Алматы қаласында 1994 жылы 12 мамырда қол қойылған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы
келісімге хаттамаға (Көрсетілетін қызметтер саудасын ішкі реттеу
туралы тәртіп) қол қою туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- Қоса беріліп отырған Алматы қаласында 1994 жылы 12 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге хаттама (Көрсетілетін қызметтер саудасын ішкі реттеу туралы тәртіп) жобасы (бұдан әрі – Хаттама) мақұлдансын.
- Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа Алматы қаласында 1994 жылы 12 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге хаттамаға (Көрсетілетін қызметтер саудасын ішкі реттеу туралы тәртіп) қағидалық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
- Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2021 жылғы «_» ____
№____ қаулысымен мақұлданған
Жоба
Алматы қаласында 1994 жылы 12 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге хаттама (Көрсетілетін қызметтер саудасын ішкі реттеу туралы тәртіп)
Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі,
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы 1994 жылғы 12 мамырдағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің 12-бабын іске асыру мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қолдану саласы
1. Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптардың Көрсетілетін қызметтер саудасы жөніндегі бас келісімге (бұдан әрі «КҚСБК» деп аталады) сәйкес өзіндік нақты міндеттемелер қабылдаған секторлардағы лицензиялау талаптарына және рәсімдеріне, біліктілік талаптарына және Уағдаласушы Тараптар арасындағы қызметтер саудасының біліктілік рәсімдеріне қатысты шараларына қолданылады.
- Осы Хаттама әмбебап қызметтерге қолданылмайды.
2-бап
Анықтамалар
- Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
- «лицензиялау талаптары» қызмет көрсетуге рұқсат алу, өзгерту немесе жаңарту үшін жеке немесе заңды тұлғаның біліктілік талаптарын қоспағанда, негізгі талаптарды білдіреді;
- «лицензиялық рәсімдер» лицензиялық талаптарға сәйкестігін көрсету үшін лицензияны өзгертуді немесе ұзартуды қоса алғанда, қызмет көрсетуге рұқсат сұраған жеке немесе заңды тұлға сақтауға тиіс әкімшілік немесе рәсімдік қағидаларды білдіреді;
- «біліктілік талаптары» қызмет көрсетуді жүзеге асыруға қатысты жеке тұлғаның құзыретіне жататын маңызды талаптарды білдіреді және оны орындау қызметті жүзеге асыру үшін рұқсат алу мақсатында көрсету қажет;
- «біліктілік рәсімдері» қызмет көрсетуге рұқсат алу үшін біліктілік талаптарына сәйкестігін көрсету үшін жеке тұлғаның сақтауға тиіс әкімшілік немесе рәсімдік қағидаларды білдіреді;
- осы Хаттамада пайдаланылатын басқа терминдерді КҚСБК баяндалған, mutatis mutandis түсініктемелерге сәйкес түсіну керек.
- Осы бапта ешнәрсе Уағдаласушы Тараптың өзінің ішкі заңнамасында осындай анықтамалар бар деген тұжырым ретінде түсіндірілмейді.
3-бап
КҚСБК қатынасы
КҚСБК-нің тиісті ережелері, атап айтқанда, VІ, ІІІ, IIIbis, XIV, XIVbis баптарының (1), (2), (3) және (6) параграфтары және КҚСБК қаржылық қызмет қосымшасының «Ішкі реттеу» бабының тиісті анықтамалары осы Хаттамаға енгізілген және mutatis mutandis қолданылады.
4-бап
Мақсаттары мен жалпы ережелері
1. Ұлттық саясаттың мақсаттарына қол жеткізу үшін және КҚСБК бойынша олардың міндеттері мен міндеттемелеріне сәйкес өз мемлекеттерінің аумақтарында қызметтер ұсыну туралы жаңа қағидаларды реттеу және енгізу құқығын мойындай отырып, Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманың 1-бабында көрсетілген шаралар олардың арасында қызмет көрсету үшін қажет емес кедергілерді жасау мақсатында немесе әсері бар мақсаттарда басқарылмауын немесе қолданылмауын қамтамасыз ету жолымен қызметтер көрсету саудасын оңайлату мақсатында осы Хаттамамен келісті.
