Полиция бұрын сотталған ұялы телефон ұрысын ұстады

Қарағандыда Октябрь полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше ұялы телефон ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 34 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтады. Бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған азамат өз құрбандарын қарттар мен әлсіз күйдегі адамдардың арасынан әдейі таңдаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның кемінде екі ұрлық фактісіне қатысы бары дәлелденді. Алғашқы оқиға қаладағы сауда бутиктерінің бірінде орын алған. 73 жастағы зейнеткер әйел тауар таңдау кезінде телефонын сөреге қойған сәтте, ұры оны байқатпай алып кеткен. Залал көлемі - 70 мың теңге.Екінші жағдай кешкі уақытта дүкен маңындағы орындықта болған. Күдікті мас күйдегі азаматтың жағдайын пайдаланып, қалтасынан ұялы телефонын ұрлап кеткен. Нәтижесінде 55 жастағы қарағандылық тағы да 70 мың теңгеден астам шығынға батты. Қазіргі уақытта ұрланған телефондар тәркіленіп, заттай айғақ ретінде қылмыстық іске тіркелді. Тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жолданды. Қарағанды облыстық Полиция департаменті азаматтарды жеке заттарына мұқият болуға, ұялы телефон сынды бағалы бұйымдарды қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмауға шақырады.