Жер қойнауының мемлекеттік қорын зерделеудің жаңа қағидалары бекітілді

Құжат ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексін іске асыру аясында әзірленіп, елдегі жер қойнауын зерттеу жұмыстарын жүйелеуге бағытталған.
Бұйрыққа сәйкес, мемлекеттік геологиялық зерттеудің камералдық кезеңі шеңберінде жер қойнауының мемлекеттік қорының жай-күйін зерделеу тәртібі бекітілді. Сонымен қатар, құжатта геология саласындағы ұлттық оператордың өкілеттіктері айқындалып, оған жұмыстарды ұйымдастыру, әдістемелік сүйемелдеу және бақылау міндеттері жүктелген.
Қағидаларда аккредиттелген ғылыми ұйымдарды тарту тетігі де қарастырылған. Атап айтқанда, конкурстық рәсімдер мен заңнамада көзделген өзге де тәсілдер арқылы ғылыми ұйымдарды қатыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ зерттеу жұмыстарының мерзімі, көлемі және нәтижелеріне қойылатын талаптар белгіленген.
Бұйрық аясында ғылыми-талдамалық және сараптамалық жұмыстарға ерекше назар аударылған. Олардың қатарына геологиялық ақпаратты талдау, ғылыми сараптама жүргізу және ұсынымдар әзірлеу кіреді.
Бұдан бөлек, зерттеу нәтижелерін рәсімдеу, ұсыну және пайдалану тәртібі де реттеледі. Жер қойнауын зерттеу барысында алынған барлық материалдар мемлекет меншігі болып саналып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде сақталатын болады.
Аталған бұйрық республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді және әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдарға алып келмейді.
Бұйрықтың толық мәтінімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/documents/details/1005664?lang=kk