеген, жер комиссияларының жалдау мерзімін ұзарту өкілеттігі жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымы бойынша мұндай тәжірибе тоқтатылды (Жер ресурстарын басқару комитеті әкімдіктерге тиісті түсіндірме жіберді). Енді әкімдіктер өздері шешім қабылдайды.
Сондай-ақ, мемлекеттік мектеп әкімшіліктері мектеп асханаларын жалға алушы кәсіпкерлерді «Күнделік» порталында мәзірді ақылы негізде орналастыру туралы шарттар жасасуға міндеттеді. Құқықтық актілерде де, жалдау шарттарында да мұндай талаптар көзделмеген. Агенттіктің ұсынымы бойынша негізсіз талаптар алынып тасталды, ал мәзірді ақылы орналастыру туралы жасалған шарттар бұзылды.
Аумақтық білім басқармалары іс жүзінде жеке балабақшаларды мемлекеттік тапсырыс мониторингі түріндегі тексеруді жүзеге асырды. Заң бойынша оларға мұндай өкілеттіктер берілмеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін осы тәрізді тәжірибе тоқтатылды.
6 өңірде (Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай ,Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шымкент) бірқатар бақылаушы мемлекеттік органдар (санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, төтенше жағдайлар департаменттері, МСҚБ, көлік бақылауы басқармалары, техникалық реттеу департаменттері) 360 бизнес субъектісін объектіге бармай-ақ, міндетті профилактикалық бақылауды жүзеге асырмай тексеруді жоспарлады. Агенттіктің ұсынымдары бойынша тексерулер жоспардан алынып тасталды. Осындай бұзушылықтарға жол бермеу туралы барлық басқа бақылау-қадағалау органдарына хаттар жолданды.
Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ден қоюынан кейін, Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – АШМ) Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дала жұмыстары үшін жеңілдікті мұнай өнімдерінің көлемін бөлу қағидаларын (АШМ-нің 13.04.2023 ж. № 137 бұйрығы) бекітті. Бұрын регламенттеу болған жоқ және әкімдіктер көлемді субъективті түрде бөлді. Арзан жанар-жағармай материалдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер болып табылмайтын не қызметін тоқтатқан фирмаларға берілді.
Астана қ. тұтынушыларды «ҚазТрансГаз-Аймақ» акционерлік қоғамының үйішілік газ желілеріне қосу жөнінде көрсетілетін қызмет штаты мен жабдығы жоқ үлестес жабдықтаушыға бекітілді. Сонымен қатар, бұл қызмет 800-ден астам жабдықтаушы қызметін жүзеге асыратын бәсекелестік ортада көрсетіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасы бойынша Бәсекелестікті қорғау агенттігі ұйғарым енгізіп, көрсетілетін қызмет бәсекелестік ортаға берілді.
Қаржылық мониторинг агенттігі (бұдан әрі – ҚМА) «Бизнесті қорғау» жобасын іске асыруда, оның шеңберінде ведомстволық бақылау күшейтілді, мүлікке барлық ауыртпалықтарды, тінту мен алуларды есепке алу цифрландырылды. Талдамалық IT-құралдардың көмегімен құқыққа қарсы іс-әрекеттің өте жоғары тәуекелдері бар субъектілер ғана көзге түседі. Бұл бизнестің адал субъектілерін қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартудан қорғауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Бас прокуратура (бұдан әрі – БП) Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеудің тиімділігін арттыру жөнінде шаралар әзірледі:
1) «Жасыл дәліз» инвестициялық жобаларды қолдау жүйесін енгізу;
2) Бірыңғай цифрлық инвестициялық платформаны іске қосу;
3) инвесторларға қатысты шектеу шараларын келісу үшін, прокурорлық «сүзгіні» енгізу.
Әр бағыт бойынша ведомствоаралық жұмыс топтары құрылып, олардың отырыстарының графигі бекітілді. Прокурорлар инвестициялар мәселелері бойынша (жасалған инвестициялық жобалар бойынша) консультативтік-кеңесші органдардың құрамына енгізілді. Бүкіл ел бойынша прокуратураны үйлестіру кезінде инвестициялық жобаларды іске асырудың проблемалық және өзге де мәселелері бойынша құқықтық консультацияны («бір терезе» қағидаты бойынша) қамтамасыз ететін фронт-офистер (әкімдіктер, ҰҚК, ҚМА, Агенттік, ҰКП және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы) құрылды.
Нәтижесінде, мыңнан астам инвестициялық жоба сүйемелденеді.
Ел экономикасына инвестициялардың жиынтық құны ретімен 1,2 трлн теңгені құрайтын 75 инвесторға қолдау көрсетілді.
Қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлерді қолдауға, қолайлы инвестициялық ахуал жасауға және экономиканың өсуін жеделдету үшін негіз қалыптастыруға ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда және жақсылық идеологиясын дамытуда үкіметтік емес сектор маңызды рөл атқарады.
Бұл бағытта Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық қозғалысы (бұдан әрі – «ЖАҢАРУ»), Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық, «Әділет жолы», KazBar, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы, Комплаенс және іскерлік әдеп қауымдастығы, «Жақсылық акселераторы: Ізгілік елшісі» қозғалысы және басқалар жұмыс істейді.
Мысалға, бүкіл ел бойынша филиалдарының кең желісі бар «ЖАҢАРУ» оқу орындарында, әскери құралымдарда, құқық қорғау органдарының бөлімшелерінде (дәрістер, белгілі тұлғалармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, форсайт-сессиялар, сауалнамалар, бейнематериалдар) тұрақты негізде мақсатты және жүйелі жұмыс жүргізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қоғамдастықтың қатысуын кеңейту мақсатында, Агенттік «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына бастамашылық жасады (2023 жылғы тамыздан бастап).
Жоба шеңберінде 2,6 мыңнан астам ерікті бюджет қаражатын жұмсау тиімділігіне және өңірлердің проблемалық мәселелеріне мониторинг жүргізеді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта әлеуметтік роликтер жасауға және басқасына қатысады. Олардың жұмысының арқасында 3 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алудың артуына жол берілмеді.
Мысалға, Маңғыстау облысы Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны бюджетіне, шамамен, 200 млн теңге қайтарылды. Осылайша, 2023 жылға тауардың нарықтық құны 1 дана үшін 45-50 млн теңгені құрайтын 247,7 млн теңге сомасына 1 бірлік «үш тізбекті станция» сатып алу жоспарланған болатын. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде, тауардың құны 49,6 млн теңгеге дейін төмендетілді.
Алматы қ. еріктілері бюджет қаражатының жалпы сомасы
45 млн теңгеге мақсатсыз жұмсалуына жол бермеді.
Сонымен қатар, жергілікті жерлерде еріктілер анықтаған бұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, Ақмола облысында еріктілер Біржан сал ауданы Бұланды ауылында мектеп құрылысына мониторинг жүргізді. Байланыстырушы тораптардың бұзылуы және шатырдың ағаш конструкцияларын отқа төзімді өңдеудің болмауы, сондай-ақ графиктен артта қалу анықталды. Мердігерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 312-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды.
Алматы облысында әкімдік белгіленген мерзімде 1 200 студентке «Жасыл ел» бағдарламасына қатысу үшін ақы төлемеген. Еріктілер араласқаннан кейін, мәселені шешу үшін 133,9 млн теңге бөлінді.
Шымкент қ. мониторингтік топтың кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз баруы тоқтатылды. Осылайша, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке медициналық ұйымдардың мониторингі бойынша негізсіз бұйрық шығарды. Уақтылы ден қою нәтижесінде, бұйрықтың күші жойылды.
Павлодар облысында көп пәтерлі тұрғын үй салу кезінде құрылыс нормаларының бұзылуы жойылды. Еріктілердің айтуынша, мердігер жасыл желектер мен жаяу жүргіншілер жолын алып тастауды жоспарлаған. Эскиздік жоба мемлекеттік нормативтер мен санитариялық ережелерге сәйкес келмеді. Көрсетілген ескертулерді қарау қорытындысы бойынша тапсырыс беруші қолданыстағы құрылыс салу жобасын түзету және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдады.
Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрамында еріктілердің шығу тәжірибесі енгізілді, олар жаппай болатын жерлер – Қазпошта пункттері, әкімдіктер, ХҚКО-лар, мектептер, базарлар мен ірі сауда орталықтарында халықпен кездесулер өткізеді.
Мобильді топ барлығы 30 елдімекенді аралап, 570-тен астам сұрақтары бар 1 250-ге жуық адамды қабылдады. Бұл ретте, сұрақтардың жартысы сол жерде шешілді. Сонымен қатар, өтініш білдірушілер тегін құқықтық консультациялар алды.
«Pro bono еріктілік» шеңберінде өңірлерде 24 мыңнан астам азамат
(24 419 адам) тегін құқықтық көмек алды. Бұл бағыттағы жұмыс, әсіресе, 2024 жылды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде (бұдан әрі – ТМД) Волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялау тұрғысынан ерекше өзекті.
