Қауіпті жаяу жүргіншілер жолы

Жыл басынан бері Ақтауда көліктердің астына 20-дан астам жаяу жүргінші түсіп, әртүрлі ауырлықтағы дене жарақаттарын алған. Көбінесе жол-көлік оқиғалары жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі немесе түнгі уақытта орын алған.
Мұндай оқиғалардың бірі жақында қаланың 33-ші шағын ауданында болды. Кешкі уақытта жолды кесіп өтіп бара жатқан 13 жасар жасөспірімді көлік қағып кеткен. Жол апаты салдарынан бала дене жарақатын алып, қажетті медициналық көмек көрсету үшін емханаға жеткізілді.
Осы факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда. Құқық қорғау органдары жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтауға және жаяу жүргіншілер өткелдері, тұрғын аудандар мен көпшілік жиналатын жерлерде аса мұқият болуға кеңес береді. Ал жаяу жүргіншілерге тек белгіленген жерден жолды кесіп өту, түнгі уақытта көрінетін элементтерді пайдалану сияқты жол ережелерін қатаң сақтау ұсынылады.
Полиция барлық жол қатысушыларының жол ережелерін орындауы өмір мен қауіпсіздікті сақтаудың кепілі екенін атап өтті.