- Уағдаласушы Тараптар 1-бапта көрсетілген шаралардың:
(a) өздерінің ұлттық заңнамаларында сәйкес баяндалуын;
(b) құзыреттілік және қызмет көрсету қабілеті сияқты объективті және айқын өлшемшарттарға негізделуін;
(c) қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін қажет ауыртпалықтан артық емес, сондай-ақ
(d) олар қолданылатын қызметтерді көрсетуге қатынасы болуын қамтамасыз етеді.
5-бап
Лицензиялық талаптары
Уағдаласушы Тарап қызметті ұсыну үшін лицензиялық талаптарды ұсынған жағдайда, ол басқа Уағдаласушы Тараптың өтініш берушілері осындай талаптардың орындалуын тексеру үшін тиісті рәсімдердің болуын қамтамасыз етеді.
6-бап
Біліктілік талаптары
Егер Уағдаласушы Тарап қызметті ұсыну үшін біліктілік талаптарын қолданса, ол басқа Уағдаласушы Тараптың өтінім берушілерінің біліктілігін тексеру үшін тиісті рәсімдердің болуын қамтамасыз етеді. Өтініш берушінің біліктілігін тексеру кезінде құзыретті органдар білімінен, емтихандар мен өзге біліктілік талаптарынан басқа, өтініш берушінің тиісті кәсіби тәжірибесін тиісті түрде ескереді. Егер құзыретті органдар екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында тиісті кәсіптік бірлестіктерге немесе тізілімге мүшелігі үміткердің құзыреттілік деңгейін немесе тәжірибе дәрежесін көрсетеді деп санаса, мұндай мүшелікті де ескеру қажет.
7-бап
Лицензиялық және біліктілік рәсімдері
- Орындауға жататын талаптар мен бағалауға жататын өлшемшарттарын есепке алу қажеттілігін мойындай отырып, әрбір Уағдаласушы Тарап оның лицензиялау және біліктілік рәсімдерін, оның ішінде қолданылатын жерде ұзартуға жататындығын мүмкіндігінше қарапайымдылығын, ақылға қонымдылығын және түсініктілігін және олар қызмет көрсетуді шектеу болып табылмайтындығын қамтамасыз етеді. Әрбiр Уағдаласушы Тарап мұндай рәсiмдер лицензиялық талаптарына немесе тиісінше, қызметтер көрсету үшін бiлiктiлiк талаптарға сәйкестігін растау үшiн қажеттiгінен артық ауыртпалықтың болмауын қамтамасыз етеді.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап лицензиялау немесе біліктілік процесiнде тиiстi құзыретті органдар қолданатын рәсімдерді және олармен байланысты шешiмдер барлық үмiткерлерге қатысты бейтарап болуын қамтамасыз етедi. Лицензиялау рәсімдері жағдайында құзыретті органдар функционалды түрде тәуелсіз болуы және лицензия алу қажет көрсетілетін қызмет жеткізушінің ешқайсысына есеп бермеуі тиіс.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап іс жүзінде мүмкіндігінше өтiнiш берушiден әр өтiнiмдi лицензиялау немесе бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн қарау мақсатында бiрнеше құзыреттi органға жүгiнудi талап етпеуi тиіс.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап іс жүзінде мүмкiндiгiнше құзыреттi органдардың қағаз құжаттар сияқты дәлме-дәлдiк шарттарында электрондық форматтағы өтiнiштердi қабылдауын қамтамасыз етедi.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап өзiнiң iшкi заңнамасына сәйкес түпнұсқалық құжаттардың орнына куәландырылған көшiрмелердi қабылдайды.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап лицензия алуға өтiнiмдi беруге және қарауға байланысты алымдарды және бiлiктiлiк рәсiмдерi үшiн алынатын алымдарды тиiстi қызметке бақылауды жүзеге асырған кезде құзыреттi органдар шеккен шығыстарына өлшемдестігiн қамтамасыз етедi.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап іс жүзінде мүмкiндiгiнше өтiнiш берушiге кез келген уақытта лицензиялауға немесе оның бiлiктiлiгiн тексеруге өтінім беруге рұқсат етуі тиіс.