Мұндай шешімді ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі қоғамдық өмірдің түрлі салаларына еріктілер қозғалысының сіңірген еңбегі мен елеулі үлесін ескере отырып қабылдады. ТМД елдеріндегі еріктілер мұқтаж жандарға көмек көрсетуге, қоғамды дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобалар мен бастамаларға қатысады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға Агенттіктің Қоғамдық кеңесі айтарлықтай үлес қосады.
2023 жылы Қоғамдық кеңестің 16 отырысы өткізілді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік карталары, «Бизнеске жол», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобаларын іске асыру мәселелері, заңнамалық бастамалар, оның ішінде Үкімет қаулылары мен Төраға бұйрықтарының 17 жобасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру туралы есеп, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесінің жобасы қаралды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде орталық пен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мақсатында, Кеңес мүшелерінің бастамасымен көшпелі отырыстар практикасы енгізілді (көшпелі отырыстар Алматы, Семей, Өскемен және Шымкент қалаларында өткізілді).
Кеңес мүшелерінің қатысуымен өңірлерде басқа да бірқатар іс-шаралар өткізілді: облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың отырыстары; кәсіпкерлермен, студент жастармен, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілермен кездесулер.
Қоғамдық кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түрлі алаңдарда белсенді сөз сөйлейді. Агенттіктің Қоғамдық кеңесі өз қызметінде барынша ашықтық танытады. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде олардың қызметі туралы 234 материал орналастырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде айқындықты қамтамасыз ету үшін, Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы және ішкі талдау жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді талдау жүргізуге талдау объектілерінің және Агенттіктің қоғамдық кеңестерінің мүшелері тартыла алады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және талдау нәтижелері бойынша енгізілген ұсынымдарды орындау кезінде жобалық басқаруды қолдану мүмкіндігі көзделген.
Осымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жанындағы Қоғамдық кеңестер институтының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлеуеті күшейтілді. Мәселен, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің 2023 жылғы қызметі туралы ұлттық баяндаманың 1-бөлімінде (Қоғамдық кеңестер қызметінің негізгі бағыттары) сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейтуге жеке бөлім арналған.
Баяндамада Қазақстанның қалалары мен аудандарының алаңдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері белсенді талқыланатыны атап өтіледі, осының барлығы мемлекеттік және қоғамдық деңгейлердегі проблемаға қызығушылықтың артқандығын көрсетеді. Сыбайлас жемқорлықпен күреске еріктілер мен жастар топтарын тарту бастамасына ерекше назар аударылады, бұл азаматтардың хабардарлығы мен белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Қоғамдық кеңестер мен басқа да азаматтық институттардың профилактикалық рөлі 2023 жылы 2 қазанда «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануымен нығайтылғанын атап өту маңызды.
Қоғамдық бақылаудың мақсаты – қоғамдық талқылаулар, қоғамдық сараптама және қоғамдық мониторинг арқылы, Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету.
Қоғамдық бақылаудың міндеттері: азаматтарды қоғамдық бақылау процесіне тарту; қоғамдық бақылау объектілері шешімдерін қабылдау кезінде қоғамдық пікірді есепке алу; қоғамдық бақылау объектілері қызметінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету; олардың қызметінің тиімділігін арттыру; қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің өзара
іс-қимылын қамтамасыз ету; қоғамда құқыққа қайшы мінез-құлыққа төзбеушілікті қалыптастыру және басқасы.
7.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі үлгілік базалық бағыт
Агенттік 2023 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басқа субъектілерінің алдын алу әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырды.
Ең жоғары тиімділікке қол жеткізу мақсатында, бұл қызмет жобалық менеджмент құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Дәстүрлі жоспарлар жыл сайынғы бақылаумен жобаларды басқарудың ақпараттық жүйесінде күнделікті мониторингпен жобалардың жарғыларымен ауыстырылды.
Мемлекеттік органдар жобаларды басқарудың әртүрлі стандарттарын, әдістері мен құралдарын, соның ішінде гибридті басқару технологияларын және өз таңдауы бойынша аджайл-әдістерді қолданады.
Әрбір мемлекеттік органда мемлекеттік басқару жүйесін тұрақты жетілдіруге бағытталған үлгілік базалық бағыт (бұдан әрі – ТБН) құрылады және іске асырылады: 1) мемлекеттік басқаруды жаңғырту; 2) мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен біліктілігін арттыру; 3) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс; 4) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл; 5) қоғамдық сананы жаңғырту; 6) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді және мемлекеттік орган қызметінің аясын/саласын/өңірін цифрландыру.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жобалар топтары бойынша мемлекеттік органдардың әдіснамалық қолдауын, үйлестіруін, мониторингін және өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жобалық кеңсесі (ҰББ-4)[2] жүзеге асырады.
ҰББ-4 мынадай бағыттарды қамтиды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шеңберінде 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқудан өтті.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта 2 мыңнан астам түсіндіру іс-шараларын өткізді.
Лауазымдары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан және тиісті тізілімдерге енгізілген адамдармен профилактикалық іс-шаралар жеке жүргізіледі.
ҰББ-4 екінші бағыты бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері 2,5 мыңға жуық сыбайлас жемқорлық тәуекеліне ішкі талдау жүргізді, оның шеңберінде 9 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. 2022 жылмен салыстырғанда, осындай талдаулар сапасының жақсарғаны байқалады. Сыбайлас жемқорлық жағдайына шын мәнінде әсер ететін тәуекелдер анықталды.
Мысалға, мемлекеттік кіріс органдары Салықтық басқарудың интеграцияланған ақпараттық жүйесінде атқарушы буын жұмыскерлері салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларды тоқтата тұру туралы өкімдерді заңсыз кері қайтарып алуды пайдаланған осалдық байқалды (орындалмаған салық міндеттемесі кезінде).
Қабылданған шаралар нәтижесінде, жүйеде осы әрекетті аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылығымен келісуді талап ететін атқарым көзделген.
Комплаенс-қызметтердің жұмысы да жобалық басқару арқылы үйлестіріледі. 2023 жылы ҰББ-4 жобаларын іске асыруға квазимемлекеттік сектордың 1,5 мыңға жуық субъектісі тартылды (ЖАО – 1 278, ОМО – 217).
Оның 90%-дан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру және оқыту
іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз етті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс желісі бойынша құжаттарды бекітті.
Аталған институттың әлеуеті артып келеді. «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының комплаенс-офицері бас директордың орынбасарының объектілерді жеке компанияның сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосуға техникалық шарттарды негізсіз беру фактісінің жолын кесті (бұл рәсім уәкілетті лауазымды тұлғалардың келісімінсіз өтті).
Астана қ. қалалық емханасының комплаенс-офицері демалыс және сауықтыру төлемдерін аудару мониторингі барысында медициналық жұмыскердің сол кезең үшін екі рет (2022 жылғы қаңтарда және шілдеде) төлем алғанын анықтады. Одан басқа, бұл жұмыскердің жақын туыстарының бірлескен жұмысы туралы ақпаратты жасырған бұрынғы бас бухгалтердің анасы екендігі анықталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтау жөніндегі жоба шеңберінде мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық міндеттемелерді жүзеге асырудың 200-ден астам фактісі, бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдаудың
12 фактісі және мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыратын 15 адам белгіленген. Әрбір факт бойынша тиісті шаралар қабылданды (лауазымдық нұсқаулықтарды өзгерту арқылы мүдделер қақтығысын жою, адамдарды жұмыстан шығару, әкімшілік жауапкершілікке тарту және басқасы).
Мысалға, Жамбыл облысында бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған 3 адамды жұмысқа қабылдау фактілері анықталды (Облыстың білім басқармасы – 2, Жуалы ауданының Тұрғвн үй коммуналдық шаруашылық бөлімі – 1).
Олар атқаратын лауазымдарынан босатылады, ал оларды жұмысқа қабылдаған басшылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін мониторингтеу және бағалау жүйесін дамыту мақсатында, Сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесі бекітілді.
Статистикалық және өзге де деректерді, әлеуметтанулық зерттеулер нәтижелерін кешенді талдау негізінде, мемлекеттік органдарды үш модуль бойынша бағалау жүзеге асырылатын болады: 1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу; 2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігі; 3) сыбайлас жемқорлық деңгейін түйсіну.
Сыбайлас жемқорлық деңгейін жыл сайынғы бағалау Агенттіктің үйлестіруші әлеуетін неғұрлым дәл пайдалануға және оларды сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құралдарын неғұрлым белсенді қолдануға ынталандырумен, осал жерлерді мемлекеттік органдармен бірге пысықтауға мүмкіндік береді.
7.2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі алқалы органдар
2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның 3 отырысы («Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру барысы туралы»; «Кеден ісі, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жүйелі негізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың орындалу нәтижелері туралы»; «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «Еуропа Кеңесі (бұдан әрі – ГРЕКО) жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттер тобының ұсынымдарын қарау барысы туралы ) өткізілді.
Отырыстарға Комиссия мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары қатысты.
Олардың нәтижелері бойынша уәкілетті органдар мен ұйымдарға нақты ұсынымдар берілді, олардың орындалуын бақылауды Президент Әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімі (Комиссияның жұмыс органы)[3] қамтамасыз етті.
