– Астанада Қазақстан бастамашылық еткен Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) тарихындағы алғашқы өңірлік техникалық жәрдемдесу бағдарламасы - Kazakhstan Central Asia Program (KCAP) іске асырыла бастады. Бұл жоба республиканың көпжақты сауда жүйесіне қатысуының жаңа кезеңін белгілейді. Қазақстан Халықаралық техникалық көмек алушы мәртебесінен донор, сараптама экспорттаушысы және өңірлік құзыреттер орталығының рөліне ауысқанын көрсетеді.
Бағдарламаны іс жүзінде іске асыру 2026 жылдың сәуір айында Астанада өткен
ДСҰ-ның «Транспаренттілік және нотификация тетіктері» өңірлік семинарын өткізуден басталды. Бұл атаулы шара ДСҰ Хатшылығы мен Азия даму банкінің қолдауымен Қазақстан тарапы ұйымдастырды. Талқылауға Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ әлемдік сауданың жетекші халықаралық сарапшылары қатысты.
Семинар бағдарламасы өңірде сұранысқа ие нақты практикалық бағыттарға негізделді. Қатысушылар ашықтықтың жалпы тетіктерін және сауда қорғау шараларын қоса алғанда,
ДСҰ-ға нотификация беру рәсімдерін зерделеді. Сонымен қатар, сессияларда өңірлік сауда келісімдерінде ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері және сауда рәсімдерін оңайлату бойынша заманауи цифрлық бастамалар қаралды.
KCAP-тың сәтті басталуы және осындай сараптамалық кездесулерді өткізу Астанаға халықаралық сауданың өңірлік хабының мәртебесін бекітеді. Ұзақ мерзімді бағдарлама шеңберінде Қазақстан көрші елдер үшін жаһандық сауда жүйесіне жолсерік рөлін өзіне алады. Мемлекет тиімді сауда саясатын қалыптастыруға және бүкіл өңірдің бейінді ведомстволарының әлеуетін арттыруға тұрақты жәрдем көрсетуді жоспарлап отыр.
Осылайша, бұл бастаманың іске қосылуы Қазақстанның ашық және халықаралық сауда қағидаларына негізделген қағидаттарға дәйекті бейілділігін растайды. Мемлекет көпжақты сауда жүйесін нығайтуға және оны қазіргі жаһандық экономикалық шындыққа бейімдеуге белсенді қатысуды жалғастыруда.