Аязды демалыс күндері СҚО жолдарында жүргізушілерге полицейлердің көмегі қажет болды

Аязды демалыс күндері СҚО жолдарында жүргізушілерге полицейлердің көмегі қажет болды

Қатты аязда тас жолда жанармайсыз қалу — қауіпсіз жағдай емес. Осындай оқиға өткен демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Дәуіт ауылына жол тартқан Көкшетау қаласының тұрғынымен болды. Көліктің багындағы жанармай діттеген жерге санаулы шақырым қалғанда таусылып, «Көкшетау — Омбы» автожолының 154-шақырымында «ВАЗ-2199» автокөлігі тоқтап қалды.

Жүргізуші мен оның жұбайы суып бара жатқан көліктің ішінде шамамен жарты сағат отырды. Алайда жағдайларын сұрап, тоқтаған ешкім болмады. Тек қысқы маусымның ең аязды түнінде жолды патрульдеп жүрген полицейлер ғана көмекке келді. Тәртіп сақшылары жанармай жеткізіп, жүргізушінің жолын жалғастырғанына көз жеткізген соң өз бағыттарына қайта оралды.

Арада бірнеше шақырым өткенде полицейлердің көмегі тағы да қажет болды. Жол жолағын жауып қалған, Шымкент қаласына бидай тасымалдап бара жатқан тіркемесі бар «КамАЗ» жүк көлігі бұзылып, қозғалысты бөгеп тұрды. Полицейлер жүргізушіге қажетті қосалқы бөлшекті табуға және ауыстыруға көмектесіп, жөндеу жұмыстары кезінде жол қозғалысын реттеп, жол-көлік оқиғасының алдын алды.

Патрульдік қызметкерлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс сөздер айтылды. Полицейлер автокөлік иелеріне көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылап отыруды, суық мезгілде алыс жолға шығар алдында жылы киім мен байланыс құралдарын дайындауды, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Қызмет бағыты