Тізбеленген мәселелерді қарау туралы тиісті ақпараттық хабарламалар орналастырылды және Мемлекет басшысына баяндалды.
Жүйелі алдын алу жұмысының тиімді элементтерінің бірі өңірлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар (бұдан әрі – ВАК) болып табылады.
Есептік кезеңде өңірлерде ВАК-тың 79 отырысы өткізілді, оның қорытындысы бойынша 761 ұсыным әзірленіп, 97%-ы орындалды (741).
Мысалға, Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қордан тұрғын үйді заңды бөлу басталды, ол бұрын құқықтық негіздері мен тиісті құжаттары жоқ тұлғалардан жалға алынған. Кезекте тұрғандар тізімінде 1 367 жетім баланың кезектері қалпына келтірілді.
ВАК-та қарау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару шаралары қабылданды (Батыс Қазақстан облысында – 112 мың га, Қарағанды облысында – 12,1 мың га).
Жалпы, барлық өңірде ВАК әзірлеген ұсынымдардың сапасы және олардың орындалуын бақылау жақсарды. Бұл комиссиялардың жұмысын үйлестіруді күшейту және олардың құқықтық мәртебесін қайта қарау бойынша қабылданған шараларға байланысты.
Осылайша, Агенттіктің ұсынысы бойынша барлық өңірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаменті ВАК-тың жұмыс органы болып айқындалды (комиссиялар туралы ережелерге өзгерістер енгізілді), бұл қызметті ағымдағы жедел жағдай негізінде ұйымдастыруға және комиссияның қарауына неғұрлым өзекті материалдарды енгізуге мүмкіндік берді.
Бұрын комиссияның жұмыс органы әкім аппараты (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана) болған, ол мүдделер қақтығысын тудырды және нақты өңірде сыбайлас жемқорлықты барынша азайту бойынша жұмысты жүйелі түрде құруға мүмкіндік бермеді.
2023 жылы мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту және цифрлық технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жалғастырылды.
МҚІА жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша 2022-2023 жылдары 554 бюрократиялық кейс анықталды (105-і бүкіл мемлекеттік аппараттың қызметіне, 31-і – білім беру, 53-і – денсаулық сақтау, 40-ы – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, 110-ы – қаржы, 41-і – сыртқы саяси қызмет, 56-сы – сауда және интеграция, 59-ы – ауыл шаруашылығы, 59-ы – экология және табиғи ресурстар саласына жатады).
Мынадай шаралар қабылданды:
1) Үкіметке заң күші бар уақытша актілерді қабылдау құзыреті берілген, бұл өзекті сын-тегеуріндерге, форс-мажорлық мән-жайларға және дағдарысты жағдайларға дербес және жедел ден қоюға мүмкіндік береді;
2) нормашығармашылық процесі айтарлықтай оңтайландырылған
(51 кезеңнен 22 кезеңге дейін, 175 күннен 95 күнге дейін);
3) Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың саны екі есе оңтайландырылды (1175-тен 592-ге дейін);
4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің кіші түрлерін 693-тен 1324-ке дейін нақтылау қамтамасыз етілді, бұл кезекті мәндік қайта саралау мақсатында, азаматтардың өмірлік жағдайларының алуан түрлерін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған цифрлық шешімдер мемлекеттік аппараттың адамға бағдарланған және сервистік жұмысты қалыптастырудағы негізгі аспектілердің бірі болып табылады.
Бұл тұрғыда сот жүйесінің дамуы өте маңызды. Сот ісін жүргізуді оңайлату, сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру жөнінде шаралар қабылдануда.
Соттарға қол жеткізудің бірыңғай терезесі – «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі, оның ішінде мобильді нұсқада 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Пайдаланушылар сотқа үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, электрондық форматта жүгіне алады, мемлекеттік бажды төлей алады, сот құжаттарымен таныса алады, сот отырысының хаттамасын ұсыну туралы өтініш немесе сот отырысының хаттамасына ескерту және басқасын бере алады.
Ағымдағы жүктемеге және бекітілген мамандандыруға сәйкес, судьялар арасында істерді автоматтандырылған бөлу енгізілді (адами фактор алынып тасталды).
Жасанды интеллект (машиналық оқыту) технологияларын қолдана отырып, «Сот практикасының цифрлық талдамасы» талдамалық АЖ өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Ол судьялар жұмысының тиімділігін арттыруға, материалдардың үлкен көлемін өңдеу бойынша күнделікті операциялар жүргізуге, жоғары тұрған соттардың сот актілерін зерделеуге және істерді қарау нәтижелері бойынша алдын ала болжамдар алуға кететін уақытын қысқартуға ықпал етеді.
Жүйе 4 модульден тұрады:
1) жағдай және мағынасы бойынша ұқсас істерді іздеу, бұл істің санатын жедел табуға, сот практикасында бағдарлануға мүмкіндік береді және қарау кезінде «төрешілдік пен сөзбұйдаға салуды» болдырмайды;
2) бір және сол санаттағы істерді қарау кезінде мағынасы бойынша қарама-қарсы сот актілерін іздеу («қалыптан тыс» сот актілерін талдау);
3) барлық деңгейдегі соттарда істерді қарау барысы мен нәтижелерін қадағалау (инстанциялар бойынша шешімдердің «өмірлік циклі»);
4) сотта істің нәтижесінің болжамы, яғни өтініш беруші (талапкер) болжамды нәтиже туралы хабардар етілеті болады.
Бұл модульдердің атқарымы қажетті ақпаратты жедел іздеуді қамтамасыз етеді, ал оны талдау әрбір судьяға кез келген іс бойынша сот практикасында бағдарлануға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, азаматтарға ыңғайлы болу үшін дайын талап қоюды (еңбек, мұрагерлік және ажырасу даулары, сатып алу-сату, жеткізу, қарыздар мен жалдау шарттары бойынша) автоматты түрде қалыптастыру атқарымының енгізілгені назар аудартады.
Цифрландыру және құқық қорғау қызметінің айқындығын қамтамасыз ету жалғасуда.
2023 жылы қылмыстық істердің 94,3%-ы (2022 ж. – 90,8%) электрондық форматта тергелді.
Адвокаттарды электрондық тағайындау процесін автоматтандыру мақсатында, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімін «Е-Заң көмегі» АЖ-бен интеграциялау іске асырылды, ол арқылы 29 374 электрондық өтінішхат жіберілді.
Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде 10,4 млн (2022 ж. – 8,1 млн) электрондық хаттамалар мен нұсқамалар жасалды немесе әкімшілік материалдардың жалпы санының 95%-ы (88%).
Жоғарғы Соттың (соттарда қарау үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің электрондық бағыты), екінші деңгейдегі банктермен (құқық бұзушылық орнында ұялы телефон арқылы не терминал арқылы банк картасымен айыппұл төлеу), Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҰҚК) (көші-қон заңнамасын бұзу бойынша мәліметтерді беру), атқарушы іс жүргізу органдарының (процестік құжаттарды мәжбүрлеп орындауға беру), Мемлекеттік кредиттік бюроның (жол көлік оқиғалары бойынша материалдарды беру) ақпараттық жүйелерімен, электрондық медициналық куәландыру жүйесімен (медициналық ұйымға қандай да бір адамды куәландыру тұрғысынан жолдама шығару), «электрондық үкіметтің» SMS-шлюзімен (құқық бұзушыларға хабарламалар жолдау) интеграциялар жүргізілді.
Бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау үшін, Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі жүйесі жұмыс істейді. 2023 жылы 1 000-нан астам заңсыз тексерудің жолы кесілді.
Жедел өзара іс-қимыл жасау үшін, басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жұмысы жалғасуда.
ҚМА қаржылық мониторинг субъектілері үшін бірыңғай портал енгізді, ол арқылы күдікті және шекті операциялар туралы хабарламалар жіберу, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (КЖҚІҚ/ТҚ) саласындағы оқыту материалдарына қол жеткізу қамтамасыз етіледі.
Ішкі істер органдарында жол қозғалысын интеллектуалды бақылау жүйесі белсенді пайдаланылуда (еліміздің жолдарында Жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркейтін 21,8 мың камера орнатылған). Барлық бұзушылықтың жартысына жуығы байланысусыз анықталады. Осымен бірге, учаскелік және ювеналды полиция қызметкерлерін планшеттермен және киілетін бейне-жетондармен жарақтандыру жұмысы жүргізілуде. Құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер онлайн-режимде электрондық үкімет порталына келіп түседі, бұл материалдарды бұрмалау мүмкіндігін болдырмайды.
Осылайша, әкімшілік кедергілер цифрландыру есебінен азайтылды, халықпен байланыс алынып тасталды, сондай-ақ күнделікті қызметке бақылау орнатылды, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, ішкі істер органдары жеке құрамы арасындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 18%-ға төмендеді.
Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі – Қорғанысмині) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, әскери басқару органдары қызметінің тиімділігін арттыру, қағаз құжат айналымын азайту, азаматтармен байланысуды азайту мақсатында, әскери есепке алуды цифрландыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады (тұрғылықты жерін ауыстырған кезде, жергілікті әскери басқару органдарына автоматты түрде бекіту; тіркеу туралы куәліктерді берудің күшін жою; әскери қызмет өткермеген адамдарға әскери билеттер берудің күшін жою; анықтама беруге байланысты бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру). Мысалға, әскерге шақыруды кейінге қалдыру және босату бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барынша шалдыққан мемлекеттік көрсетілетін қызметтер электрондық форматқа ауыстырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі –Еңбекмині) мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқарту бойынша жұмысты жалғастырды (мемлекеттік көрсетілетін 4 қызмет проактивті форматқа ауыстырылды, жәрдемақылар адамның қатысуынсыз автоматты түрде тағайындалды; 7 жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі оңайлатылды, бұл мерзімдерді 8-ден 1 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді).
Мәселен, Әлеуметтік кодексте мүгедектікті белгілеудің, ең алдымен, тікелей байланысты болдырмауға бағытталған сырттай проактивті форматы бекітілген. Сырттай куәләндыру, әлеуметтік төлемдер мен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді одан әрі тағайындау Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі – ДСМ) және басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде, өтініш берушінің қатысуынсыз автоматты түрде жүргізіледі.
Осымен қатар, ДСМ еңбекке уақытша жарамсыздық туралы қағаз парақтарды алып тастау үшін МҚІА-мен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілердің еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы электрондық парақты автоматтандырылған түрде ұсыну бойынша пилоттық жобаны іске асыруда (Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасына тіркелгендер).
Зертханалық зерттеулердің бірыңғай қоймасы іске асырылды
(азаматтар өз деректерін eGov mobile және eDensaulyq сервисі арқылы көре алады).
Ол пайдаланушыларға өздерінің зертханалық нәтижелеріне қол жеткізуді зертхананың орналасқан жеріне қарамастан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен жеделдігін арттырады (пациентке медициналық қызмет көрсету кезінде медицина қызметкері зертханалық зерттеулер бойынша қолда бар деректерді онлайн пайдалана алады).
Сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жазып беру негізінде, рецептілерді автоматты түрде жасау іске асырылуда. Бұл оларға рецептті ұзарту мақсатында, медициналық ұйымға бармауға мүмкіндік береді.
Осымен қатар, медициналық көрсетілетін қызметтерді тіркеумен күресу үшін, пациенттің медициналық ұйымда көрсетілетін қызметтерді алуы сәтінде болу фактісін QR-растау жүзеге асырылды (пациент eGov mobile мобильді қосымшасының көмегімен дәрігердің кабинетінде QR-кодты сканерлейді және келуді растайды).
Көрсетілген медициналық қызметтер туралы халықты ақпараттандыру және тіркеуді төмендету мақсатында, SMS-хабарламалардың бес түрін тарату іске асырылды:
1) пациентті стационардан емдеп шығару (2023 жылы 7 347 050 SMS);
2) рецепт нөмірі мен күні көрсетілген, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде рецептің үзінді-көшірмесі (9 950 164 хабарлама);
3) жоспарлы емдеуге жатқызу күні туралы (4 426 881);
4) жүкті әйелдерді жоспарлы тексеру күні туралы (3 343 234);
5) медициналық ұйымға тіркелудің өзгеруі туралы (1 844 290).
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 51, оның ішінде проактивті түрде – 30 түрі көзделген. 27,3 млн мемлекеттік қызмет, оның 89,2%-ы электрондық түрде көрсетілді.
Әділетмині «Digital Justice» бағдарламасы шеңберінде нотариатты цифрландыру, заң шығару процесі, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру жөнінде шаралар қабылдады.
Осылайша, «Цифрлық нотариат» жобасы іске асырылды, ол нотариаттық көрсетілетін қызметтерді азаматтар тарапынан қосымша шығындарсыз онлайн-форматқа ауыстыруды көздейді.
«Smart Data Ukimet» платформасында «Алименттер» талдамалық кейсі іске асырылды, атқарушылық іс жүргізуді жеке сот орындаушыларының қатысуынсыз, автоматтандырылған қозғау жөніндегі жоба іске қосылды.
Мемлекет басшысының жер учаскелерін өнеркәсіптік пайдалануға жедел және ашық бөлу үшін пәрменді тәсілдерді әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрі (бұдан әрі – ЖМБМК) енгізілді.
Жер учаскесіне құқықтарды ресімдеу рәсімі оңайлатылды: көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру; бірқатар құжаттарды (жерге орналастыру жобасы, жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты) және жер комиссиясын алып тастау (келісімдер саны азаяды); құжаттарға әртүрлі сатылардан өту кезінде онлайн мониторинг жүргізу; композиттік көрсетілетін қызметтерді енгізу (құқықтарды тіркей отырып, жер учаскесіне құжат алу); құжаттарды қарау және келісу мерзімдерін 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарту.
ЖМБМК-ні іске қосу шеңберінде Жария кадастрлік карта енгізілді (https://map.gov4c.kz/egkn/), ол жер, құқықтық, табиғи және өзге де кадастрлер мәліметтерін интерактивті форматта қамтиды. Аталған ресурс жылжымайтын мүлікпен және жермен жасалатын мәмілелерді автоматтандыру және оңайлату арқылы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай азайтады.
Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беруді, тіркеу ісінен құжаттардың көшірмелерін беруді және электрондық техникалық паспортты беруді толықтай автоматтандырды.
ОАМ ақпараты бойынша Астана қ., Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында «Бұлтты бухгалтерия және кадрлық есеп» пилоттық жобасы оң нәтиже көрсетті.
Бұлтты бухгалтерияны енгізудің негізгі артықшылықтары операцияларды автоматтандырылған бақылау, өзгерістер туралы ақпаратты сақтау, өкілеттіктер мен жауапкершілікті бөлу жүйесі, қателіктерді, жымқырулар мен алымдарды азайту арқылы, қаржылық бұзушылықтарды төмендету болып табылады. Нәтижесінде, облыстық деңгейдегі атқарушы органдар бұлтты бухгалтерияға толығымен көшті, аудандық деңгейде – техникалық мәселелер шешілуде (серверлерді, компьютерлерді сатып алу, Интернетке қолжетімділікті кеңейту және т.с.с.).
Осымен қатар, дерекқорларды (ҰББД, Отбасы цифрлық картасы, «электрондық үкімет» порталы, «Smart Data Ukimet») интеграциялау арқылы жалпы білім беретін мектептерде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұсыну жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызмет проактивті форматқа ауыстырылды (өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігін растайтын анықтамаларды талап ету жойылды).
ҚМ компаниялардың тауарлары мен көрсететін қызметтері бойынша барлық мәмілелерді қадағалауға және бір мезгілде олардың кірістерінің толық көрсетілуін тексеруге мүмкіндік беретін «Электрондық шот-фактуралар» онлайн-жүйесін енгізді.
Осы жүйенің көмегімен камералдық бақылау бұзушылықтарды қашықтан анықтаумен және тиісті хабарламалар берумен автоматты түрде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлерге бұл бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік ұсынылды.
«Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе» АЖ-ды жаңғырту жалғастырылды. Құжаттарды беру уақыты 30-дан 5 күнге дейін қысқарды.
Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің кедендік тексерулерді (тексеріп қарауларды) жүргізуінің айқындығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында, «Астана-1» АЖ-да «Кедендік тексерудің (тексеріп қараудың) электрондық актісі» модулі енгізілді.
Бизнес үшін барынша ыңғайлы және қолайлы жағдайлар жасау үшін, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасында орналасқан барлық автомобиль өткізу пункттерінде электрондық кезек жүйесі енгізілді.
Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру шеңберінде бірқатар кешенді шаралар қабылданды. Осылайша, құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу рейтингтік-баллдық жүйені пайдалана отырып, конкурс тәсілімен ғана жүзеге асырылады (2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап).
Мұндай тәсіл конкурстық комиссия мүшелерінің қатысуын болдырмайды және баға мен сапа критерийлерін біріктіру арқылы, сатып алу жеңімпазын жабдықтаушылардың рейтингі негізінде автоматты түрде анықтайды. Рейтингтік-баллдық жүйені пайдалану конкурсының қорытындылары шағымдануға жатпайды.
Конкурстық құжаттамада сондай-ақ әлеуетті жабдықтаушының бенефициарлық меншік иелері туралы ақпаратты міндетті түрде көрсету көзделген.
Қабылданған шаралармен процесті автоматтандыру және оңайлату, оның айқындығын қамтамасыз ету, жосықсыз жабдықтаушыларды мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығару жолымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайтылды. Бұл сонымен қатар, отандық бизнесті қолдауға және бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жалғасуда. Тізілімге 1 327 мемлекеттік көрсетілетін қызмет енгізілді, оның 1 247-сі немесе 94%-ы электрондық форматта көрсетілуде. еGov Mobile мобильді қосымшасында мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 1 085 түрі қолжетімді.
Мобильді қосымшаларда цифрлық құжаттарға (33 түрі) қолжетімділікті іске асыру бюрократияны сыбайлас жемқорлық факторы ретінде төмендетудің жарқын мысалы болып табылады. Осы сервисті 12,1 миллионға жуық пайдаланушы қолданды.
