«Ер есімі-ел есінде!» Абай ауданында қызмет бабында қаза болған тәртіп сақшысының есімі ұлықталды

«Ер есімі-ел есінде!» Абай ауданында қызмет бабында қаза болған тәртіп сақшысының есімі ұлықталды. Қарағанды облысы, Абай қаласының Ахмет Байтұрсынов атындағы №10 мектеп-гимназиясында қызмет бабында ерлікпен қазща тапқан полиция капитаны Алданыш Тайғожиннің құрметіне арналған сынып ашылды. Полиция капитаны Алданыш Тайғожин 2003 жылдың 13-ші қыркүйегінде қызмет атқару кезінде Топар кентінде ерлікпен қаза тапты. Бір топ күдіктілерді ұстау барысында қаскөйлер тәртіп сақшысына 7 жерден пышақ салып, полиция капитаны сол жерде жан тәсілім етті. Өзінің қызметтік міндетіне адал берілген Алданыш Тайғожин қызмет атқару кезінде бірнеше қылмыстың жолын кесіп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қадағалауға үлесін қосқан аптал азамат еді. Бүгінде өмірден өткеніне 20 жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан қаза болған Алданыш Тайғожинді әріптестері әрқашан еске алып, оның отбасына көмек қолын созып келеді.
Білім ошағында ерлікпен қаза тапқан әріптесіміздің құрметіне ашылған сыныптың тұсауын кесуге марқұмның туған-туыстары, анасы Камиляш Айтумовна мен жұбайы және қызы қатысты.
Айта кету керек, Алданыш Тайғожиннің ерлігін Мемлекет басшысы да жоғары бағалап, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қаза болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медальімен марапатталған. Ерлікпен қаза тапқандарды ұлықтап, олапрдың ерлігін өскелең ұрпаққа жеткізу жолындағы іс-шаралар әлі де жалғасын табатын болады.