Алматы жолдарында ірі көлемде айыппұлы бар борышкер ұсталды

Алматы жолдарында ірі көлемде айыппұлы бар борышкер ұсталды

 Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесі арқылы анықтады.
«Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы полициясы мемлекеттік жалған нөмірлерді пайдаланатын, көліктерге арнайы белгі беру құрылғыларын орнатқан, көлікті мас күйінде басқарған және төленбеген айыппұлдары бар көлік жүргізушілерін анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіп жатыр. Басқаша айтқанда, қауіпті жүргізушілер. Жыл басынан бері «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» кешені қала жолдарында 4 мың 123 құқықбұзушылықты анықтады», - деді, Алматы қаласы ПД ЖПҚБ бастығы, полиция полковнигі Ержан Ұзабаев.
Патрульдік қызметкерлер жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 340 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуден жалтарған «Hyundai» маркалы көліктің иесін анықтады. Көп жағдайда, қауіпті – жүргізуші жылдамдықты бұзған. Құқық бұзушының көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
«Азаматтарға әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеуді ұсынамыз және тағы да ЖҚЕ қатаң сақтауға шақырамыз», - деді, полковник Ұзабаев.