Елордада 2,5 келіден астам есірткі тәркіленді

Елордалық полицейлер елорда аумағына есірткі заттарын жеткізіп, сататын тұрақты арнаны жойды. Полиция қызметкерлері күдікті ретінде 32 жастағы ер адамды ұстап, оның көлігін тінту кезінде бардачокта сақталған белгілі иісі бар зат салынған полиэтилен пакетін тауып, тәркілеген.
Тұрғылықты жерін тінту кезінде құрамында ерекше иісі бар ақшыл түсті зат және электронды таразы бар 76 полиэтилен пакеті табылып, алынған.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, елорда тұрғынынан тәркіленген заттар «мефедрон», «каннабис шайыры», «марихуана» есірткі заттары болып табылған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 2 келі 600 граммды құрады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Астана қаласы ПД Баспасөз қызметі