Қарағандылық азамат бірнеше миллион теңгелік ұрлық үшін сот алдында жауап береді

Қарағандыда 8 миллион теңгені құрайтын ірі көлемдегі ұрлық фактісі бойынша күдікті ұсталды. Оқиға сәуір айында болған. 46 жастағы қала тұрғыны үйіне оралғанда, баспанасының тоналғанын анықтаған. Бейтаныс біреу алтын әшекейлер мен қымбат бағалы бұлғын тонды жымқырып кеткен. Келтірілген материалдық шығын- 8 миллион теңге. Жәбірленуші бірден Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне жүгініп, осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынын анықтады. Алайда ер адам бірнеше күн бұрын үйінен кетіп қалғандықтан, оның орналасқан жерін дереу анықтау мүмкін болмады. Жүргізілген кешенді іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті жалдамалы пәтерлердің бірінен табылып, ұсталды. Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындады. Ұрланған бағалы заттарды сатып үлгергені белгілі болды. Заттай айғақтар тәркіленіп, іске тіркелді. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталып, материалдар сотқа жолдануға дайындалуда.