- Әрбір Уағдаласушы Тарап, егер қажет болса, біліктілікті тексеру үшін емтиханның жүргізілуін қамтамасыз етеді:
(a) ақылға қонымды уақыт аралығымен жоспарланған;
(b) Уағдаласушы Тараптардың осыған құқығы бар барлық үміткерлеріне ашық; сондай-ақ
(c) емтихан тапсыруға өтінім беру үшін өтінім берушілерге ақылға қонымды мерзім береді.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап, іс жүзінде мүмкiндiгiнше өтiнiмдi өңдеу үшін стандартты мерзiмдер белгiлейдi.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап құзыреттi органдардың:
(a) өтінімді негізсіз кідіріссіз өңдеуді бастауын; сондай-ақ
(b) өтiнiш берушiнiң өтiнiшi бойынша негiзсiз кiдiрiссіз өтiнiмнiң мәртебесi туралы ақпарат беруiн қамтамасыз етеді.
- Құзыретті органдар толық емес деп санайтын өтініш алғаннан кейін ақылға қонымды кезең ішінде:
- өтініш берушіге өтініштің толық еместігі туралы ақпарат береді;
- мүмкiндiгiнше іс жүзінде өтінішті толтыру үшін қажетті қосымша ақпаратты көрсетеді; сондай-ақ
(c) өтініш берушіге өтінімді толықтыруға немесе қажет болған жағдайда жаңа өтініш беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап түпкiлiктi шешiм шығарумен қоса, лицензия алуға арналған өтiнiмдi өңдеуді, толық өтiнiм берілген сәттен бастап ақылға қонымды кезең ішінде аяқталуын қамтамасыз етедi. Өтініш беруші негізсіз кідіріссіз түпкілікті шешім туралы хабардар болуы керек. Әрбiр Уағдаласушы Тарап лицензияның барлық қолданылатын талаптарды орындағаннан кейін берілетініне және берілгеннен кейін онда көрсетілген ережелер мен шарттарға сәйкес негiзсiз кiдiрiссіз күшiне енетініне кепілдік береді.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап біліктілікті тексеруге арналған өтiнiмдi өңдеу толық өтiнiм берiлген сәттен бастап ақылға қонымды уақыт кезеңi iшiнде аяқталуын қамтамасыз етедi. Қолданылатын біліктілік талаптары орындалғаннан кейін өтініш беруші дереу хабардар етілуі керек және қолданылатын біліктілік талаптарынан басқа барлық қолданылатын талаптар орындалған жағдайда қызметті көрсетуге құқылы.
- Егер құзыретті орган лицензиялау немесе біліктілікті тексеру туралы өтінішті қабылдамаса, ол:
(а) өтініш берушіге жазбаша түрде мүмкіндігінше іс жүзінде негізсіз кідіріссіз жазбаша нысанда хабарлауға тиіс;
(b) өтініш берушіге өтініш бойынша бас тартудың себептері туралы, қолдануға болатын жерде кемшіліктерді көрсетіп, ақпарат беруге тиіс;
(c) өтініш берушіні шешімді кез келген ықтимал қайта қарау немесе шағым беру мерзімдері туралы хабардар етуге; сондай-ақ
(d) лицензия саны шектеулі, соның ішінде көпшілік сауда-саттықтарда болған жағдайда, лицензиялық рәсімдері қоспағанда, өтініш берушіге ақылға қонымды мерзімде жаңа өтінім беруге рұқсат беруі тиіс.
