Қарағандыда велосипед ұрлығы ашылды: Полиция тұрғындарды қырағылыққа шақырады

Қарағанды қаласында тәртіп сақшылары велосипед ұрлығына күдіктіні анықтап, ұстады. Орталық полиция бөліміне қала тұрғыны- 40 жастағы әйел адам велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 55 мың теңгені құраған. Аталған дерек бойынша дереу жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру шаралары барысында 29 жастағы қарағандылық азамат анықталып, ұсталды. Күдіктінің қолынан жәбірленушіге тиесілі велосипед тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Тергеу барысында күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде тағы екі велосипед табылды. Қосымша тексеру нәтижесінде олардың 29 жастағы кәсіпкерге тиесілі екені анықталды. Бұған дейін кәсіпкер полицияға осы велосипедтерінің ұрланғаны жөнінде арыз жазған. Көліктер көрсетілген кезде ол оларды ерекше белгілері арқылы таныды. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қарағанды облысының полиция департаменті қала тұрғындарына үндеу жолдайды: – Қоғамдық орындарда және аулаларда велосипедтерді қараусыз қалдырмаңыздар; – Міндетті түрде бекіткіш құралдарды (құлып, трос) қолданыңыздар және арнайы велотұрақтарды пайдаланыңыздар; – Велосипед ұрланған жағдайда жедел түрде полицияға хабарласыңыздар; – Арзан бағада ұсынылған велосипедтерді сатып алудан бас тартыңыздар және күмәнді тұлғалар туралы құқық қорғау органдарына хабар беріңіздер; – Велосипед сатып аларда сатушының құжаттарын тексеріп, меншік иесі екеніне көз жеткізіңіздер. Полиция азаматтарды мүліктік қауіпсіздікті сақтауға шақырады және ұрлықтың алдын алуға бағытталған ортақ жауапкершілікке назар аударады.