Ақтауда «Заң және тәртіп» аясында жасөспірімдер арасындағы буллинг пен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды

Ақтауда «Заң және тәртіп» аясында жасөспірімдер арасындағы буллинг пен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды

Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Б. Жүсіптің төрағалығымен «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында жасөспірімдер арасында буллинг пен суицидтің алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстар бойынша кеңейтілген жиналыс өтті.

Жиналыстың басты мақсаты – білім беру ұйымдарында жасөспірімдер арасында орын алуы мүмкін зорлық-зомбылық, қудалау (буллинг), сондай-ақ суицидтік әрекеттердің алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардың тиімділігін арттыру және осы бағыттағы жұмысты жүйелеу болды.

Кездесуге білім беру саласының басшылары, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, құқық қорғау органдарының өкілдері, денсаулық сақтау саласының мамандары және басқа да жауапты тұлғалар қатысты. Жиналыс барысында жасөспірімдер арасында буллингтің алдын алу, оны анықтау және жою бойынша мектепішілік мониторинг жүйесін күшейту мәселелері талқыланды.

Қатысушылардың айтуынша, мектептерде балаға психологиялық қолдау көрсету, оқушылар арасындағы конфликтілерді ерте кезеңде анықтау және оларды шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Сонымен қатар, ата-аналар мен педагогтардың балалармен ашық сөйлесу мәдениетін қалыптастыру, жасөспірімдердің психологиялық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді.

Жиналыста сондай-ақ суицидтің алдын алу мәселесі де кеңінен қаралды. Мектептерде психологиялық қызметтің жұмысын күшейту, дағдарыс жағдайындағы оқушыларға жедел көмек көрсету, сондай-ақ арнайы сенім телефондары мен онлайн-ресурстарға бағыттау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.

Білім бөлімінің басшысы өз сөзінде «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстардың негізгі мақсаты — жас ұрпақты құқықтық тәрбиелеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мектептегі зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісін болдырмау екенін атап өтті. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілетін іс-шаралардың тиімділігіне ерекше тоқталды.

Жиналыс қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы буллинг пен суицидтің алдын алу бағытында келесі негізгі тапсырмалар берілді:

  • Мектептерде мониторингті күшейту және буллингтің кез келген фактісін дер кезінде анықтау;

  • Психологиялық қолдау қызметін дамыту, оқушыларға психологиялық көмек көрсету жүйесін жетілдіру;

  • Педагогтар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, баланың психологиялық ахуалын бақылау;

  • Құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар жоспарын нақтылау және жүйелеу;

  • Балаларға арналған қауіпсіздік сабақтары мен тренингтер өткізу.

Аталған жиналыс барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар келесі кезеңде нақты іс-шараларға айналып, жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасын табатыны хабарланды.