8-бап
Транспаренттілік
- 1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап 1-бапта айтылған жалпы қолданылатын барлық шараларды, сондай-ақ осы шараларға қатысты толық ақпаратты iшкi баспа немесе электрондық құралдар арқылы дереу жариялайды. Егер жариялау іс жүзінде мүмкін болмаған жағдайларда мұндай ақпарат кез келген тәсілмен жариялануы тиіс. Бұл ақпарат мыналарды қамтуы тиіс:
(a) қолданылуы мүмкін болған жағдайда, қызмет көрсетуді ұзартуды қоса алғанда, кез келген рұқсат талап етіледі;
(b) тиісті құзыретті органдардың ресми атауы, мекенжайы және байланыс деректері;
(c) өлшемшарттар мен алымдарды қоса алғанда, қолданылатын лицензиялық талаптар мен рәсімдері;
(d) өлшемшарттар мен алымдарды қоса алғанда, қолданылатын біліктілік талаптары мен рәсімдері;
(e) лицензия алуға арналған өтінімдерге қатысты шешімдерге шағымдарды қарау немесе қайта қарау, сондай-ақ біліктілікті тексеру және бағалау үшін қолданылатын рәсімдер;
(f) лицензиялар шарттарының сақталуын бақылау мен қамтамасыз етудің және осындай шарттар мен талаптар сақталмаған жағдайда көрсетілетін қызметтерді берушілерді хабардар ету рәсімдерін қоса алғанда, біліктілік талаптарын тұрақты орындалудың қолданылатын рәсімдері;
(g) қажет болған жағдайда лицензиялау процесіне жұртшылықтың қатысуы қалай қамтамасыз етіледі, мысалы, тыңдаулар өткізу және түсініктемелер үшін мүмкіндік беру; және
(h) өтінішті өңдеу үшін қолдануға болатын белгіленген мерзім.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптың осы Хаттаманың
1-бабында баяндалған өз шараларына қатысты қызмет жеткізушілердiң сұрауларына жауап беру үшiн тиiстi тетiктерiн қолдайды немесе айқындайды.
- Әрбiр Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманы қолдану аясына жататын мәселелерге қатысты өзі қабылдауды ұсынатын заңдар мен жалпы қолдану қағидаларының алдын-ала жариялануын қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс. Әрбiр Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптың көрсетілетін қызметтерді жеткізушілеріне осындай ұсынылған заңдар мен қағидаларға түсініктеме беруге және алынған түсініктемелерді көтерілген маңызды мәселелердi ұжымдық түрде жазбаша нысанда талқылауға ақылға қонымды мүмкіндік беруге ұмтылады.
9-бап
Күшіне енуі
Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы жіберілген, осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті олардың тиісті ішкі құқықтық рәсімдерінің орындалғаны туралы растайтын жазбаша хабарламаларды алған күнінен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.
10-бап
Түзетулер
Осы Хаттамаға өзгерістер Уағдаласушы Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша енгізілуі мүмкін. Барлық өзгерістер осы Хаттаманың ажырамас бөлігі болып табылады. Кез келген өзгеріс осы Хаттаманың күшіне енуі рәсіміне сәйкес күшіне енеді.
11-бап
Қолданылуын тоқтату
- Әрбір Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тарапты дипломаттық арналар арқылы жазбаша хабардар ету арқылы осы Хаттаманың қолданылуын тоқтата алады. Осы Хаттаманың қолданылуын тоқтату хабарламаны алғаннан кейін алты ай өткен соң күшіне енеді.
- Егер өзгеше келісілмесе, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы 1994 жылғы 12 мамырдағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің күшін тоқтату, ipso facto осы Хаттаманың қолданысын тоқтатады.
Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол койған өкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол койды.
20_____ ___ ____ әрқайсысы қазақ, француз және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада ЖАСАЛДЫ, әрі барлық мәтiндер тең түпнұсқалы болып табылады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің күші басым болады.
|
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
|
Швейцарияның Федералдық
Кеңесі үшін
|