Абай облысының тұрғыны бірнеше миллион теңгеге азаматтарды алдады

Абай облысының тұрғыны бірнеше миллион теңгеге азаматтарды алдады

Қарқаралы аудандық полиция бөліміне келіп түскен тұрғындардың арыздары алаяқтықтың ауқымды схемасын әшкереледі. Қылмыстық оқиғаға 32 жастағы Абай облысының тұрғыны күдікті ретінде танылып отыр. Ол азаматтарға жеңіл жолмен ірі көлемде несие рәсімдеуге, сондай-ақ зейнетақы жинақтарына қол жеткізуге көмектесемін деп уәде берген. Алайда бұл қызметі үшін азын-аулақ сыйақы талап етіп отырған. Тергеу барысында полицейлер 9 түрлі эпизодты біріктіріп, бір ғана қылмыстық іс қозғады. Келтірілген шығын көлемі шамамен 12 миллион теңгені құрады. Күдікті азаматтардың сенімін пайдаланып, олардың үмітін ақтамаған. Көпшіліктің қаржысын иемденген әйел артынша байланысын үзіп отырған. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторында сот шешімін күтуде. Жиналған дәлелдемелер оның қылмыстық әрекетке қатысын нақтылай түседі. Қарағанды облыстық Полиция департаменті азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Есіңізде болсын: "жеңіл олжа", "жылдам несие" немесе "зейнетақыдан ақша шешіп беремін" деген сынды ұсыныстар – көп жағдайда жалған. Қаржыңыз бен жеке деректеріңізді бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмаңыз.