Қарағанды облысында Қазақстан полициясы күніне арналған шағын футболдан турнир өтті

Қарағанды облысында Қазақстан полициясы күніне арналған шағын футболдан турнир өтті. Қарағанды облысының Шахтинск қаласында облыстық Полиция департаментінің аумақтық бөліністері арасында шағын футболдан біріншілік өтті. Аталған іс-шара полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылды. Байрақты бәсекеге ала допты ұршықша иірген 16 команда қатысты. Әр команда өз бөліністерін жеңіс тұғырынан көрсету үшін жан аяп қалмады. Күн ұзаққа созылған чемпионаттың қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командасы, екінші орынды Қарағанды қаласы ПБ патрульдік полиция полкінің командасы жеңіп алса, үшінші орынды облыстық ПД оқу взводының командасы місе тұтты. Сондай-ақ, осы ойын барысында үздік ойын көрсеткен полиция қызметкерлері де бірнеше номинация бойынша марапатталды. Мәселен, осы жарыста үздік қақпашы номинациясымен оқу жаттығу взводының инспекторы Ф.Борабай, үздік шабуылшы номинациясын патрульдік полиция полкінің инспекторы А.Арғын, үздік қорғаушы номинациясымен Шахтинск қалалық полиция бөлімінің полиция қызметкері Б.Ахметов, үздік ойыншы номинациясын жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгері М.Қарғабай жеңіп алды. Жеңімпаздар «Динамо» денешынықтыру қоғамының медальдарымен, кубоктарымен және грамоталарымен марапатталды.