Сайлау процесінің ерекшеліктері: Түркістанда саяси партия өкілдеріне арналған семинар өтті.
Сайлау процесінің ерекшеліктері: Түркістанда саяси партия өкілдеріне арналған семинар өтті.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен саяси партия өкілдеріне арналған «Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына партиялық тізімдерді ұсыну мен тіркеудің кейбір ерекшеліктері» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Жиынды Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Жаңабайұлы Өсербаев ашып, жүргізіп отырды. Маңызды басқосуға еліміздегі жетекші саяси партиялардың Түркістан облысы бойынша филиал өкілдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес семинар-кеңесте сайлау процесінің негізгі бағыттары бойынша үш маңызды мәселе қаралды. “ҚР Мәслихаттары депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу барысы” туралы Түркістан облысының аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Мұрат Базарқұлов баяндама жасап, сайлауды ұйымдастырудың құқықтық негіздері, дайындық кезеңдері мен бекітілген мерзімдерге сәйкес атқарылатын іс-шаралар туралы айтты. Сайлау науқаны кезеңінде саяси партиялардың сенім білдірген адамдары мен байқаушылардың жұмысын ұйымдастыру және үгіт жүргізу тәртібі де семинарда талқыланды. Түркістан облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қайратбек Мырзакелдиев сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын заңнама талаптарына сай жүргізу, сенім білдірілген тұлғалар мен байқаушылардың құқықтары мен міндеттері аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынған саяси партияларды қаржыландыру мәселелері жөнінде Түркістан облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Гүлбала Махамбетова сайлау қорын құру, қаржылай қаражатты пайдалану тәртібі және оның ашықтығын қамтамасыз ету ережелері туралы айтты. Жиын соңында қатысушылар сайлау процесінің ашық, әділ әрі заң шеңберінде өтуін қамтамасыз ету бойынша өзара пікір алмасып, қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар алды.