Ұлттық банк Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде қолма-қол ақшасыз төлемдер инфрақұрылымын кеңейту жөнінде шаралар қабылдады.
Төлемдерді жасау, инновациялық сервистер, төлем құралдарын енгізуді және қолма-қол ақшасыз төлем инфрақұрылымын дамытуды регламенттейтін қажетті реттеуші жағдайлар мен нормативтік-құқықтық база жасалды.
Қаржы ұйымдары мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұтынушыларға нарық қатысушыларын тиісті мемлекеттік сервистерге қосу жолымен банктік қосымшаларда қаржылық қана емес, сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынуды да қамтамасыз етті.
Банк клиенттеріне төлем қызметтерінің кең ауқымы, оның ішінде банктік шотты қашықтан ашу, сәйкестендірудің биометриялық тәсілдері, телефон нөмірі бойынша аударымдар, төлем карточкалары, QR-код бойынша төлемдер, интернеттегі төлем.
Қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі соңғы 5 жылда 22 есеге өсіп, 2023 жылы 141,9 трлн теңгені (2018 жылы 6,39 трлн теңге) құрады, қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 2018 жылғы 37,8%-дан 2023 жылы 88,7%-ға дейін, ал онлайн-төлемдер көлемі 40 есеге (125,7 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.
POS-терминалдар саны 5 жыл ішінде 7,7 есеге, 1 041,9 мың бірлікке (2018 жылы 135,8 мың бірлік), қолма-қол ақшасыз төлем қабылдайтын кәсіпкерлер
9,6 есеге, 793,1 мың бірлікке (2018 жылы 82,5 мың бірлік) дейін өсті.
Ұлттық банк қаржы секторын одан әрі цифрландыру мақсатында, негізгі элементтері:
1) оңайлатылған деректемелер (телефон нөмірі, QR-код) бойынша елішілік транзакцияларды оқшаулауға және түрлі банктер клиенттері арасында
онлайн-төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуге арналған бөлшек Ұлттық төлем жүйесі. Жаңа қатысушыларды қосқаннан, жаңа сервистерді, оның ішінде банкаралық QR-төлемдерді ауқымдағаннан және дамытқаннан кейін, Ұлттық төлем жүйесін толық көлемде іске қосу жоспарлануда (2024 жылы);
2) «Цифрлық теңге» платформасы (ұлттық валютаның цифрлық формасын пайдалану арқылы елдің төлем кеңістігін дамыту, нарыққа қатысушылардың жаңа қаржы сервистерін енгізуі);
3) Ашық банкинг платформасы (азаматтарға өз деректері мен қаржы өнімдерін басқаруға рұқсат беру арқылы, банкаралық кедергілерді және тұтынушының қызмет көрсететін банктің атқарымдық мүмкіндіктеріне тәуелділігін жою) болып табылатын Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын қалыптастыруда.
Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын толық енгізу 2025 жылы қамтамасыз етілетін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осымен қатар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бюджет қаражатын игеру кезіндегі «ақшаны бояу» тетігін пысықтауда.
Қазіргі уақытта аталған тетік мектептегі тамақтану саласындағы «Цифрлық теңге» платформасында сыналуда. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа шалдыққан әлеуметтік маңызы бар 3 салада (ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу, автомобиль жолдарын жөндеу, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының қаражатын пайдалану) «ақшаны бояу» тетігін енгізу тәсілдері пысықталуда. Бұл ретте, «ақшаны бояу» тұжырымдамасы бірқатар талаптарға сәйкес келуге тиіс, оның ішінде:
1) операцияларды тек қолма-қол ақшасыз формада жүзеге асыру (салықтық, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ сомасы айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асатын мәміле бойынша төлемдерді аудару үлгісі бойынша);
2) соңғы «буынға» дейін «бояу» (салық, әлеуметтік және өзге де төлемдер, оның ішінде зейнетақы аударымдары түрінде бюджетке қаражат қайтарылған не қызметкер жалақы алған сәтке дейін);
3) әрбір транзакцияны құқықтық негізде және бюджет қаражатын алушының мәртебесін көрсетумен сүйемелдеу.
Қолма-қол ақшаны қадағалау тетігі әрбір банктік транзакцияға жіберушіні, алушыны, соманы және т.с.с. қоса алғанда, аударым мазмұны негізінде жасалатын бірегей сәйкестендіргішті тағайындауды қамтиды.
Цифрлық ақша бірліктерін таңбалау транзакцияларға рұқсатсыз өзгерістер енгізуді болдырмауға, жүргізілген операциялардың барлық тізбегін «цифрлық» із бойынша көруге және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына уақтылы мониторингті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, болашақта «ақшаны бояу» негізсіз байытуға қарсы тұрудың қосымша құралы бола алады.
Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларын іске асыру шеңберінде 34 мемлекеттік орган цифрлық трансформацияның
2023-2025 жылдарға арналған жол карталарын бекітті.
2023 жылы 365 бизнес-процеске қайта саралау жүргізілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – ЦДИАӨМ) жол карталарын орындау бойынша мемлекеттік органдармен апта сайын scrum-мәжілістер өткізеді.
Цифрлық үкіметті қолдау орталығы «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында бизнес-процестер тізілімін пысықтауды жүзеге асырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын және көрсетілген Қағидаларды орындау үшін НҚА жобаларына «цифрлық» сараптама енгізілді, оларды цифрлық трансформацияның стратегиялық бағыттарына (азаматтармен және мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл арналарын жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді барынша белсенді форматқа көшіру, қағаз құжаттарын алып тастау, алгоритмдік реттеу жүйесіне көшу, деректер негізінде шешімдер қабылдау мәдениетін енгізу) сәйкестігі тұрғысынан ЦДИАӨМ жүзеге асырады.
Бизнес-процестерді қайта саралаудың бұл кезеңі көлемді және жеткілікті түрде айқын емес процедураларды жоюға, құжаттарды әзірлеу сатысында адами факторды азайтуға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидаларына ақпараттық жүйелерді әзірлеу және пайдалану мәселелерін міндетті түрде зерделеу бөлігінде толықтырулар енгізілді.
Жалпы, цифрландыру және бюрократиядан арылту бойынша кешенді шаралардың арқасында, Қазақстан Электрондық үкіметтің даму индексі бойынша әлемдік рейтингте 28-орында және Онлайн көрсетілетін қызметтер индексі бойынша 8-орында.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жалғастырылды, жеке сектордан кандидаттар үшін мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа біліктілік талаптары қабылданды, қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі және келісімшарттық қызметшілер институты енгізілді, Мемлекеттік басқару академиясының құрамында Адам ресурстарын басқару институты (HR-институт) құрылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде «Е-қызмет» АЖ-ды дамыту және жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілді.
Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процестері цифрландырылды, мемлекеттік органдарда «Е-қызмет» АЖ-ды масштабтау жүргізілді.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін сынақтан өткізу процесінде түрлі бос лауазымдарға конкурстардың 652 жеңімпазы анықталды (МҚІА – 117, Сауда және интеграция министрлігі – 108, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – 88, Көлік министрлігі – 2, Ақмола облысының әкімдігі – 259, Шымкент қаласының әкімдігі – 78).
Жаңа формат мемлекеттік қызметке іріктеу процесіне барынша оңайлатылған тәсілді көздейді. Осылайша, азаматтар конкурсқа кез келген ыңғайлы уақытта (24/7), оның ішінде әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде әлемнің кез келген нүктесінен қашықтан қатыса алады. Мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында, конкурс кезеңдерінен өту кезінде кандидаттарды оларға ID-нөмірлер беру арқылы иесіздендіру көзделген. Барлық кезеңдердегі конкурстық рәсімдердің ашықтығы тәуелсіз прокторинг жүйесімен де қамтамасыз етіледі. Осылайша, азаматтар «адами факторды» болдырмай, автоматтандырылған және объективті іріктеу жүйесіне қол жеткізді.
«Е-қызмет» АЖ-да қаржылық мониторинг, қаржы нарығын реттеу және дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері, Президент архиві, БП, ҰҚК, Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – ІІМ), Ұлттық Банк, орталық коммуникациялар және мемлекеттік күзет қызметтері, ҚМ және Сот әкімшілігінің мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілерінің жеке істерін құру және жаңғырту бөлігінде жұмыс жүргізілді (жүйені пайдаланушылар саны, шамамен, 87,3 мың адамды құрады).
«Тағылымдама», «Тәртіптік бақылау», «Жұмыс уақытын есепке алу», «Көтермелеу», «Персонал қызметінің тиімділігін бағалау», «Іссапар» және т.с.с. модульдерін атқарымы жаңғыртылды.
«Е-қызмет» АЖ жұмысын одан әрі жақсарту мақсатында, персоналды басқару қызметтері үшін жүйенің жұмыс сапасына қанағаттанушылық деңгейін өлшеу бойынша сұрастыру жүргізіліп, 66,6%-ды құрады (Агенттіктің алдында пайдаланушылар үшін жүйенің тартымдылығы мен ыңғайлылығын жақсарту бойынша одан әрі жұмыс тұр).
