СҚО-да адамдар жаппай жиналатын объектілердің терроризмге қарсы нашар қорғалуы анықталды

Ұйымдардың басшыларына терроризмге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жарты миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге тура келеді. Тексеріс барысында адамдар жаппай жиналатын объектілерде қауіпсіздік режимінің қамтамасыз етілмегені анықталды. «Адамдар жаппай жиналатын орындарда тұрғындардың қауіпсіз жүруі және демалуы мақсатында объектілердің басшылары мен иелері террористік тұрғыда осал объектілерге қатысты көзделген барлық талаптарды орындауы тиіс. Меншік түріне қарамастан, олар персонал мен келушілер үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етулері қажет», - деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция капитаны Алмас Шитқанов.
Бүгінгі таңда облыста террористік тұрғыда осал 577 объекті бар. Олардың басым бөлігі адамдар жаппай жиналатын объектілер – оқу мекемелері, ауруханалар, сауда үйлері, ойын-сауық орындары, вокзалдар.
Полиция қызметкерлері олардың техникалық жабдықталуын, хабардар ету, сигнализация жүйелерінің жұмысын, эвакуациялау жолдарының қол жетімділігін, өткізу режимінің сақталуын, сондай-ақ персоналдың дайындығын тексереді. Әрбір жұмыскер террористік қауіп туындаған кезде әрекет ету тәртібін білуі тиіс.
Жыл басынан тәртіп сақшылары 150 объектіні тексерді. Тексеріс нәтижелері бойынша 52 ұйғарым шығарылды. 4 басшыға қатысты ҚР ӘҚБтК 149-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылды.
Тексерістер көрсеткендей, аумақ бойынша камералардың жеткіліксіз санын орналастыру сияқты бұзушылықтарға жол беріліп жатады. Видео бейне бақылау жүйелерінде кемінде бір ай сақталуы тиіс, алайда, кейбір мекемелерде аталған талаптар сақталмаған. Сондай-ақ, анықталған бұзушылықтардың арасында персоналдың террористік қауіп төнген кезде әрекет ету тәртібін білмеуі де кездеседі.