2025 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің Электрондық және биржалық сауда департаменті Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігінің Электрондық сауда департаментінің өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Іс-шараға сондай-ақ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) Сауда басқармасының өкілдері қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Сауда министрлігі арасында ағымдағы жылы қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум аясында электрондық сауда саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Атап өтілгендей, Қазақстан бұл салада тұрақты өсімді көрсетіп келеді: 2024 жылдың қорытындысы бойынша онлайн-сатылым көлемі
3,2 трлн теңгені құрап, бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 14,1%-ды құрады.
Тараптар одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды, атап айтқанда қазақстандық ұлттық павильондарды Қытайдың онлайн-алаңдарында дамыту, электрондық сауданы ынталандыру мақсатында ШҰАА қойма инфрақұрылымын пайдалану, ҚХР-дың пилоттық аймақтарының мүмкіндіктерін зерделеу, оқытулар және Қытайда өтетін алдағы халықаралық көрмелерге Қазақстанның қатысуы мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі ашық диалогты қолдайтынын және электрондық сауда саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша қытайлық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін растады.