«Е-қызмет» АЖ-да 2023 жылы 770 мың құжат ресімделді, бұл
2022 жылмен салыстырғанда, 125 мың құжатқа артық (645 мың).
Жалпы, аталған ақпараттық жүйе ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтан өтіп, 2023 жылы желтоқсан айында өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау жұмысы 2023 жылы жалғасты. Әдеп жөніндегі кеңестер 197 отырыс өткізіп, 1,3 мыңнан аса мәселе қаралды (сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары – 33, әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің нәтижелері – 189, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысы – 301, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысы – 128, тәртіптік істер – 411, өзге де мәселелер – 259).
Тәртіптік істерді қарау қорытындысы бойынша 203, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін – 111, Әдеп кодексін бұзғаны үшін – 92 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Әдеп жөніндегі кеңестер әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл жасау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу формалары мен әдістерін жетілдіру мақсатында, сондай-ақ тәртіптік істерді қарау қорытындылары бойынша 4 813 ұсыным әзірлеп, оның 4 618-ы (95,94%) орындалды.
МҚІА 396 тексеру жүргізіп, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы 13 мыңнан астам бұзушылықты анықтады, 80 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға 345 ұсыну, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама және заңнаманы бұза отырып қабылданған шешімдердің күшін жою жөніндегі ұсыныстар енгізілді, оның ішінде 338-і (97,9%), оның үстіне 57-сі заңсыз актілердің күшін жоя отырып орындалды.
Сервистік мемлекеттік аппаратты одан әрі қалыптастыру мақсатында, ең көп сұранысқа ие 423 мемлекеттік қызмет бойынша қоғамдық мониторинг жүргізілді, оған 63 мыңға жуық азамат қатысты. Халықтың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 81,3%-ды құрады, бұл 9 жылдағы ең жоғары мән болып табылады.
Мемлекеттік қызметтің 2023 жылы дамуы туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндамада ұсынылған.
2023 жылы құқық қорғау және арнаулы органдар 1 692 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркеді (2022 жылы – 1 724) [4].
1-диаграмма. Сыбайлас жемқорлық қылмыс динамикасы
1-кесте. Ең көп таралған сыбайлас жемқорлық қылмыстар
|
Қылмыстың түрі |
2021 |
2022 |
2023 |
|
Пара беру |
568 |
549 |
616 |
|
Пара алу |
449 |
446 |
388 |
|
Алаяқтық |
160 |
311 |
233 |
|
Лауазымдық өкілеттерді теріс пайдалану |
123 |
110 |
133 |
|
Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету |
116 |
87 |
169 |
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тіркеу жалпы 2%-ға – 1 724-тен 1 692-ге дейін төмендеді, бұл ретте аса ауыр қылмыстарды анықтау 1,5 есе
34-тен 57-ге дейін, сотталғандар саны – төрттен бір бөлігіне, 725-тен (493 немесе 68% – лауазымды тұлғалар, 232 немесе 32% – жеке тұлғалар) 916-ға (587 немесе 64% - лауазымды тұлғалар, 329 немесе 36% – жеке тұлғалар) өсті.
Сотталғандар арасында: ішкі істер органдарының қызметкерлері (жұмыскерлері) – 191 (187), әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері – 175 (150), оның ішінде әкімдер – 7 (7), Қаржы министрлігі – 38 (40), Төтенше жағдайлар министрлігі – 30 (5), Қорғаныс министрлігі – 27 (12), ұлттық қауіпсіздік органдары – 20 (19), Ауыл шаруашылығы министрлігі – 17 (18), Денсаулық сақтау министрлігі – 13 (5), Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 12 (7), экономикалық тергеу қызметі – 7 (5) және өзге де адамдар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 1 099 сыбайлас жемқорлық қылмысты тіркеді, 987 адам әшкереленді.
Аяқталған сотқа дейінгі тергеу бойынша өтелген залал сомасы 285,1 млрд теңгені құрады (2022 ж. – 108,5 млрд теңге). 2022-2023 жылдары өтелген 393,6 млрд теңге он жылдық кезеңдегі (2012-2021 жж.) аталған көрсеткіштен (290,6 млрд теңге) асып түсті.
Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін 73 адам 22,4 млн теңге сомасына көтермеленді.
Қылмыстық процесті ізгілендіру және цифрландыру шеңберінде Агенттік оларға қатысты қамауда ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасы таңдалған адамдарды қашықтан бақылау үшін, электрондық бақылау құралдарын (браслеттерді) пайдалануды жалғастыруда.
2023 жылы білезіктер 72 күдіктіге қатысты қолданылды (2020 ж. – 6, 2021 ж. – 27, 2022 ж. – 41). Бұл құрал оқиғалар тарихына қол жеткізе отырып, қозғалыстарды минут сайын онлайн-бақылау арқылы белгіленген режимді бұзу әрекеттеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, күдіктінің жеке өміріне араласуға жол берілмейді (тұрғылықты жері бойынша оның орналасқан жерін үнемі тексерудің қажеті жоқ) және органның күштері мен құралдары барынша ұтымды пайдаланылады.
Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін 191 адам жауапқа тартылды.
Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, құқықтың үстемдігін, әлеуметтік әділеттілікті, Қазақстанның орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету мақсатында, өз халқының игілігі үшін «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды (12.07.2023 ж.).
Заңда активтерді қайтару қағидаттары (заңдылық; активтерді ерікті қайтаруды ынталандыру басымдығы; жариялылық, айқындық және есептілік; процеске қатысушылардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау басымдығы; мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы; азаматтық айналымды, адал сатып алушылар мен адал кредиторлардың құқықтарын қорғау; активтерді қайтару жөніндегі шаралар мен тетіктердің пропорционалдылығы) бекітілген.
Заңның мақсаттары активтерді қайтару және (немесе) оларды Қазақстан Республикасындағы заңды экономикалық айналымға тарту, оларды заңсыз алуға және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру болып табылады.
Деректер мақсаттарына қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырылады:
1) активтерді шығару саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру;
2) активтерді қайтару бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;
3) мемлекеттік саясатты қалыптастыру және қайтарылған қаражатты қоғамның игілігі үшін тиімді пайдалану;
4) экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына, активтердің заңсыз шығарылуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау және жою және олардың салдарын жою.
БП Активтерді қайтару комитеті Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы болып құрылды және жұмыс істейді (Қазақстан Республикасы Президентінің 05.10.2023 ж. № 366 Жарлығы).
Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда осы бағытта мамандандырылған бөлімшелер айқындалған.
Агенттікте мұндай бөлімшенің (Қаржылық тергеу, активтерді іздеу және қайтару басқармасы) жұмысы қылмыстық ақшаны жылыстату белгілері бар қылмыстық әрекеттерді тергеуге және активтерді анықтау және қайтару бойынша уақтылы шаралар қабылдауға бағытталған.
Агенттік қабылдаған шаралар нәтижесінде, мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, шамамен, 1 трлн теңге (2022-2023 жылдарда – 912 млрд теңге) сомасына заңсыз алынған активтер қайтарылды.
Бұл жұмыс БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының негізгі қағидаты – қылмыстық активтерді іздеуді және қайтаруды қамтамасыз етуді жүзеге асыру болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен ҚМА қаржылық барлауы Ақшаны жылыстатумен күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) және ГРЕКО ұсынымдарын орындау шеңберінде, сыбайлас жемқорлық қылмыс табыстарын анықтаудың тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық әріптестікті белсенді түрде құруда.
Жұмыс процесінде Эгмонт Тобының бейресми байланыс арналары, CARIN (Еуропа), ARIN (Азия), Globe желілері сияқты, халықаралық құралдар пайдаланылады, олар шет елдік серіктестермен ақпарат алмасу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін, «Білім беру инфрақұрылымын қолдаудың арнайы қоры» сондай-ақ жұмысын жалғастыруда, онда қаражат, оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен байланысты тергеп-тексерулер шеңберінде тәркіленген қаражат келіп түседі (2023 жылдың қорытындысымен 152,9 млрд теңгеден астам қаражат шоғырландырылған).
Ақша қаражаты тек әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады. Қор қаражатына 43 мектеп салынып, пайдалануға енгізілді, аяқталу сатысында – 19, 2025 жылы тағы 20 мектеп салу жоспарланған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын орындау үшін, 2023 жылы 3 қаңтарда шенеуніктердің негізсіз байытқаны үшін жауапкершілігін көздейтін Заң қабылданды.
Шенеуніктің шығындары оның кірістеріне сәйкес келмеген жағдайда, фискалдық және мансаптық санкциялар көзделген. Осылайша, 1000 айлық есептік көрсеткіштен асып кету анықталған асып кетудің 90%-ы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады. Егер шенеуніктің шығыстары мен кірістерінің сомасы арасындағы айырмашылық оның жылдық табысынан асып кетсе, онда шенеунік теріс себептермен жұмыстан шығарылуға жатады.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау кепілдіктерін күшейту маңызды заңнамалық жаңашылдық болды. Түзетулер олардың еңбек мүдделерін қорғауға, сондай-ақ олар туралы ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілеуге бағытталған.
