Қарағандыда «Ломбардтық гамбит»: велосипед ұрылары қолға түсті

Қарағандыда «Ломбардтық гамбит»: велосипед ұрылары қолға түсті

Күн жылынып, Қарағанды көшелерінде велосипед тебушілердің саны артты. Алайда, бұл маусым кейбір тұрғындар үшін көңілсіз жайттармен басталды – қалада велосипед ұрлығы жиілей түсті. Әсіресе, көпқабатты үйлердің кіреберістерінде қараусыз қалған көліктер оңай олжаға айналуда. Тіпті алаяқтар сенгіш балаларды да алдап соғудан тайынбай отыр. Шілде айының басында Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ауданындағы үйлердің бірінің ауласында ер адам жасөспірімнің велосипедін алдау арқылы иемденіп кеткені туралы хабарлама Жедел басқару орталығына келіп түсті. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары 38 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жәбірленуші өз мүлкін бірден таныды. Тағы бір қылмыс бойынша Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел шаралар нәтижесінде күдіктіні «ізін суытпай» қолға түсірді. 21 жастағы Қарағанды тұрғыны алты велосипед ұрлығына қатысы барын мойындады. Тергеу барысында ұрланған көліктердің жалпы шығыны 500 мың теңгеге жуықтағаны анықталды. Ұрланған велосипедтерді күдіктілер ломбардтар арқылы сатып отырған. Қазіргі таңда тергеу-жедел тобы барлық заттай дәлелдемелерді тәркілеп, заңды рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.