Ұлытау облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков келіп, өңір тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында өңірдегі дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тарту, сондай-ақ кәсіби спортты қолдау бағыттары талқыланды.
Бүгінде Ұлытау облысында 77 мың адам, яғни өңір халқының 37%-ы дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде 15 мыңнан астамы – ауыл тұрғындары.
Жиында өңірде салынған және құрылысы жалғасып жатқан спорт нысандары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, Жезқазған қаласындағы ескек есу спортына арналған жаңа спорт кешені, Ұлытау ауылындағы жүзу бассейні, Қаражал қаласындағы жабық хоккей корты және «Намыс» балалар-жасөспірімдер спорт академиясы сөз болды.
Сонымен қатар, «Ұлытау» футбол клубын коммерцияландыру, жеке инвестицияларды тарту, мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікті төмендету және клубтың қаржылық тұрақтылығын арттыру мәселелері қаралды.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді.
Министрлік басшысы азаматтардың еліміздің жаңа өкілді органын қалыптастыруға қатысуының маңыздылығын атап өтті.
«Бүгін Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды кезең. Сайлауға қатысу - азаматтық жауапкершіліктің көрінісі әрі әр азаматтың ел болашағына өз үлесін қосу мүмкіндігі», – деді Ербол Мырзабосынов.
Дауыс беруге сондай-ақ Министрлік қызметкерлері, еліміздің түкпір-түкпіріндегі спорт және туризм саласының өкілдері келіп жатыр. Шетелде жүрген қазақстандық спортшылар, жаттықтырушылар және саланың басқа да өкілдері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған сайлау учаскелерінде өздерінің сайлау құқығын жүзеге асырады.
Бүгін спорт және туризм қауымдастығының өкілдері еліміздің барлық азаматтарымен бірге маңызды қоғамдық-саяси шараға қатысады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мирас Қалиұлы Төлебаев туризм және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің Баспасөз қызметі хабарлайды.
1986 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылғы шілде айында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ Корпоративтік даму және стратегиялық талдау департаментінің бас маманы болып бастаған. 2009 жылғы наурыз айында Экономикалық жоспарлау департаментінің бас менеджері қызметіне ауыстырылып, 2010 жылдың қаңтарына дейін осы қызметте еңбек етті.
2010 жылдың ақпанынан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс атқарды:
2010-2011 жылдары – ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Лицензиялау лицензиялаудан кейін бақылау және құқықтық қамтамасыз ету басқармасының сарапшысы.
2011-2012 жылдары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитетінің Лицензиялау лицензиялаудан кейін бақылау және құқықтық қамтамасыз ету басқармасының сарапшысы.
2012-2014 жылдары – ҚР Мұнай және газ министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі Мемлекеттік инспекциялық комитетінің Лицензиялау және заң қызметі басқармасының бас сарапшысы.
2014-2015 жылдары – Қызылорда облысының Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2015-2016 жылдары – Қызылорда облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.
2017 жылы – Елорданы тұрақты дамыту орталығы директорының орынбасары.
2017-2022 жылдары – Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті басқармасының басшысы.
2022-2023 жылдары – Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары.
2023-2025 жылдары – ҚР туризм және спорт министрінің орынбасары.
2025 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін жеке құрылымдарда басшылық қызметтерде жұмыс істеді.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, министрлік ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында министр мемлекеттік қызмет – елге қызмет етудің, жоғары жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның айқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ саланың қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуына қосатын үлесіне тоқталды.
Іс-шара аясында өз саласының дамуына елеулі үлес қосқан, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар министрлік қызметкерлері марапатталды. Оларға кәсіби қызметі мен мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді.
Ербол Мырзабосынов ұжымға адал еңбегі мен кәсібилігі үшін ризашылығын білдіріп, алдағы қызметтеріне табыс, жаңа жетістіктер және ел игілігі жолындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Наурыз мерекесін атап өту аясында Наурызнама күнтізбесіне сәйкес 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күн төл спортымызды дәріптеуге, насихаттауға және оны заманауи үрдістермен ұштастыра отырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған.
Бүгінде республика бойынша 16 555 ұлттық спорт үйірмесі жұмыс істейді. Сонымен қатар кадр даярлау бағытында 15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 17 спорт клубы қызмет атқаруда.
