Қарағандылық полицейлер көлік ұрлығының ізін суытпай ашты.

1 желтоқсанда Қарағанды қаласы ПБ Орталық полиция бөліміне белгісіз біреу жанармай құю бекеттерінің бірінде автокөлікті ұрлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті. 50 жастағы жәбірленуші көлікке жанармай құю кезінде оған бейтаныс адам жақындап келіп, пышақты көрсетіп, қарсылық көрсеткен жағдайда жазалаймын деп қорқытып, құны 5 миллион теңге тұратын автокөліктің руліне отырып, оқиға орнынан бой тасалаған.Полицейлер ұрланған автокөліктің жүрген жерін тез арада Қарағанды қаласының ПБ Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы анықтады. Санаулы минут ішінде бірнеше автопатрульдер қала көшелерінің бірінде тосқауыл ұйымдастырып, 39-жастағы күдіктіні ұстады.Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы, 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.