Қостанайлық полицейлер қоғамдық орындарда тиісудің 8 фактісін анықтады

Облыс аумағында өтіп жатқан "STOP трафик" жедел алдын алу іс-шарасының екі күн ішінде тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі (қоғамдық орындарда тиісу) бойынша сегіз хаттама жасады. Төрт фактіні жедел уәкілдер 10 қыркүйекте және 11 қыркүйекте анықтады. Лисаков қаласында 66 жастағы жергілікті тұрғын қайыр сұрап қаланың сауда үйлерінің бірінің жанынан өтіп бара жатқан адамдарға тиіскен. Аталған факті бойынша полицейлер әкімшілік хаттама толтырды. 11 қыркүйекте Қамысты ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері учаскелік полиция қызметкерімен бірге өтіп бара жатқан адамдардан ақша сұраған 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Осыған ұқсас фактілерді Арқалық қаласы, Қарасу, Жітіқара, Қарабалық және Меңдіқара аудандарында полиция қызметкерлері анықтады. Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері облыс орталығында жеңгетайлық фактісін анықтады. Сауналардың бірінде ҚР ҚК 309-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша (материалдық пайда алу мақсатында жеңгетайлық) 45 жастағы әйел ұсталды. Аталған факті бойынша тергеу басталды.