Қаңтар айында СҚО-да 740 шетелдік тіркелді

Солтүстік Қазақстан – Ресей Федерациясының үш облысымен іргелес жатқан шекаралас аймақ. 2023 жылғы 27 қаңтар сағат 00:00-ден кейін келген шетелдіктер Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ұмытпауы керек. Көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдік азаматтардың ел аумағында болу ережелеріндегі жаңашылдықтарды түсіндіре отырып, ақпараттық жұмыс жүргізуде.
Қазақстанға визасыз келуге рұқсат етілген басқа мемлекеттердің азаматтары біздің елімізде 30 күнге дейін бола алады. Олар «визаранды», яғни елден уақытша шығып, болу мерзімін ұзарту тәжірибесін екі рет қолдана алады. Бұрын осылай ел аумағынан шығып, мерзімді ұзарту саны шексіз болған. Енді 180 күн ішінде ҚР-да болудың уақыты әр мерзімде 90 күннен аспауы тиіс. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары Қазақстанда 90 күн үздіксіз бола алады. Осыдан кейін республика қонақтары кем дегенде келесі 90 күнге ел аумағынан кетуі керек. Осы мерзім өткеннен кейін ғана қайта келуге болады. Бұл шектеулер ҚР-да болу кезеңінде уақытша тұруға рұқсат немесе виза ресімдеген шетелдіктерге қолданылмайды.
«Көші-қон жағдайына жүргізілген талдауға сәйкес, шетелдіктердің шектеусіз болуы құқық бұзушылықтардың жасалуына, мысалы, заңсыз еңбек қызметіне жағдай туғызуға ықпал етеді, - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов. — Жаңа ережелер Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын көптеген мемлекеттердің, соның ішінде ТМД құрамына кіретін мемлекеттердің нормаларына сәйкес келтіреді».
СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының мәліметі бойынша, қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысында 740 шетелдік тіркелген, оның 612-сі Ресей Федерациясының азаматтары. Олардың ішіндегі 446 адам келудің негізгі мақсаты ретінде жұмысқа орналасуды көрсеткен.
#ҚРІІМ #МВДРК #QRIIM #MVDRK #СҚО_ПД #ДПСКО #СҚО_полицейлері #полицейские_СКО #SQOPD #SQO_PD #Polisia #Полиция #Police #Polizei #policía #polizia