СҚО полицейлері «102» қосымшасында 570-тен астам өтініш қабылдады

Ақпан айынан солтүстікқазақстандық полицейлер өтініштерді «102» омниканалдық мобильді қосымшасы арқылы қабылдай бастады. Қосымша әдеттегідей де, бейнеқоңырау арқылы да, мәтін түрінде де, дыбыстап та хабарлама жасауға мүмкіндік береді. Оның артықшылығын облысымыздың 576 тұрғыны оң бағалап отыр.
Көбіне адамдарды жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтары толғандырады. Әр бесінші хабарлама көлік құралдарының тұрағы және көліктердің тоқтау ережелерінің бұзушылықтарына қатысты. Адамдар көліктерін балалар ойнайтын алаңға, тротуарға, жолдарға қойып кететін жүргізушілерге наразы. Жолдың қарсы жолағына шығып кету, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, апаттық жағдай тудыру сияқты ЖЖЕ өрескел бұзушылықтары тағы 40 шақты өтінішке арқау болды. Сонымен қатар, түнгі уақытта тыныштықты бұзуға, азаматтардың мас күйіндегі мінез-құлықтарына шағымдар түседі. Басқа да жағдайлар орын алып жатады. Мәселен, Интернациональный көшесі бойындағы құдықты жөндеу барысында ескерту белгілері қойылмаған. Қолданушы «102» қосымшасына осы жайында хабарламамен бірге бейнефайл жолдаған. Жол жұмыстарын жүргізу ережелерін бұзған мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Азаматтардың өзіне қолайлы тәсілімен жүгінуі – жұртқа жақын полиция қағидатын іске асырудың бір бөлігі, - дейді СҚО ПД басытығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. Айта кететіні, соңғы кезде адамдар құқық бұзушылық фактілерін жария ету үшін әлеуметтік желі мүмкіндіктерін жиі пайдалануда. Анықталған жарияланымдар тексеріледі, фактілер расталған жағдайда, шаралар қабылданады. Жыл басынан полиция қызметтері әлеуметтік желілердегі 900-ге жуық хабарламаға ден қойды. Бүгінгі күні заң бұзушылардың назардан тыс қалуы мүмкін емес. Бұл - құқықтық тәртіпті нығайтуға жетелейтін маңызды тәжірибе».