Қарағандыда эфедрон таратпақ болған 57 жастағы әйел ұсталды

Қарағандыда эфедрон таратпақ болған 57 жастағы әйел ұсталды

Қарағанды қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде күдікті әйел ұсталды. Оны Абай ауданы Полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі қызметкерлері қолға түсірді. Оперативтік ақпаратты тексеру барысында 57 жастағы қала тұрғыны синтетикалық есірткіні жасырын тасымалдау кезінде ұсталды. Жеке тексеру кезінде оның сөмкесінен психотроптық зат – эфедрон салынған орама табылды. Сараптама нәтижесі бойынша, тәркіленген заттың салмағы 2,4 граммды құрады. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар бірнеше айғақты заттар анықталып, тәркіленді. Атап айтқанда: Ақ және қоңыр түсті ұнтақ салынған контейнерлер; Жасыл түсті өсімдік тектес зат; Сатуға дайын 14 орама синтетикалық ұнтақ; Үш зип-пакетке салынған ұнтақ тәріздес заттар; Екі ұялы телефон (есірткі курьерлерімен жазысқан хаттарымен бірге); Есеп жазбалары бар дәптер; 88 000 теңге көлеміндегі ақша қаражаты. Алынған заттарға сот-химиялық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда. Қарағанды облысы Полиция департаменті тұрғындарды заңсыз есірткі айналымымен күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады.