Жібек Бұрбасова: қызметімен шабыттандырған полиция офицері

Жібек Бұрбасова: қызметімен шабыттандырған полиция офицері

Қазақстан полициясы күніне орай біз қызметке жүрек қалауымен келген, абыройлы мамандықтың беделін арттырып жүрген жандар туралы әңгімелейміз. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқарма басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Жібек Бұрбасова.

Ішкі істер органдарындағы қызметін Жібек Ерденқызы 2006 жылы Тайынша ауданында учаскелік инспектордың көмекшісі болып бастап, уақыт өте облыстық департамент штабының бөлім бастығына дейін көтерілді. Кейін ол көші-қон қызметіне жетекшілік лауазымға ауыстырылды. Жауапты, байсалды, әр іске мұқият қарайтын Жібек Бұрбасова өзін іскер, нәтижеге бағытталған, заманауи талаптарға сай басшы ретінде көрсете білді.

Көші-қон полициясының қызметі – тек тіркеу мен есепке алу ғана емес. Бұл – азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу, заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету, төлқұжаттар мен жеке куәліктерді рәсімдеу, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Бұл бағыттағы жұмыс өңірдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Мұндай күрделі салада кәсібилік пен сабырлылық аса маңызды. Бұл қасиеттер Жібек Ерденқызынан айқын көрінеді.

2025 жылдың ақпан айында Жібек Бұрбасова Мәскеудегі Ресей ІІМ Басқару академиясын сырттай оқу бөлімінде үздік аяқтап, кәсіби дамуының жаңа белесін бағындырды. 1929 жылы құрылған бұл беделді оқу орны – ТМД елдері ішкі істер органдары үшін басшылық кадрлар мен ғылыми қызметкерлерді даярлайтын негізгі база саналады. Екі жарым жыл ішінде стратегиялық пәндерді игеріп қана қоймай, ол оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады. Айтарлықтай еңбек оның «Ресей мен Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат: салыстырмалы-құқықтық талдау» тақырыбындағы магистрлік диссертациясын жазуға және сәтті қорғауға жұмсалды. Ғылыми еңбегіне рецензенттердің бірі ретінде СҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов қатысты. Бұл жетістік Жібек Бұрбасованың білім деңгейі ғана емес, қазақстандық полицияның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін де көрсетіп отыр.

Жібек Бұрбасова жетістіктерін жариялап, көпшілікке паш етпейді – ол жай ғана өз ісін адал атқарады. Басшылық жасайды, білім алады, үш ұлын тәрбиелеп отыр. Мұндай офицерлер – халықтың сұранысына сай, кәсіби әрі сервистік бағыттағы заманауи қазақстандық полицияның тірегі.

Қызмет бағыты