СҚО-да автомобиль маралды соғып кетті

Тамыздың 14-не қараған түні Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында «Skoda Superb» автокөлігі жол үстінде кенеттен пайда болған маралды соғып кетті.
Жол-көлік оқиғасы 00 сағат 10 минут шамасында Бескөл кенті маңындағы Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолының 44 шақырымында орын алған. Жүргізуші, 40 жасар астаналық зардап шеккен жоқ. Машинасына зақым келді, оны эвакуациялау үшін арнайы техника шақыртуға тура келді. Жануар оқиға орнында жан тапсырды.
«Осындай жағдай болып тұрады, - дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі полиция подполковнигі Ерлан Мадиев. – Жүргізушілерге әсіресе түнгі уақытта жолда қырағылық танытып, жылдамдық режимін сақтау қажеттілігін естеріңізге саламыз. Көліктің фарасының жарығынан жануарлар сасқалақтап қалады. Әсіресе, орман маңындағы жолдарда абай болу керек. Мысалы, СҚО-да Тоқшын, Асаново, Полудино ауылдарының маңындағы Челябі-Новосібір, Чириковка аулының жанындағы Петропавл-Жезқазған жолдарында сақ болған жөн».
Биылғы жылы СҚО-да жабайы жануарларды соғып кетумен байланысты екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Екі жағдайда да жолда келе жатқан көліктердің алдынан еліктер шыға келген. Сондай-ақ, полицейлер қаңғырып жүрген малдардың да автомобилистер үшін қауіп төндіретінін ескертеді.
СҚО ПД баспасөз қызметі