«Integrity Check» парасаттылыққа тексеруді пилоттық сынақтан өткізу нәтижелері бойынша барлық құқық қорғау органдарында (Агенттікте, ҚМА, ІІМ және ТЖМ-де) осы тиімді құралды енгізу бойынша жеке заң жобасы әзірленді.
Пилоттық жоба нәтижелері осы құралдың жоғары алдын алу әлеуетін растады.
Мысалға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте оларға қатысты тексеру іс-шаралары жүзеге асырылмаған 183 қызметкер үшінші тұлғалар тарапынан келіп түскен заңсыз ұсыныстар туралы хабарлады (жоба басталғанға дейін мұндай хабарламалар келіп түспеген).
Ішкі істер органдарында қызметкерлер өз міндеттерін жауапкершілікпен атқара, өтініштерге жедел ден қоя, азаматтарға дұрыс және сыпайы жауап бере бастады, бұл сервистік модель мен клиентке бағдарлану қағидаттарына сәйкес келеді.
Пара беру әрекеттері туралы баянаттардың саны 8 есе өсті (96-дан 763-ке дейін), олардың 121-і бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
(ҚК-нің 367-бабы). Соңғы бірнеше жылда алғаш рет патрульдік полицияда сыбайлас жемқорлық деңгейі 54%-ға (84-тен 39-ға дейін), көші-қон қызметінде – 47%-ға (19-дан 10-ға дейін) төмендеді.
Осының барлығы полиция қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін арттыру үрдісін куәландырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа құралдарды озық халықаралық тәжірибе негізінде іздеу және енгізу жалғасуда.
2023 жылы халықаралық ұйымдардың бастамаларына қатысу, сондай-ақ шет елдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы алаңдарда Қазақстанның мүдделерін білдіру бойынша жұмыс жалғастырылды.
Ұлттық заңнамаға халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды, оның ішінде ГРЕКО ұсынымдарын енгізуге ерекше назар аударылды.
Агенттік 17 мүдделі мемлекеттік органмен бірлесіп, ГРЕКО бағалаудың 1 және 2-раундтарының 27 ұсынымын іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде сыбайлас жемқорлық туралы хабарлайтын адамдардың кепілдіктерін күшейту, қылмыстық кірістерді қайтару, бенефициарлық меншік иелерінің тізілімін белгілеу, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық қағидаларын және басқасын реттеу бойынша шаралар қабылданды.
Агенттік Еуропа Кеңесінің Экономикалық қылмыстар және өзара
іс-қимыл департаментімен ынтымақтастық орнатты. ГРЕКО ұсынымдарын тиімді іске асыруға және сыбайлас жемқорлықпен күрестің басқа да өзекті мәселелерін қарауға бағытталған Бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді.
Осы жоспар шеңберінде жетекші еуропалық сарапшыларды тарта отырып, Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін өңірлік сипаттағы бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Мысалға, Еуропа Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік органдары үшін ГРЕКО-ның мүше мемлекеттерінің ұсынымдарын іске асыру тәжірибесін зерделеу бойынша оқыту семинарын өткізді, сондай-ақ қаржылық тергеу және сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы күресте ведомствоаралық ынтымақтастық, бенефициарлық меншіктің айқындығының халықаралық стандарттарын зерделеу, виртуалды активтерді теріс пайдалану мәселелері бойынша семинарлар мен тренингтер өткізді.
Бұдан бөлек, ГРЕКО-ның Қазақстанға қатысты мынадай тақырыптар бойынша бағалауының 3-раунды басталды: сыбайлас жемқорлық әрекеттерді қылмыс деп тану және саяси партияларды қаржыландырудың айқындығы.
Қазақстан мен Финляндия осымен қатар, ГРЕКО-ның Чехияны бағалауының 5-раундының (Финляндия – жоғары лауазымды тұлғалардың парасаттылығы мәселесі бойынша, Қазақстан – құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі бойынша) ұсынымдарын орындауына бағалау жүргізу үшін іріктелді.
Сондай-ақ Агенттік қызметінің басым бағыты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (бұдан әрі – ЭЫДҰ), БҰҰ ЕҚБ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен (бұдан әрі – ОБСЕ) және басқа да халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау болып табылады.
Осы жұмыс шеңберінде Астана қ. (2023 жылғы қыркүйек) 24 елдің, оның ішінде ЭЫДҰ Парақорлық жөніндегі жұмыс тобына мүше елдердің өкілдерінің қатысуымен Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін, ЭЫДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің (бұдан әрі – ЭЫДҰ СЖҚЖ) Құқық қорғау органдары желісінің 13-кездесуі өтті.
Іс-шара барысында елдердің құқық қорғау органдары сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы соңғы үрдістер мен проблемалар туралы тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті.
2023 жылы ЭЫДҰ СЖҚЖ-ның сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау, тергеу және қылмыстық қудалау және тәркілеу шараларын,
сондай-ақ сыбайлас жемқорлық туралы істер бойынша санкцияларды қолдану сапасы мен тиімділігін арттыру бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобасы басталды. Бұл жоба Қазақстанның сыбайлас жемқорлық істерді тергеп жатқан құқық қорғау органдары үшін ЭЫДҰ-ның бірқатар тренингтер, семинарлар және ғылыми зерттеуін жүргізуді көздейді.
2023 жылдың соңында Қазақстанда ЭЫДҰ СЖҚЖ-ның Ыстамбұл
іс-қимыл жоспары мониторингінің 5-раунды басталды. Бағалау 9 блокты қамтиды: сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, мүдделер қақтығысы және активтер декларациясы, ақпарат берушілерді қорғау, бизнестің парасаттылығы, жария сатып алудағы парасаттылық, сот билігінің тәуелсіздігі, прокуратура органдарының тәуелсіздігі, мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы институттар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тарту.
Бағалау процесінде мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік компаниялар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар, ҰҚП және басқалары респонденттер ретінде әрекет етеді.
БҰҰ ЕҚБ-мен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс, қаржылық тергеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау және мониторинг саласында жаттықтырушыларды оқытуға және даярлауға бағытталған
іс-шаралар сериясы өткізілді.
Осылайша, Агенттік 2023 жылы 18-19 мамырда Алматы қаласында БҰҰ ЕҚБ-мен бірлесіп, «Инвестициялық жобалардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы тиісті байқампаздық пен ынтымақтастықты күшейту» тақырыбында халықаралық семинар өткізді.
«Жібек жолы» бойында орналасқан 14 елден (Албания, Армения, Әзірбайжан, Босния және Герцеговина, Грузия, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия және Черногория) 76 сарапшы қатысты.
2023 жылы 17-20 қазан аралығында Бейжің және Сиянь қалаларында (ҚХР) «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастықтың 3-форумы шеңберінде «Таза Жібек жолын» құру бастамасына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті, онда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибесі, оның ішінде Алматы қаласында өткен семинардың қорытындылары таныстырылды.
2023 жылы 3 қарашада БҰҰ-ның Орталық Азия елдеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының ережелерін жедел іске асыру жөніндегі өңірлік платформа іске қосылды. Бұл – өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен шаралар әзірлейтін тұрақты жұмыс істейтін алаң.
ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл шеңберінде Агенттік қызметкерлері үшін қаржылық тергеу, үлкен деректер және криптовалюта бойынша тренингтер өткізілді.
Францияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен 2022 жылы қол қойылған меморандум шеңберінде өзара іс-қимыл жалғасты. 2023 жылы ведомстволар басшылары деңгейінде кездесу өтті, оның барысында тараптар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласында тәжірибе алмасты.
Бұдан басқа, 2023 жылы Агенттік және Тәжікстан мен Моңғолияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволары арасында Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
2023 жылы 5 желтоқсанда Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне және БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының
20 жылдығына орайластырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті.
Форум жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес-ортаның, жұртшылық өкілдері, дипломатиялық өкілдіктер (Әзірбайжан, Вьетнам, Катар, Литва, БАӘ, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция), сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды іске асыру арқылы, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге үлес қосқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді қатысты.
2023 жылы «Аманат» зерттеу қызметтері орталығы үш нысаналы топ (халық, бизнес, студент жастар) арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті анықтау бойынша әлеуметтанулық зерттеу жүргізді (еліміздің барлық өңірінен 10 мың респондент).
Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жеке үлес қосуға дайын екенін білдірген азаматтардың үлесі 66%-ды құрады (2022 ж. – 64,9%). Азаматтардың 76,7%-ы, бизнес өкілдерінің 74,8%-ы, студент жастардың 57,64%-ы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлауға дайын екендігін растады.
Респонденттердің пікірінше, сыбайлас жемқорлық жағдайларының ең көп тараған орындары коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар (31,3%), медициналық мекемелер (25,3%), жергілікті атқарушы органдар (23,70%) және құқық қорғау органдары (22,8%) болып табылады.
Парақорлықты респонденттер туыстық, жерлестік, мүдделестік белгілері бойынша мәселелерді шешуге жәрдемдесуді және бюджет қаражатын иемденуді сыбайлас жемқорлық көріністерінің негізгі формалары ретінде белгілейді.