Сондай-ақ былтырдан бастап ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлерімен қатар басымдыққа ие болды. 2025 жылдың маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен қатар басым бағыттардың қатарына енгізілді. Бұл ұлттық спорт өкілдеріне мақсатты қаржыландыруға жол ашып, оларды жоғары жетістіктер спорты санатына енгізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда елімізде асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ сынды 11 ұлттық спорт түрі дамып келеді. Оның ішінде төртеуі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Жыл сайын елімізде «Ақбидай» ауыл спорт ойындары, «Қазақстан барысы» турнирі, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі және этноспорт бойынша түрлі фестивальдер ұйымдастырылады.
Айта кетейік, 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі аясында республика бойынша 747 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған.
Мерекелік жарыстарға шамамен 150 мың адам қатысады. Іс-шаралар барлық өңірді қамтып, ауылдық округтерден бастап аудан, қала және облыс орталықтарына дейін өткізіледі.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі республикалық референдумда дауыс беруге қатысты.
Дауыс беруге Туризм және спорт министрлігінің қызметкерлері, сондай-ақ елдегі және шетелде жүрген спорт және туризм саласының өкілдері де республикалық референдумға қатысуда.
ҚР Туризм және спорт министрлігінде жалпыұлттық коалиция өкілдерімен жаңа заң жобасын түсіндіру мақсатында жұмыс кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шарада алдағы референдумның маңызы, жаңа Ата заң жобасының негізгі бағыттары, сондай-ақ спорт саласын дамыту бойынша ұсыныстар жан-жақты талқыланды.
Кездесуге ҚР Парламенті Сенаты депутаты Евгений Больгерт, Астана қалалық мәслихатының депутаты Давид Лория, сондай-ақ коалиция өкілдері Гүлбазар Медиева, Венера Жексембекова, Шыңғыс Түсіпбаев және Мария Өтебаева қатысты.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОА бойынша “БҰҰ-Әйелдер” кеңсесі басшысы Джерен Гювен Гюреспен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ гендерлік теңдікті ілгерілету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.
Ербол Мырзабосынов Қазақстанда әйелдер мен қыздарды спортқа тартуға жүйелі түрде ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 3 жастан 65 жасқа дейінгі және одан жасы үлкен шамамен 2,7 миллион әйел спортпен шұғылданады. Бұл – елдегі әйелдердің 26,4 пайызы. Аталған көрсеткіш спорттың әйелдер мен қыздардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын, денсаулықты нығайтуға, әлеуметтік интеграцияға және көшбасшылық қасиеттерді дамытуға ықпал ететін маңызды құрал екенінің көрінісі.
Министр отандық спортшы әйелдердің Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға қосқан зор үлесін ерекше атап өтті. Қазақстан әлемдік аренада жоғары жетістікке жеткен әйел чемпиондарымен мақтанады. Олардың қатарында 1994 жылы Қазақстан атынан тұңғыш рет Олимпиадада конькимен жүгіруден өнер көрсеткен Кенжеш Сәрсекенова, қысқы Олимпиадада ел қоржынына алғашқы жүлдені салған Людмила Прокашева, дзюдодан әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегері Әбиба Әбужақынова, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Олимпиадада үш мәрте жүлде алған жеңіл атлет Ольга Рыпакова, сондай-ақ бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай бар.
Кездесу барысында туризм саласындағы әйелдердің рөліне де ерекше назар аударылды. Әйелдер саланың бет-бейнесін қалыптастырып, туристік қызметтердің сапасын қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Сондай-ақ әйелдер мәдени мұраны сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші әрі халықаралық гуманитарлық және мәдени байланыстардың дамуына ықпал етеді.
Ербол Мырзабосынов “БҰҰ-Әйелдер” кеңсесіне тұрақты даму мен тең мүмкіндіктер қағидаттарына негізделген өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Кездесу қорытындысында тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін жеткізді.
Қазақстан Республикасының жарияланған жаңа Конституция жобасы дене шынықтыру мен спорт саласын ұзақ мерзімді дамытуға, сондай-ақ ғылымға, технологияларға және адами капиталға негізделген спортшыларды даярлаудың заманауи моделін қалыптастыруға берік құқықтық негіз қалайды.
Сала үшін Ата заңда білім беруді, ғылымды және адами капиталды дамытудың басымдық ретінде бекітілуі айрықша маңызға ие. Бұл спортшыларды даярлауға ғылыми-әдістемелік тәсілдерді енгізуге, спорт медицинасын, талдауды, цифрлы шешімдерді және спорт саласындағы заманауи білім беру бағдарламаларын дамытуға жағдай жасайды.
