Маңғыстау облысында “Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі” тақырыбында форум өтті

Маңғыстау облысында “Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі” тақырыбында форум өтті

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2026 жылды «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жылы деп жариялау бастамасы аясында Маңғыстау облысында тақырыптық форум өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылау.

Форум жұмысына Маңғыстау облысы полиция департаментінің өкілдері, білім басқармасы, денсаулық сақтау саласының мамандары, психологиялық қолдау орталығының қызметкерлері және мектеп директорлары қатысты.

Кездесу барысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті күшейту, мектептерде құқық бұзушылықтардың психологиялық профилактикасы, жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту, балалар мен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қаралды.

Қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауларында қоғам өмірінің барлық саласында «Заң және тәртіп» қағидатын енгізу, ана мен баланы қорғау шараларын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Форум қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, жүйелі профилактикалық жұмыстарды жетілдіру және ақпараттық-түсіндіру қызметін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.