Виртуалды ерлік — нақты жауапкершілік: Қарағандылық жүргізуші әлеуметтік желідегі бейнеролик үшін ірі айыппұл төледі

Қарағанды облысының полицейлері әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға шұғыл түрде әрекет етті. Видеода жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, көлік құралын басқара отырып өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігін қатерге тіккен жас жігіттің әрекеті бейнеленген. Жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтың жеке тұлғасы қысқа уақыт ішінде анықталды. Ол – «Geely Coolray» маркалы автокөлікті тізгіндеген 19 жастағы қарағандылық тұрғын болып шықты. Жүргізушінің жол ережесін сақтамағаны үшін оған қатысты төрт әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 118 860 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл жағдай – интернеттегі ерсі әрекеттер мен «виртуалды батырлықтың» өмірде шынайы құқықтық жауапкершілікке алып келетінін көрсететін айқын мысал. Қарағанды облысы Полиция департаменті жүргізушілерге тағы бір мәрте жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Қауіпсіздік – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Жол үстіндегі салғырттық ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыздар. Өз өміріңізді және өзгелердің өмірін қадірлеңіз – сіздерді үйде күтіп отыр!