Азаматтардың пікірінше, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысының төмендігі (53,2%), дәстүрлер, менталитет (52,5%), шенеуніктерді бақылаудың жеткіліксіздігі (41,9%), азаматтық қоғамның дамымауы (21,3%) және халықтың құқықтық мәдениетінің төмен деңгейі (18,6%) сыбайлас жемқорлық себептері болып табылады.
Зерттеу барысында сондай-ақ азаматтар арасында сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаудың ең танымал тәсілдері анықталды (Агенттіктің аумақтық департаменттері арқылы – 60%, «e-Otinish» платформасы арқылы – 44%, 1424 Call-орталығы арқылы – 39%).
Жүйелі шаралардың арқасында Қазақстан 2023 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде (бұдан әрі – СЖТИ) 39 балл алып, 180 елдің арасында 93-орынды (СЖТИ-2022-де 36 балл және 101-орын) иеленді, бұл үздік тарихи нәтиже болып табылады. Дәл осындай нәтиже (39 балл – 93-орын) үш елде (Үндістан, Лесото, Мальдивы) бар.
«Шығыс Еуропа және Орталық Азия» өңірінің (19 ел) орташа ұпайы
35-ті құрайды. Өңірдегі көшбасшылар – Грузия (53), Армения (47), Черногория (46).
Қазақстанмен қатар Армения (47), Черногория (46), Молдова және Солтүстік Македония (42), Албания (37), Украина (36), Босния және Герцеговина (35) және Өзбекстан (33) СЖТИ көрсеткіштерін жақсартты.
Косово (41), Сербия (36), Әзірбайжан (23) рейтингті сақтап қалды. Беларусь (37), Түркия (34), Ресей (26), Қырғызстан (26), Тәжікстан (20), Түрікменстан (18) балл жоғалтты.
Орталық Азия өңірі елдерінің ішінде Қазақстан ең жоғары позицияны иеленеді.
СЖТИ композиттік индекс болып табылады – Қазақстанның рейтингін шығару үшін 9 түрлі ұйымның деректері пайдаланылады.
«Transparency International» ұйымы Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрестегі, оның ішінде құқықтық реформалар жүргізу және жымқырылған активтерді қайтару жолындағы ілгерілеуін атап өтуде. Сонымен қатар, сот жүйесінің айқындығын арттыру, сондай-ақ барынша кең демократиялық реформалар ұсынылады.
Осымен бірге, Дүниежүзілік Банктің зерттеуі Қазақстанның Сыбайлас жемқорлықты бақылау индексіндегі нәтиженің жылдық жақсарғанын көрсетті (47,1-ден 48,6 процентильге дейін).
2023 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері әлемдік деңгейде өзектілігін сақтап қалды, бұған барлық мәселе қамтылған халықаралық күн тәртібі дәлел.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолданудың жалпы мәселелері мен үрдістеріне арналған бірқатар баяндамалар мен әдістемелік материалдар («Жоғарғы экономика мектебі» Ұлттық зерттеу университетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы порталы, anticor.hse.ru) жарияланды, оның ішінде:
1) БҰҰ ЕҚБ-ның Спортшылардың жеке келісімшарты кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы баяндамасы;
2) Еуропалық комиссия дайындаған Еуропалық одақ елдеріндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы үздік тәжірибелер жинағы;
3) Еуропалық комиссияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану туралы деректер алғаш рет енгізілген «Сот төрелігін бағалау» атты жыл сайынғы баяндамасы;
4) Халықаралық құқық қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қазіргі заманғы сын-қатерлер және оларды еңсерудің ықтимал жолдары туралы баяндамасы;
5) ЭЫДҰ-ның құқық қолданушыларға арналған төтенше жағдайлардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі нұсқауы;
6) аудит органдарының сыбайлас жемқорлықпен күрестегі рөлі туралы G20 баяндамасы;
7) «Үлкен сыбайлас жемқорлықпен» және жүйелі сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау туралы және коммерциялық емес ұйымдарға қаражат бөлу кезінде контрагенттерді бағалау туралы U4 талдамалық жарияланымы[5].
Кейбір елдер сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында жалпы стратегиялық құжаттар шығарды: атап айтқанда, АҚШ-та Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық стратегияны іске асыру жоспары қабылданды.
Бірқатар мемлекеттерде мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар құрылды, атап айтқанда: Гондурастағы сыбайлас жемқорлықпен және жазасыздықпен күрес жөніндегі халықаралық комиссия; Гибралтардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес басқармасы; Грузиядағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро; Сент-Китс пен Невисте Сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыстарға тергеу жүргізуге және оларды жасағаны үшін жауапқа тартуға, сондай-ақ оларды жинауға, сақтауға хабарлаушылардан келетін хабарламаларды өңдеуге уәкілетті Арнайы прокурор басқармасы.
БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қатысушы елдердің 10-конференциясы барысында сыбайлас жемқорлықпен күрес шеңберінде есептіліктің әртүрлі формаларын ілгерілету туралы Атлант декларациясын қабылданды.
Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелері; әшкерелеушілерді қорғау; сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыс арасындағы байланыстың болуы; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында, гендерлік теңсіздікті жою мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, конференция барысында: спорттағы сыбайлас жемқорлықпен күрес; сыбайлас жемқорлықпен күресте жаңа технологияларды қолдану; сыбайлас жемқорлықпен күрес және қоршаған ортаны қорғау; халықаралық ынтымақтастық; активтерді қайтару, жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және т.с.с. тақырыптарға арналған қосымша іс-шаралар өтті.
Елдің дамуына жаһандық сын-қатерлердің әсерін барынша азайту мақсатында, Қазақстан ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі халықаралық интеграция жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауға ұмтылады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы жүргізілген ауқымды конституциялық реформа азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда әділдік пен тең құқықты қамтамасыз етуге бағытталған терең демократиялық және экономикалық қайта құрулардың негізін қалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру
2023 жылы жалғастырылды.
Стратегиялық құжатты орындау үшін, ұлттық заңнамаға негізсіз байытқаны үшін шенеуніктердің жауапкершілік институты енгізілді; сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау тетіктері кеңейтілді; Үкімет деңгейінде әртүрлі нысаналы топтар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыс ұйымдастырылды; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне комплаенс-қызметтердің жұмысын әдіснамалық үйлестіру жүктелді; бизнес-ортада айқындықты және жауапкершілікті арттыру бойынша шаралар қабылданды (Салық төлеушінің парасаттылық индексі және Бизнестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингі); сот практикасында цифрлық талдау және т.б. енгізілді.
Осымен қатар, барлық құқық қорғау органдарында (Агенттік пен ІІМ-де пилоттық сынаудың оң нәтижелері негізінде) «Integrity Check» парасаттылыққа тексеруді енгізу бойынша жеке заң жобасы әзірленді.
Мемлекеттік аппаратты одан әрі бюрократиядан арылту және цифрландыру, мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту жалғастырылды.
Жалпы, 2023 жылы қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар белгілі бір дәрежеде әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң әсер етті, бұған мынадай фактілер мысал бола алады: Алматы қаласының рекреациялық аймағына 229,1 га жерді қайтару; білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процестерін цифрландыру; процестегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою нәтижесінде бюджетке түсетін түсімдердің тоғыз есе ұлғаюы автокөлік құралдарын тіркеу; жалпы сомасы 41,4 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу құнының артуына жол бермеу; Солтүстік Қазақстан облысында 1 367 жетім баланы мемлекеттік қордан тұрғын үйге кезекке қою; жер учаскесіне құқықтарды ресімдеу кезінде құжаттарды қарау мерзімін қысқарту (1 жылдан 30 күнге дейін); білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатына, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты тергеу шеңберінде тәркіленгендерге 43 мектеп салу; мемлекеттік қызметтердің проактивті форматын кеңейту және т.б.
Пара беру уәдесін/ұсынысын қылмыс деп тануды; заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейтуді; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесіне сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізуді, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын реттеуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін одан әрі жетілдіруді, мемлекеттік органн, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым жұмыскерінің заңсызх сыйақыны қорқытып алуымен байланысты қылмыстарды анықтауды және басқа да шараларды көздейтін заң жобасы Парламентке енгізілді.
БҰҰ, ГРЕКО және ЭЫДҰ стандарттарын енгізуді; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды; сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жоюды; мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мен қоғамдық қатынастарды цифрландыруды; бюджеттік процестің айқындығын, оның ішінде цифрлық құралдарды енгізу арқылы; сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды қоса алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын сапалы іске асыру сыбайлас жемқорлықпен шешуші әрі ымырасыз күресті жалғастыру тұрғысынан Қазақстанның басым бағыттары болып табылады.
Сілтемелер тізімі:
[1] «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы дайындау, Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және оны жариялау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің» 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 154 Жарлығы
[2] «Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ЦДИАӨМ-нің 2023 жылғы 31 шілдедегі № 301/НҚ бұйрығы
[3] «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияны құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 2 сәуірдегі № 839 Жарлығы
[4] Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес
[5] U4 – тәуелсіз даму ғылыми-зерттеу институтындағы (CMI) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ресурстық орталық, Норвегия