Қарағанды облысында өзін банк қызметкері ретінде таныстырған әйел 200 миллион теңгеге жуық алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Қарағанды облысында өзін банк қызметкері ретінде таныстырған әйел 200 миллион теңгеге жуық алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Қарағанды облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы 31 жастағы облыс тұрғынына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактілері бойынша тергеу амалдарын аяқтауда. Әйел адам бір жарым жыл бойы өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға несиені мерзімінен бұрын жабуға көмектесемін деп уәде берген. Алайда бұл ұсыныстың артында алаяқтық схема тұрғаны анықталды. Күдікті азаматтардан сенімге кіріп, оларға жалған қызмет ұсынып, сол арқылы олардың атына екінші деңгейлі банктерден бірнеше несие рәсімдеген. Бұл әрекеттердің нәтижесінде 98 эпизод бойынша алаяқтық дерегі тіркеліп, келтірілген жалпы шығын көлемі 200 миллион теңгеден асып кеткен. Жедел-тергеу тобының үйлесімді жұмысының нәтижесінде алаяқтық деректері бойынша бұлтартпас айғақтар жиналып, күдіктіге қатысты қылмыстық іс сотқа жолдануға дайындалуда. Қазіргі уақытта ол үй қамақта. Қарағанды облысының Полиция департаменті азаматтарға төмендегідей ескертулерді ұсынады: Қаржылық қызметтер бойынша ұсыныстар түскен жағдайда, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер; Өзін банк немесе өзге де қаржы ұйымдарының өкілі ретінде таныстыратын тұлғаларға күмәнмен қараңыздар; Әсіресе, алдын ала төлем талап ететін күмәнді қызметтерге сенбеңіздер;  Қандай да бір күдікті жағдайлар орын алса, бірден полицияға хабарласыңыздар. Полиция алаяқтық әрекеттердің алдын алу - азаматтардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы мен құқық қорғау органдарымен бірлесе әрекет етуінің нәтижесі екенін ескертеді.