Қарағанды облыстық Полиция департаментінде спортшыларды марапаттау шарасы өтті.

Өткен жыл полиция департаментінде қызмет ете жүріп, спортты жанына серік еткен спортшыларымыз үшін сәтті жыл болды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің IX спартакиадасының қорытындысы бойынша полиция департаментінің командасы жалпы командалық бірінші орынға ие болды. -Жақында бізге Ішкі істер министрлігінде өткен спортшы полицейлерді марапаттау салтанатты іс-шарасына қатысу мәртебесі бұйырды. Біздің қызметкерлер республикалық спартакиадада жоғары нәтиже көрсетіп, еліміз бойынша командалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл біздің департамент үшін аса зор мақтаныш. Сіздердің спортқа деген сүйіспеншіліктеріңіз бен құлшыныстарыңыз жас полицейлерге үлкен серпін берері сөзссіз. «Динамо» дене-шынықтыру қоғамының» жетінші конференциясының қорытындысы бойынша біздерге бірінші орынның кубогы табысталды. Бұл жолда қызметпен спортты қатар алып жүрген сіздердің әрқайсыңыздың орасан зор еңбектеріңіз бар,-деді полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин спортшы қызметкерлерді марапаттау салтанатында.
Кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығы оқылып, бірінші орынның дипломы, кубок және министрліктің нышаны бар қол сағатпен «Динамо» дене-шынықтыру қоғамының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серғазы Бакмағанбетов марапатталды. «Қазақстан полициясына 30 жыл» кеуде белгісі, және облыстық Полиция департаментінің грамотасымен қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Асыл Шондыбай марапатталды. Сонымен қатар полиция департаменті бастығының бұйрығымен Ішкі істер министрлігінің ІХ спартакиадада қол жеткізген жетістіктері үшін 4 қызметкерге департаменттің грамотасы, 4 қызметкер ІІМ-нің нышаны бар қолсағатпен және 8 қызметкер алғысхатпен марапатталды. Марапатталғандардың арасында құралайды көзге атқан мерген нәзік жанды аруымыз Айсәуле Жеңісқызы. Айсәуле қарағанды қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі лауазымында қызмет атқарады. -жарысқа 2015 жылдан бастап қатысып жүрмін. Соңғы республикалық жарыста тапаншадан атудан екінші орын алдым. Бұндай жарыстарда ең бастысы өзіңді психологиялық тұрғыда дайындау. Келесі жарыстарда бірінші орын алуға дайындаламын. Бүгін жарыс қорытындысы бойынша департамент бастығының бұйрығымен ІІМ-нің нышаны бар қол сағатпен марапатталдым. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Алдағы уақытта біздерге артқан сенімді ақтаймын,-деді Айсәуле Жеңісқызы.