Қарағандылық тұрғын пәтер ұрлығының құрбаны болды

Қарағандылық тұрғын пәтер ұрлығының құрбаны болды

Қарағанды қаласында пәтер ұрлығы фактісі тіркелді. Маусым айының бір кешінде 41 жастағы қала тұрғыны үйіне келген кезде ұялы телефоны мен әмиянындағы ақшасының жоғалғанын байқаған. Өз бетінше іздеу нәтижесіз аяқталып, жәбірленуші дереу Октябрь  полиция бөліміне жүгінді. Келтірілген материалдық шығын 980 мың теңгеге бағаланды. Оқиғаға қатысты жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, оқиға уақытына сәйкес подъезден көршілес ықшамауданның 35 жастағы тұрғыны шыққан. Тексеру кезінде аталған азамат ұрланған ұялы телефонды өз еркімен қайтарып берді. Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындады. Ол пәтердің есігі жартылай ашық тұрғанын пайдаланып, ішке кіріп, дәлізде тұрған сөмкеден телефон мен ақшаны жымқырғанын айтқан. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Қарағанды облыстық полиция департаменті азаматтарды үй-жайларының қауіпсіздігіне мұқият қарауға және бөтен адамдарға күдікпен қарауға шақырады. Есіктер мен терезелерді әрдайым жауып жүру – қарапайым сақтық шарасы, бірақ ол қылмыстың алдын алуда аса маңызды.