«Ғылым мен білімнің рөлін конституциялық деңгейде бекіту бүкіл әлеуметтік саланың, соның ішінде спорттың да ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды. Біз үшін бұл нәтижеге білім, технологиялар және адами әлеуеттің тұрақты дамуы арқылы қол жеткізілетін, жүйелі әрі дәл есептелген спортшыларды даярлау моделіне көшу дегенді білдіреді», – деп атап өтті ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Құқық үстемдігі мен рәсімдердің ашықтығы – әділ спорттық ортаның негізі. Құқықтық тәртіптің конституциялық кепілдіктері саланы басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға, жосықсыз тәжірибелердің алдын алуға және мемлекеттік ресурстардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Конституция жобасында цифрландыру мемлекетті дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалып, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормалары бекітіледі. Бұл ережелер спорт саласында цифрлы қызметтер мен платформаларды дамытуға құқықтық алғышарттар жасайды.
Конституциялық реформаларды іске асыру құқықтық кеңістіктің болжамдылығын қамтамасыз етіп, спорт инфрақұрылымын жүйелі дамытуға, спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге және дене шынықтыру мен спорт саласындағы ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға негіз болады.
Астанада ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен министрліктің дене шынықтыру және спорт, туризм, ойын бизнесі және лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2025 жылғы қызметі мен 2026 жылға қойылған негізгі міндеттері жөніндегі кеңейтілген Алқа мәжілісі өтті.
Іс-шараға Қоғамдық кеңестің өкілдері, сала ардагерлері, атақты спортшылар мен құрметті жаттықтырушылар, отандық туристік бірлестіктер мен ассоциациялар, жергілікті атқарушы органдар мен ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев 2025 жылы атқарылған жетістіктер мен 2026 жылға арналған жоспарларды баяндады. Серік Жарасбаев спорт саласының елдің абыройын асқақтатып, ұлттық рухты көтеретін стратегиялық маңызына тоқталды.
«2025 жылы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар түзету енгізіліп, басқару тиімділігі арттырылды. Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды, «спорттың басым түрлері» анықталып, аккредиттелген спорт федерацияларының қызметіне жаңа талаптар енгізілді. Сонымен қатар мемлекеттік спорт ұйымдарының басшылары ротацияланып, өңірлік басқармалар KPI жүйесі бойынша бағаланады», – деді ол.
Бұқаралық спортты дамытуда 2025 жылы 8,5 млн адам жүйелі түрде спортпен айналысқан, бұл халықтың 44,5%-ын құрайды. Мақсат – 2029 жылға қарай көрсеткішті 50%-ға жеткізу. 240 мың бала 7 мыңнан астам үйірмеге тегін қатысып, жергілікті бюджеттерден 50 млрд теңге қаражат бөлінді.
2025 жылы елде 147 спорт нысаны, оның ішінде ауылдық жерлерде – 107, қалаларда – 40 спорт ғимараты пайдалануға берілді. 2026–2028 жылдарға арналған спорттық инфрақұрылымды дамытудың Жол картасы әзірленді, оған сәйкес 86 спорт нысанын салу жоспарланған.
Биылғы маңызды оқиғалар – Милан-Кортина қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпия және XIV Паралимпия ойындары. Қазақстан құрамасынан Олимпиадаға 36, Паралимпияға 7 спортшы қатысады.
Жиын барысында Серік Жарасбаев туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Министрдің орынбасарының мәліметінше, елімізде туризм тұрақты өсім байқалады.
«2025 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 6,7 млн адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 741,3 мыңға өсті. Елге келген шетелдік туристер саны 15,7 млн адамға жетіп, орналастыру орындарының табысы 268 млрд теңгені құрады. Туризмге инвестиция көлемі 1,254 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға өсті. Басым бағыттар – Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай және Маңғыстау туристік өңірлері. Бурабайда 10 шақырым веложол, 8 шолу алаңы, 4 автотұрақ пайдалануға берілді. Маңғыстауда ерекше табиғи нысандарға қолжетімділікті арттыру жоспарланған», – деді С.Жарасбаев.
Туристік өнімдердің географиясы 1 100-ден астам турға жетіп, кәсіби кадрларды оқыту және қызмет көрсету сапасын арттыру жалғасуда.
Ал Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков 2025 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігі құмар ойындар саласында азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жүргізген ауқымды заңнамалық жұмыстар мен саладағы негізгі өзгерістер туралы баяндады.
Сондай-ақ, Алқа мәжілісінде Kazakh Tourism Development ЖШС директоры Ержан Мәлікұлы Еркінбаев, Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев, «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілі Нұрғали Тұрсынғазиев баяндама жасады.